Ұлы Жеңіске 67 жыл мерекесіне орай, Еңбекші аудандық әкімдігі ауданға қарасты Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне дастархан жайып, құрметтеді. Бүгінгі күні аталмыш ауданда 94 ҰОС ардагері бар. Өкініштісі сол, күн санап қатары азайып бара жатқан тұлғалардың салтанатты мерекеге тек 38-і ғана келе алды.
Қаладағы мейрамхананың бірінде бас қосқан Еңбекшілік қарттар «67 жыл бұрын Жеңіс тойын осылайша тойлаймыз деп ойлаған жоқ едік, — деп қуанады. — Өйткені, ол жылдарда көңілде үміттен гөрі күдік басым болатын», — дейді. Қазір енді кейінгі ұрпақ байқасақ, сол жылдардың куәгері тек ардагерлердің омырауын жапқан төсбелгілер ғана.
Ардагерлерді ардақтаған осы күні сұрапыл жылдар жайлы баяндап берген Әбдіһам Шілтерханов биыл бұйыртса сексеннің сегізіне шығатынын айтып, көңілімізді марқайтты. Соғыс жылдарында «28-Панфиловшылар» сапында шайқасқан ол Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллиндермен бірге Отанын қорғағанын айрықша мақтанышпен еске алады. Бірақ ол шақтардың қасіретті жылдардың шыңына балайды.
Әбдіһам ШІЛТЕРХАНОВ, ҰОС ардагері: «Соғыстың қасіретіндей қайғы ешуақытта болмаған. Соғыс деген — өлген бала, жылаған ана, өртенген үй, қанға боялған орман. Жар төсегін де көрмеген, мұрты да тебіндеп шыға қоймаған жасөспірімдердің бәрі қалып кетті ғой майдан даласында. Кейінгі ұрпақ мұндай қиындықты көрмесін де, білмесін де деп тілеймін мен Құдайдан. Және бүгінгі күнге шүкірлік айтамын».
Еңбекші аудандық әкімшілігі ұйымдастырған осы шараға ауданға қарасты 3 кәсіпкер мекеме демеушілік етті. Салтанатты дастарханға өз аяғымен жүріп келе алған 38 соғыс ардагеріне берілген гүл шоқтары мен 10 мың теңге сыйақыны да осы демеушілер көтерді. Ал мұнда келе алмаған 56 ардагер қартты ұйымдастырушылар үйлеріне барып құттықтаймыз деп отыр.
Аудандық әкімдіктің өкілдері соғыс жылдарында тылда еңбек еткен қарияларымыз да назардан тыс қалмайды деп сендірді. 5 мамыр күні Еңбекші аудандық әкімдігі соғыс және тыл ардагерлерінің басын қосып, мерекелік шара өткізетін болып шешіпті.