Үлгілі отбасы болудың жолдары

Мұсабаевтар отбасы

Сайрам ауданы Қарасу ауылында Өмірзақ Мұсабековты білмейтін жан жоқ. Ауылдың төбе биі, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Ел оны «ағай» деп сыйлайды, құрметтейді. Бұл Өмекеңнің 40 жылдан астам уақытын педагогика саласына арнағанының арқасы. Өмірзақ ағай 50 жылдан бері жұп жазбай келе жатқан жары Гүлзамира екеуі 4 ұл, 1 қыз өсіріп, 14 немере мен 2 шөберенің ардақты атасы мен әжесі атанып отыр.

Өмірзақ атаны үйінде ұстау қиын. Үнемі ауыл халқының ұсақ-түйек шаруаларымен жүргені. Дегенмен бұл жолы біздің жолымыз болды, Өмекеңді үйінен таптық.
— Әдемі әңгімеңізді тыңдауға келдім ата,-дедім балаша бейіл танытып. Атамның мұндайда тосылмайтынын да білем ғой, мейірімге толы көздері одан сайын нұрлана түсіп, — Қарағым, жанарым да, назарым да өзіңде, кел,-дейді ұзақ болатын әңгімеге алдын ала қамданып.

— 15-мамыр, халықаралық отбасы күні. Осы айтулы күнге орай, бір мақала жазайын деп едім. Оның үстіне, кеше ғана апам екеуіңіз алтын тойларыңызды өткіздіңіздер. «Үлгілі отбасы» деген түсініктің үдесінен шығып жүр деп, көпшілік өзіңізді нұсқаған соң ат басын бұрдым,-дедім мақсатымды жасырмай.

-Жұрт солай дей ме?-дейді менің бұл сөзімді жаңалық көріп. Халық айтса, қалт айтпайды. Сондай болса сондай шығар, қызым. А-а-ал, не сұрайсың?-деп еңсесін көтеріп, назарын маған тіктеді. Біз отырған үстелге Гүлзамира апамыз дастархан жасап жүр.

Өзіңіз туралы көбірек білсем деймін, психологияға қалай келдіңіз? Қазіргі кезде бұл мамандықтың қыр-сыры белгілі, ал сіздің кезіңізде, осыдан 50-60 жыл бұрын психологтың қандай мамандық екенін білетіндер көп пе еді?

Өзіне де осы керек болып отырғандай, Өмекең жалынды жастығының сыр сандығын ашып жіберіп, әңгімені балалық шақтан бастап кетті.
-Мен Түлкібас ауданы, Иірсу деген ауылда 1937 жылы дүниеге келдім. Атамыз Мұсабек мергендігімен, іскерлігімен елге танылған кісі болатын. Сол ауданда Қотырбұлақ деген ауыл бар еді. Сондағы мешіттен сауат ашу мектебі ашылып, мен 1945 жылы бірінші сыныбына бардым. Бастауышты ылғи бестікке бітіріп шықтым. Содан осы Қарасуға көшіп келдік. Осында тұрақтадық. Оқуымды жалғастыруым үшін, мені тағы да мектепке алып келді. Ол кезде қазақ мектебі деген атымен жоқ. Бұрынғы С. Орджоникидзе атындағы орыс мектебіне бардым. Қотырбұлақта бесінші сыныпқа өтіп келгенімді қайтейін, мұнда мен екінші сыныптың оқушысы болып тағы бастауышты оқыдым. Сабақ түгелдей орыс тілінде жүреді, ал мен орысша бір сөз білмеймін. Тіл білмеген соң басқа білім қайдан қонсын. Содан қойшы,келесі жылы орысшаны түсінбек түгілі, меңгеріп алдым. Сабағымды да беске оқитын болдым. Соғыстан кейінгі жыл. Тұрмыс төмен. Елдің барлығы қауырт еңбекпен жүрді. Ол кезде сондай заң бар еді, «мектеп бітірген соң міндетті түрде екі жыл жұмыс істейді, содан соң жоғары білім алуына болады» деген. Ол екі жыл да өтіп, Алматыға оқуға түстім. Ол кезде ҚазПи дейді, сол институттың химия-биология факультетіне тапсырып, үздік бітіріп шықтым. Бірақ, ойымның барлығы да бір тылсым күштерге байланып жүретін. Бала күнімізде ауылда молда бар еді. Қарақұрт шақса да, басқа кеселге душар болса да сол молданы шақырып келсе, екі сағатта ауруынан айығып кететін. Бала санаммен ойланам ғой сонда, неге молда оқыса жазылады, неге ол оқыған дұғаны қарапайым адам оқыса жазылмайды, неге оның жақсы сөздерінен адамдар қуат алады деп. Сансыз сұрақтар санамды жейді. Содан тағы да оқуға түсіп, психологияны меңгеруге бел будым. Ол кезде Ленинград аталатын, қазіргі Санкт-Петербургте оқып, тағы да білім алдым, қызым. Сол оқуда жүріп, біраз сауалдарыма кітапханада күн-түн отырып жауап таптым. Жалпы қазақ халқының текті екендігін, дана, дара халық екендігін дәлелдеу үшін талай түн, талай күн басымды кітаптан алмадым ғой қарағым. Бірде кітап ақтарып отырып, Қытай оқымыстысының қазақтар туралы жазған дерегін тауып алдым. Былай депті : «Қазақтар-географ, ботаник, астроном, психолог. Кез келген дертті жақсы сөзбен жазады, кез келген мәселені тұжырымды оймен шешеді» Міне, осы сөздер де ізденістеріме қанат бітірді. Сөз құдіретін, адам жанын ұғыну үшін барымды салдым ғой.

