Әйгілі Вена балы Шымкентте өтті

517

Шымкентте тұңғыш рет қайырымдылық Вена балы өткізілді. Аталған іс-шараны «Даму» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Әсемдік пен әдемілікке баулитын балдан жиналған қаражат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған аналар мен балаларға арналған дағдарыс орталығын ашуға жұмсалатын болады.

30-дан астам жұп қатысқан Вена балының форматында өткен балдың құрметті қонағы елімізге танымал әнші Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының иегері  Лаки Кесоглу болса, танымал тележұлдыздар Айгүл Иманбаева мен Серік Әкішев балды жүргізіп отырды. Шымқалада алғаш рет өткізілген мәдени іс-шараға демеушілік жасап, қолдау жасағандар аз болған жоқ.

200 жылдық тарихы бар Вена балы форматындағы балл Шымкент қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. «Бұл мәдени іс-шара елді әдемілік пен әсемдікке баулиды,»- дейді шараға арнайы шақырылған ҚР халық әртісі Лаки Кесоглу.

Лаки Кесоглу, ҚР Халық әртісі: «Бұл ОҚО облысы жұртшылығы үшін үлкен жаңалық, биік мәртебе. Сондықтан да мәдени деңгейдің жоғарылап, танысмал опера әншілерінің орындауындағы классикалық шығармаларға қанығып, рухани ләззат алар мереке. Сондықтан да мұндай мерекелердің маңыздылығы да жоғары болуы керек.»

Қайырымдылықты мақсат еткен балды «Даму» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Қатысушы қыз-жігіттер арнайы кастингте іріктеліп, 5 ай бойына қызу дайындық жүргізілген.

Айгүл Елібаева, «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті: «Балды өткізіп отырған негізгі мақсатымыз-қаржы жинау. Жиналған қаражат ана мен балаға, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған жандарға қамқорлық жасайтын дағдарыс орталығын салу үшін жұмсалмақшы. Бұл бірінші бал, тек соңғысы емес. Вена балының форматында мұндай кештерді жыл сайын тұрақты түрде өткізетін боламыз».

Полонез, полька, кадриль сынды 5 бірдей би қойылымын орындаған шымкенттік дебютант жастар балдың игі мақсатының өзі адамды жігерліндіреді деп түйеді.

«Мен балға қатысып жатқаныма өте қуанышмын. Өйткені балдан жиналған қаржы қайырымды іске жұмсалайын деп жатыр. Бұл біріншіден, ал екіншіден Шымкенттің тарихында алғаш рет өткізіліп жатқан мереке мен үшін үлкен қуаныш»,-дейді дебютант Шерхан Шорабек.

Десек те Оңтүстіктің тарихында тұңғыш рет өткізілген Вена балынның форматындағы кеште жергілікті басшылық, не облыстың, не қаланың тізгінін ұстаған азаматтар төбе көрсетпеді. Қайырымдылықты көздеген игі бастаманы қолдаудың өзі де мәдениеттілік! Ал дебютанттар бұл кеште ерекше толқыныста болды. Олардың болашақта өңірімізді өзге елдерге танытатынына күмән жоқ.