Жеңіс мерекесі қарсаңында Отырар телеарнасының және Рабат, Оңтүстік Рабат газетінің журналистері жылдағы дәстүр бойынша батырлар мазаратында сенбілік жұмысын ұйымдастырды. «Батырлар картасы» атанып кеткен мазараттағы тазалық акциясын журналистерден кейін Еңбекші аудандық әкімдігі жалғастыра кетті.
Үйілген қоқысты тазалап, батырларға құрмет көрсетуді тілшілер өз міндетіне санап, тазалық жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Шымкенттегі госпитальде қаза болған жауынгерлер жерленген бұл жерге жалғыз ардагерлер ғана емес, қарапайым тұрғындар да көптеп келеді, 9-мамырда. Сол себепті де бәрі тиянақты таза болу қажет.
Фарида Шарафутдинова, «Рабат» газетінің бас редакторы:» Мұндай акция керек-ақ. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлерге мәңгілік тағзым етеміз. Олардың тас мүсіндерін таза ұстауды келесі ұрпаққа үйретуіміз керек».
Телекомпаниядағы жас журналистердің басым бөлігі батырлар мазаратына алғаш рет келіпті. Солардың бірі Азиз Уткельбаев. Ол мұнда соғыс отында жанын пида етіп, жеңіс үшін жанын салған батырлардың жерленгенін енді хабардар болған.
Азиз Уткельбаев, журналист:«Мұнда жерленген батырлардың басым бөлігі соғыс кезінде бізбен қатарлас болған. Жиырма жасында ерлік жасап, елі үшін отқа түскен. Мен бейбіт өмірде дүниге келдім, осы аталарымыздың арқасында соғыс дегенді білмедім. Сол үшін құрмет көрсетуге міндеттім».
Отырарлықтардың игі бастамасын «Мәңгілікте жадымызда» ұранымен Еңбекші аудандық әкімдігі мен жас экологтар жалғастырды. Мұндағы мақсат жастар бойына патриоттық рухты қалыптастыру. Соғыс жылдарындағы әуенмен санаулы уақыт ішінде 53 жауынгердің жатқан зиратын тазалап шықты.
Досалы Амангелдиев,Еңбекші аудан әкімінің орынбасары:«Келе жатқан мереке қарсаңында жастарды осында әкеліп қана қоймай, жерленген жауынгерлерге құрмет көрсетіп, зияратын тазаладық. Жер жастанған батырларды еске алдық. Бізбен бірге келген жас экологтар мазаратқа отырғызылған ағаштарды арам шөптерден тазалап, жасыл желекті ретке келтірді».
Адамзат жүрегіне жазылмас жара салған соғыстың зұлматты күндерінің басты кейіпкерлеріне деген құрметіміз толастамасын. Ерлікке тағзым жалғаса бермек.