Апамды қалай кезіктірдіңіз, айтып отырғаныңызға қарағанда тіпті, қыз қыдырып, жігіттік танытуға уақытыңыз болмаған сияқты ғой? Қартайса да қуаты кетпеген денесімен кеңкілдей күліп,- Апаңа үйленіп алып, содан кейін атқардым ғой бұл шаруаларды.

— Жанын ұғынып барып, үйлендіңіз бе?
— Оқып жүргенімде, жеңгелерім әке-шешеме айтады екен, «Әй, ана балаң ылғи орыстармен жүр, ертең орыс қызды қолтықтап келіп, үйленемін десе қайтеміз? Ертерек үйлендіріп, ауылға қайтарайық» деп. Содан не керек, осы апаңа бардық қой құда түсіп. Барсам тымпиып отыр бір топ жігіттің ортасында.
Осы кезде Гүлзамира апа, мырс етіп, күліп жіберді.

Жігіті несі, бір топ деп қояды ғой,- деп әжімі аз жүзінің ұшы қызарды.

-Текті жерден қыз алған қазақпыз ғой,-деп әңгімесін жалғай түсті Өмекең. Сөйлесе келе, апаңның тектілігін ұғындым бірден. Көңіл қосып, 1962 жылы тамыз айының соңында үйлендік. Құдайға шүкір, міне содан бері біргеміз. Жарымның түсінігін, еңбексүйгіштігін, кешірімді қасиетін жоғары бағалаймын. Оқу дедік, басқа дедік, өмірімнің негізі түзде өтті. Сонда ауру анама да, әкеме де қарап, ақтық сапарға арулап шығарып салды, балаларды да өзі қарап, өзі бағып, тәрбиелеп жатты. Үйдің шаруасын да дөңгелетіп әкете беретін. Кіммен жүрдің, қайда бардың, қайда болдың деген артық сауалдармен мазамды алған емес. Соның арқасы шығар шаңырағымыз шайқалмай, ауылға үлгілі отбасы болып отырғанымыз.Менің осы күнге дейін жеткен жетістігім бар болатын болса-осы апаңның арқасы. Жолыма бөгет болып, ақымақтық танытқан емес.

Ата, ауылдың төбе биісіз. Кез келген мәселеге төрелік жасап, ақылыңызды айтуыңыз керек. Осы отбасылық мәселелермен келетіндер де бар шығар?

