Интернетті қазақша сөйлетейік

Үйрен, қазақ!

Жақында халықаралық Internews агенттігінің қазақстандық өкілдігі Алматыда «Әлеуметтік желілерді журналистік практикада қолдану» тақырыбында тренинг ұйымдастырды. Еліміздің әр облысынан келген 15 журналистке әлеуметтік желіде жұмыс істеудің тиімділігі мен жетістігі жайында «Internews-Қазақстан» агенттігінің атқарушы директоры Маржан Елшібаева, тренер Назгүл Қожабекова және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратуда белсенділік танытып жүрген қоғам қайраткері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов практикалық сабақтар өткізді.

Орайы келген осы кездесуде Мұрат Әбеновтен жалпы әлеуметттік желі жайындағы пікірін сұраған едік.

Мұрат Абдуламитұлы, бүгінгі күн интернет заманы екенін жақсы білеміз. Ақпаратқа ие азаматтың жарты әлемді билейтінін де түсінгендейміз. Дегенмен, ауылдағы ағайын «агенті құрысын, бала-шаға агенттен айрылмайтын заман болды» деп жүргенде, сіздің қазақ баласын әлеуметтік желінің құлағында ойнауға шақыруыңызға не себеп?

— Интернет ресурстарына біржақты қарауға болмайды. Оның тиімді тұсын пайдалануға, қолдануға тиістіміз. Заман ағымы көрсетіп отырғандай, ғаламторсыз, ондағы әлеуметтік желілерсіз қоғамдық пікір қалыптастырмау, қажетті ақпараттарға ие болмау мүмкін емес. Бірақ, әр нәрсенің шегі барын ұмытпаған жөн. Шекарадан шығып кетсең әрине, пайдасынан гөрі зияны тиетіні, кез-келген нәрсенің шегінен шыққанда зардап шегетінін рас қой. Сол сияқты әлеуметтік желіде де шектен шықпауға тырысқан жөн.

Мені алаңдататыны әлеуметтік желілердегі қазақтілді ақпараттардың аздығы. Мемлекеттік тілдегі интернет ресурстарын арттыруымыз керек. Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында қандай ауру түрлеріне дәрілер тегін берілетіндігі туралы ақпаратты көзім шалды. Тек орысша жазып қойыпты. Сонда не, қазақ ауырмай ма? Қазаққа тегін дәрі керек емес пе? Бұларыңыз қалай десем, сайтқа, интернетке кіретіндердің көпшілігі орыстілділер ғой дегенді айтады. Бірақ, менің министрдің блогына жазған сауалымнан кейін қазақша тізімі лінді. Көрдіңіз бе, біз өзіміз, қазақтілді ақпаратшылар белсенді болмасақ, біз үшін ешкім де мұны жасап бермейді.

Мұны әсіресе, ақпарат жасаушы, журналистер қауымы меңгеруге тиісті. Әлеуметтік желінің бір тиімділігі — орта қалыптастырасын, сол арқылы пікір қалыптастыруға болады. Ақпараттар ағыны бір сәтке де толастамауы журналистер үшін өте пайдалы болмақ. Ақпарат беру арқылы журналистерге танымал болудың да жолы ашылып тұр.

-Парламентте талқыға түскен кейбір заң жобаларын Сіз осы әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарына ұсынып, пікір жинап отыратыныңызды білеміз. Мысалы, әйелдердің зейнет жасын ер азаматтардыкімен теңестіру мәселесінде сіз әлеуметтік желі арқылы «Осы заң жобасын жазған азамат өз анасының көзіне тіке қарай алар ма екен…» деп, өз ойыңызды жазып қалдырғаныңыз бар. Осыдан кейін…

-Ия, осыдан кейін жан-жақтан өз ойларын, көзқарастарын білдірген азаматтар көп болды. Бірі қолдады, енді бірі солай етудің қаншалықты керектігін түсіндіріп бақты. Осының өзі-ақ қоғам өз көзқарасын білдіруде белсенділік таныта бастағанын байқатты. Сол сияқты, өзге де заң жобаларын талқылау барысында мен әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің пікірін біліп отырамын.

Мысалы мен ел аралағанда көп болса 3 мың адаммен кездесіп, пікірлесе алуым мүмкін. Ал, әлеуметтік желіде, бір ғана Feecbuk-те 4500 оқырманым бар. Жалпы алғанда әлеуметтік желі арқылы менің ойымды, ақпаратымды 10 мың адам оқи алады. Сонда қайсысы тиімді?!

Сіз жазған ақпараттарды тексеріп, Үкімет тарапынан нәтиже шығарған кездері болды ма?

