Шымкент қаласы 15-шағынаудандағы С. Ерубаев атындағы № 24-ші жалпы орта мектептің жаңадан салынған ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Алайда, осы қысқа мерзімде Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген білім ордасында құрылыс барысында жіберілген кемшіліктер аз емес.
Сырттан қарағанға 1200 оқушыға шақталған мектеп замауи үлгіде салынған зәулім нысан. Алайда білім ордасының ішін араласаңыз, құрылысшылардың жұмысының сапасын бірден аңғарасыз. Қабырғадағы жарықтан келесі бөлмені көруге болады. Төбедегі және қабырғадағы материалдар қалай болса солай жапсырылған. Едендегі линолеум қазірдің өзінде көтеріліп тұр. Мектептің жертөлесіндегі арнайы элеватор іске қосылмағандықтан, білім ошағының 2 блогында қыстыгүні жылу мүлдем болмаған.
Ұлжалғас Есім, С.Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектептің директоры: «Мен өзім мектепке директор болып наурыз айында тағайындалдым. Ата-аналар мен осындағы қызметкерлердің айтуынша, мектепте жылу мардымсыз болған. Ал г, д блоктарында жылу болмағандықтан, жабылып, сабақ жүргізілмеген. Қазір біз мердігерлерге жылу жүйесінің 80 пайызын қайта жаңалау жөнінде талап қойып отырмыз».
Шарапат Атжанова, тарих пәнінің мұғалімі: «Жаңа мектепте оқып жатқанымызға қуанамыз. Бірақ құрылысшылардың сапасыз жұмысы салдарынан жылу құбырлары жарылып, сабақ өткізуге кері әсерін тигізді».
Құрылыстың сапасыз жүргізілгендігі жайлы мектеп директоры тек сала басшыларын ғана емес, Нұротандықтарды да хабардар еткен. Құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша қалалық филиалдың партиялық бақылау комитетінің өкілдері акт түзген. Қалалық құрылыс бөліміндегілер болса, мектептегі ақаулар мердігер есебінен жөнге келтіріледі деп ақталуда.
Еркін Жалданов, Шымкент қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары: «№24 мектептің құрылысын «СК Реал-строй» ЖШС-і жүргізді. Серіктестіктің мамандарымен білім ошағынд болып, құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша акт түздік. Оқу жылы аяқталысымен 25-мамырда құрылысшылар ақауларды жоюға кіріседі. Ол жұмыстар қалалық құрылыс бөлімінің бақылауында болады. Жұмыстар мердігер компанияның есебінен жүргізіледі».
Ғимараты жаңадан бой көтеріп, ауқымды жоспар құрған мектеп басшылығы оқушылардың санын жоспарланған 1200-ге жеткізуде тындырымды тірлік жасауда. Алайда, құрылысшылар уәдесінде тұрмаса, баласының қауіпсіздігін қалайтын ата-аналар білім ордасына ұл қыздарын жібермесі де анық. Сондықтан, алдағы уақыт еншісіне қалдырылған құрылыс жұмыстарын мемлекеттік комиссия қабылдауы тиіс.