— Зейнетке шыққан соң да біраз жұмыс жасадым ғой. Оқу үрдісіндегі түрлі қателіктер, олқылықтар жаныма бататын. Таза білім алу, оқу, құштарлық таныту дегенді студенттердің бойынан көре алмай, қарным ашатын болды. Кілең пара, бағаны сатып алушылық. Осының барлығына шыдай алмай, қолымды сілтеп үйде отыратын болдым. Содан төбе билік деген лауазымға тағайындады ауылдағы жамағат. Мойныма артылған істі абыроймен атқару үшін барымды саламын ғой әрине. Ал менен төрелік сұрап келетіндер көп. Әсіресе жас отбасылар. Болмашы нәрсеге бола ажырасамыз деп, әке-шешелерін ақ желектетіп, уайымға салып кетеді. Талай жұпты жарастырдым, талайы сөзіме құлақ та аспады. Бұл жерде психолог ретінде көмек көрсетуім керек. Психологиялық қызмет — ұсақ-түйегі жоқ, күрделі, тылсым тұлғалардың тарихи, ғылыми жүйесі. Жеке тұлғаның адамдық қасиетінің ерекшеленуі, дамуы болып табылады. Бақытты отбасын құру екі-ақ адамның қолынан келеді. Бірі – отағасы да, екіншісі – отанасы. Яғни, үйдің ері мен әйелі. Ол үшін бұл екі тұлғаның болмысы бірігіп, бүтін болуы керек. Яғни, екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын, әр ісіне адал, күнделікті тірлігіне харам зат қолданбайтын, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмал, жәрдемшілігімен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиеттері жоқ отбасы мүшелері толық отбасын құра алмайды. Жартыкеш отбасын жартыкеш ұрпақ тәрбиелейді. Өйткені, ата-ана – отбасының сәулетшілері. Бойына имани болмыс, адами тәрбие толық сіңбеген жартыкеш бала, Абай атамыз айтқандай, «не өзі адам боп жарытпайды, не саған жақсылық көрсетпейді…». Ол, ол ма, тәрбиесі кем жартыкеш бала, көршінің баласын бүлдіреді, ол екінші көршінің баласын өзгертеді, сөйтіп, бір жартыкештің кесірінен күллі ауыл өзгереді. Осындай жамандықтан қазақ аталарымыз қатты сақтанған. Айталық бұрынғылар: «Ұлың өссе ұлықтымен ауыл бол, қызың өссе қылықтымен ауыл бол» деп бекер айтпаған. Осы сөздің өзі-ақ мемлекет ұстынының негізі. Сондай-ақ тәрбиесіз, тәртібі нашар бала көрсе, өз балаларына «анаған ермеңдер» деп, қатаң ескерткен. Тұлғалық қасиеті кем отбасылардың белгісі – өздерінің шынайы болмысын ешқашан білмейді. Қияли әлемге еніп, өзін дара етіп көрсетуге құмар болады. Сондықтан да олардың ойлау жүйесінде, іс-әрекетінде, жүріс-тұрысында, жағымсыз, жасандылық мүңкіп тұрады. Ең жаманы өзінің әлсіздігін, ақылсыздығын білмейді, өмірінде кездескен қайғы-мұңға басқаны кінәлауға, орынсыз өсек-шағым айтуға бейім тұрады. Басты қателігі өмір толқындарын сана сүзгісінен өткізбей-ақ, шикі күйінде қабылдап, қателігін сұрыптамай дереу жүзеге асырып жібереді. Ал тұлғалық қасиеті толық отбасылар толқыны басылған теңіз сияқты. Олар өздерінің пенде екенін ұмытпайды. Үнемі кеміс тұстарын ,мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі жетіспейтін бір нәрселерді толықтырумен болады. Қазақ, «кемшілігін білген адам – кемел адам» деп бекер айтпаған. Қазір жастар материалдық құндылықтарға көп назар аударады. Бақытты отбасын құру үшін – қайткен күнде бай болу міндетті емес. Отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығы үзілмеуі шарт. Қазақтар дәл осы сабақтастыққа қатты мән берген. Ұлына текті, тәрбиелі жердің қыз алып берген. Шаңырақ тәрбиесін үзбеу үшін, сенімді, ұлағатты отбасының қызына ұлын бала кезінде атастырып қоятын болған. Сөйтіп, отбасылық тек-тәртіптің сақталуына қатты мән берген. Тексіз-тәрбиесіз, көргенсіз келін шаңырақтың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзатын болғандықтан, осы жайдан қатты сақтанған. Алда-жалда кейбір тәрбиесі осалдау жас келін табалдырық аттаса, емендей енелері сыртқа дымын білдірмей, өзі білетін өнегесін үйретіп, тәрбиелеп алып отырған.
Қазақ халқының ХХІ ғасырға дейін аман-есен жетуіне отбасылық тәрбиенің мол әсері болды. Әйтпесе, қазіргі бәзбір тарихшылар айтып жүргендей, батыс мәдениеті мен орыстың қол астына кіріп аман қалған емеспіз. Қазақты сақтап қалған ата-ананың, ерлі-зайыптылардың тәрбиесі. Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су құралады. Су деген өмірдің нәрі. Су лайланса, тіршілік те лайланады. Оттегі мен сутегі ажыраса одан пайда болған газ жанып кетеді. Күлі де қалмайды. Сол сияқты, отбасы ажыраса түкте қалмайды. Екі ортада бала зардап шегеді. Ал осының барлығын көрген бала ертең өзі қандай отбасын құрмақ? Осына екшелей түсіндіруге талпынамын мен, қызым. Орыс оқымыстысы Лев Толстой айтқан екен, ең бақытты адам деп, жанұяда бақытты адамды айтады. Жанұяның бақыты – ондағы адамдардың жүрек тыныштығында. Жүректердің тыныш табуы тек иманнан. Иманға бойұсындырып тұрған адамның опық жемесі анық қой.