-Болды. Кейбір мәселелерді әлеуметтік желіге жазып қалдырып,сұрау салғанымда Үкімет, жергілікті билік тарапынан сол мәселенің мән-жайын тексеріп, шешім шығарғанын хабарлаған кездер аз емес.

— Айтыңызшы, Парламент депутаттарының қанша пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады?

-Әзірге 5 %-ы ғана. Бірақ, ең алдымен бұл желілерде жұмыс істеу журналистер үшін керектігін тағы да атап өткім келеді. Ал, өзін халықтан бөліп-жарып қарамайтын, жариялылықты қалайтын кез-келген қоғам қайраткері, саясаткер, үкімет мүшесі әлеуметтік желіде жұмыс істеуге тиісті екендігін де жоққа шығармаймын.

— Жақында Көлік және коммуникация министрлігі «шенеуніктердің «мой мирда» отыруына тиым саламыз» деп ақпарат таратты. Сонда…

-Не сұрамақ болып отырғаныңызды түсіндім. Мен бұл ұсынысқа қарсы болдым. Онсыз да кабинетінен шықпайтын, қарапайым халықпен сирек кездесетін шенеуніктер енді тіпті алыстайды елден. Бұлай етуге болмайды. Ел қайта электронды үкіметтің тиімділігін білуі, кез-келген шенеунікке әлеуметтік желі арқылы хабарласып, байланыса алуы керек.

— Қарапайым халыққа тиімділігін сезініп те үлгергендейсіз…

-Әрине, сонау ауылдан, қиырдағы ауданнан өтінішін, мұң-мұқтажын айту үшін Астанаға арқаланып жететін ағайын көп. Ол азаматтар іздеп келген депутат, шенеунік орнында болса жақсы. Іссапарлатып, немесе ұзақ жиналыста болса қайтпек. Салы суға кетіп, кері қайтуына тура келеді. Міне, осы тұста іздеген адамыңыздың әлеуметтік желідегі поштасына өтініш, арызыңызды қалдырған өте тиімді. Жауапты да сол арқылы ала аласыз. Бұл артынып-тартынып, Астанаға барып қайтудан әлдеқайда оңай, әрі тиімді емес пе?

-Сіз өзіңіз қай желіде көбірек отырасыз?

-Мен Feecbuk-те жиі отырамын. Ақпаратты сол жақтан алып, өзім туралы ақпаратты сол жақта қалдырып жатамын.

— Дегенмен, айтыңызшы, «жастармен кездескен сайын өзіме бір жаңалық ашамын» деп қалдыңыз. Алматыда өткен семинар-тренингте өзіңізге қандай жаңалық аштыңыз?

-Ол өскемендік әріптесіңіз Дарын Нұрсапаров болып отыр. Көріп отырсыз, тренин барысында twitter-ге тіркеле салысымен, ол өз ойын өлеңмен өрнектеп салуда.

«Сөзің жетсін десеңіз биіктерге,

Тіркеліндер деп жатыр туиттерге.

Әлеуметтік желімен әдемілеп,

Туит жазып қояйын сүйікті елге»,-деп жазды алғашқы ойын Дарын. Осылай кете беретін болса, twitter-дегі өз ойын өлең сөзбен өрнектеген ең алғашқы қазақ Дарын болып қалары сөзсіз. Ең бастысы, әлеуметтік желілердегі қазақ тілін дамытуға, қазақша ақпараттар кеңістігін кеңейтуге тиістіміз. Оны Сіз бен біз жасамасақ, қазақ үшін өзге ұлт келіп, тіліміздің көсегесін көгертіп бермейді.

— Әңгімеңізге рахмет.Әлеуметтік желіде жолығайық!

Артық болмас білгенің…

Бүкіләлемдік «Википедия» сайтында 278 тілде жазылған 17 млн. 493 мың 205 мақала бар.Оның…

3 512 175-і – ағылшынша

1 165 908-і – немісше

1 048 143-і – французша

760 795-і – полякша

758 005-і – итальянша

640 191-і — орыс тілінде

250 593-і — украинша

153 184-і – түрікше

123 717-і – литва тілінде

80 727-і – эстонша,

47 408-і – әзірбайджанша

31 539-ы – латыш тілінде

25 838-і – беларусь тілінде

9 139-ы — тәжікше

8 000-ы – татарша

7 514-і – өзбекше

6 759-і – қазақша

4 262-і – түркіменше

1 312 -і– қырғызша

1 024-і – башқұртша

427-сі — қарақалпақша жазылған екен.