28 жастағы ұсталған азаматтан 1 келіден астам марихуана есірткі заты тәркіленді. Сезіктінің айтуынша, ол осыншама шөпті көшеден тауып алған.
Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қомақты көлемдегі есірткі затын тәркіледі. Шаһардағы Греков көшесінің бойында жаяу жүргінші өзін сезікті ретінде байқатады. Оны тексеру барысында күдіктіден полиэтилен пакеттен есірткі заты табылды.
Сараптама қорытындысы оның марихуана екенін көрсеткен. Жалпы көлемі 1 келі 252 грамға тең. Ұсталған азамат Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 259-бабы есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті: «Мен үшінші мамыр күні Дулати көшесінен шөптердің арасынан пакет көріп қалдым. Қызығып қарасам пакеттің ішінде марихуана. Содан үйге алып, кетіп бар жатқан кезде мені полиция қызметкерлері ұстап алды».