Өмірде көріп жүрген бір жағдай, көптеген әйелдер күйеулерін «Отбасы өміріне жауапсыз қарайды. Бала-шағасын бағуды ойламайды. Жұрттың еркегі болса үйді де алып, автокөлікті де мініп, ата-анасына сыйлық та жасап, қолынан келген бар тірлігін жасап жатыр. Біздің күйеуіміз ұйқыдан бас көтермейді, ішетіні арақ, сыра», — деп зар жылап жатады ғой? Осындай еркектерді қалай тәрбиелеп алуға болады деп ойлайсыз? -дедім тақырыптан алыстамау үшін.

Ойланып отырып, «бұл рас»,-деді. — Өмірде мұндай еркектер аз емес. Қазір біраз еркек ұсақталып кетті. Ішінде отбасыға масыл болып отырғандары да көп. Алайда жас келіншектер есінде бір нәрсені ұстағаны жөн. Еркектер әйелдерге қарағанда бәрібір отбасын асыраушы, әке болу парызын өтеуге бірден қалыптасып кете алмайды. Олар бойдақ кезінде бірге жүрген үйленбеген жолдастарынан да қол үзіп кете алмай, кейде соларға қосылғысы келіп тұрады. Сол себепті әйел бастапқы кезде күйеуіне үйіп-төгіп, көп талап қоя бермеуге тиісті. Кейде еркектің отбасы үшін жауапкершілік танытпауы, яғни, жауапсыздығы әйелінің отбасы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, бәрін де өзі билеп-төстеуінен де болады. Иә, отбасындағы кез келген мәселені шешуге әйелінің белсенді түрде араласып, үстемдікті өз қолына алуы күйеуін отбасы жауапкершілігінде енжарлыққа, бейтараптылыққа әкеліп соқтырады. Еркек отбасы үшін ең басты жауапты жан екенін ұмытады. Ал мұндай еркектен жанұяға жақсылық күту қиын. Сол себепті күйеуі осындай жан болып шықса, әйелі оған түсіністікпен қарап, үмітін үзбей, оның отбасы жауапкершілігін жете сезінуіне, отбасы үшін өмір сүріп, еңбек етуіне түсіністікпен жәрдемдескені жөн. Отбасы жауапкершілігінде бала тәрбиесі басты орын алады. Қазақ отбасында ер бала әкеге тартып оқ жонады, қыз бала шешеге тартып тон пішеді. Осы ұғым санада жатталуы тиіс.
Өмірзақ атаның бұл әңгімесінен кейін расында да отбасылық құндылықтарды байыптай түседі екенсің. Сенім. Сезім. Сыйластық. Осы үшеуі барда, отбасының шаңырағы опырылып, ортаға түспесі анық. Бұдан өзге де талай тақырыптарды талқыладық. Өмекеңнің ой теңізінен өткен оралымдарды газетіміздің келесі нөмірлерінде де жариялауға тырысамыз, оқырман.