Шымкентте Ғани Мұратбаев атындағы балалар пойызы жүре бастады! Алайда, 1-мамыр күні 6 рет жас жолаушыларды дендробағы мен зообаққа тасымалдаған шойын жол көлігі қайта тоқтады. Өйткені 1979 жылы салынған балалар темір жолының құрылыс жұмыстары әлі толық бітпеген.
Тәжірибелі пойыз жүргізушісі Абдурасулла Насанов балаларды пойызда тасымалдау әзірге қауіпті дейді. Өйткені жарамсыз бөлшектерді әлі қалпына келтіру керек. Солай бола тұра, іске қосылған пойыз жұмысын бұған дейін жасалған істердің нәтижесін тексердік деп түсіндіреді жүргізушілер.
Ал Тұлпар стансасының осыдан бір ай бұрынғы көрінісі мүлдем өзгеше. Бос жатқан жерде бүгінде мұнда жұмыс қыз-қыз қайнаған шақ. Қалалық бюджеттен биылға қарастырылған 42 млн теңге қаржының 30 пайызы нақты бөлініп, 15 азамат іске жұмылдырылған.
«Он бес жұмысшы азангы сагат жетиден бастап кешки сегиздерге дейн жұмыс жасайда. Отыратын орындықтар мен алаңды, жолдарды салудамыз, бетон құямыз. Бірінші маусымға дейін жұмыстарды толық бітіреміз» — дейді құрылыс учаскесінің бастығы Асан Ешімбетов.
3 гектар жерді алып жатқан Тұлпар стансасында балалар алаңшасы мен ойын атракциондары және су бұрқақтары салынады. Құрылыс жұмыстары 1 маусымда аяқталады деп жоспарланған. Десек те, балаларды қуантуға әзір үлкендер 9 мамырда да қызмет етеміз деп отыр.