«Ортырар» телеарнасындағы күн сайын тікелей эфирде сағат 10: 30 да көрерменімен қауышатын «Жаңа күн» сазды-ақпараттық бағдарламасында қоғамның түрлі саланың өкілдері мен елімізге, Оңтүстікке еңбегі сіңген азаматтар қонақта болып, көрермендермен сыр-сұхбатқа қатысады.
Бүгінгі қонақжай студиямыздың қадірлі қонағы, ҚР Ішкі істер саласына еңбегі сіңген ардагер, жазушы, генерал Құлахмет Халменов болды. Таяуда ғана генерал Халменовтың «Баукеңнің шарапаттары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткен болатын.
Генерал-майор Халменов Құлахмет Дүйсенбекұлы 86 жаста. Осыған орай Облыстық ішкі істер департаментінде салтанатты іс шара өткізілген болатын. Еліміздің құқық қорғау саласында салмақты үлесі бар, темірдей тәртіп пен жауапкершілікті еңбек жолында ту еткен ардагердің өмір жолы кейінгіге үлгі.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданының түлегі Құлахмет ДүйсенбекұлыАлматы, Жамбыл, ОҚО-да ішкі істер саласын басқарған. Жоғары санатты маман жасынан еңбек жолында жарқырап көрініп, қызмет баспалдақтарымен қиын да күрделі жүкті жеңе білді. Табандылық пен тәртіпті серік еткен жас тәртіп сақшысы 44 жасында-ақ генерал шенін алған.
Оңтүстік Қазақстан облысында 1967 жылдан 1980 жылға дейін ішкі істер саласын басқарған. Сол жылдары тәртіп сақшыларының еңбек сапасын ғана қадағалап қоймай, ішкі істер қызметкерлеріне жемісті жұмыс жасау үшін барынша жағдай жасауға тырысқан. Мәселен, қарамағындағыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, т.с.с. Шымкенттегі ішкі істер қызметкерлерін дайындайтын мектепте 1987 жылға дейін қызмет атқарған. Халменов Құлахмет Дүйсенбекұлы Қызылорда облысы Шиелі ауданының, Шымкент қаласының құрметті азаматы.
Құлахмет Халменов еңбек жолын 16 жасында Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында бастаған жан. 1945 жылдан бастап 1987 жылға дейін ішкі істер органдарында елеулі еңбек атқарған. БҮгінде қаламгер “Өмір белестері”, “Құныққан қасқырлар”, “Тәртіптің мәңгілік сақшылары”, “Замана тынысы”, “Комиссар жазбалары”, “Воспоминания генерала милиции” сынды кітаптардың авторы болып үлгерген. Айта кетейік, бұл автордың жарық көрген 7-ші кітабы.
«Мен өзім презентация дегенді дұрыс көрмейтін едім. Өзімнің кітаптарымның ешқайсысына тұсаукесер жасамаппын. Бұл жолғы кітап қазақтың біртуар ұлы Баукең нақылдары болғандықтан жасамасқа болмас дедім»-дейді автор.
Әрбір ісі мен сөзі жастарды Отансүйгіштікке, ерлікке, рхани мықты болуға үндейтін генералдың бүгінгіге берері мол. Тікелей эфирде 20 минут жүрген сұхбат барысында «Отырар» ТА-ның көрермендері генералдан «Ұл-қызыңыздың арасында өзіңіздің жолыңызды қуғаны бар ма?, Дәл Баукең шарапатын неліктен қаламыңызға серік еттіңіз?» деген сықылды сауалдар қойып, құқық қорғау саласының ардагеріне алғыстарын жаудырды.
Генерал Қ.Д. Халменов көрермендерге білдірген тілегінде: » Мен қызметке араласып, жұмыс атқарған жылдарда адамдарда АР-ОЖДАН деген бар еді?! Мен де баршаға АР-ОЖДАННАН алыстамайық»-деп нықтап айтты.