Қазақ даласында ұйымдастырылған ашаршылықққа биыл 80 жыл толып отыр. Сталиндік саяси қуғын-сүргінге 75 жыл. Осынау зұлматты жылдарды мәңгі есте сақтау, зорлық-зомбылық, қуғын-сүргін көргендерді құрметтеу мақсатында биыл Қазақстанда мамырдың 31-і Қаралы күн болып жарияланып отыр.
Кеңес режимі өз қоластындағы халықтарға тек қана ату, асу, қуғындау, зорлықпен жер аудару сияқты амалдармен ғана зобалаң тудырып қойған жоқ. Сонымен бірге қолдан жасалған аштықтың салдарынан да талай қырғын жасалды.Әсіресе, Қазақстанда аштық екі кезеңнен тұрды. Оның бірінші кезеңі 1919-1922 жылдары орын алса, екінші кезең 30-шы жылдардан кейін тікелей Голощекиннің тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың көп болмауына байланысты большевиктер қазақтың малын тәркілеп алуды басты мақсат етіп қойды. 1919-1922 жылдардағы аштық негізінен алғанда Қазақстанның оңтүстік облыстарын шарпыды.
20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың басындағы Қазақстанда кеңес үкіметі қазақтардың мал шаруашылығы көшіп-қону жағдайында жүргізілгендіктен үкіметке малшыларды бақылап қолында ұстап тұру қиын болатын. Сол себептен де қазақтардың көшіп-қону өмірін тоқтатып, жерге байлауға шешім қабылданды. Осы мақсатта қазақтардың малы тартылып алынып, қазақтар «отырықшыландыру нүктелеріне», колхоз ұйымдастырылып жатқан жерлерге қоныстандырылды. Ал бір жерге айдап жиналған мал саны көп болғандықтан, олар сол жердің шөбін тез жеп қоятын. Сондай-ақ оларды жаппай сойып тастауға мәжбүр болды. 1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40 млн бас малдың оннан бірі ғана қалды.
Сол зұлмат жылдар туралы жазылған Роберт Конквестің «Жатва скорби» деген кітабында Голощекиннің жасырын нұсқауы негізінде қазақтарға мүлдем дәрігерлік көмек көрсетілмеуі тиіс болғаны да айтылған. Ашаршылық алқымнан алған тұста ажал құшқан жандардың көбі көмусіз қалған. Себебі оны молаға апарып, жер қазып көметін елдің шамасы, қауқары болмаған. Сол себепті мүрделер сасып-шіріп, жұқпалы аурулар таралып, ел эпидемия ошағына айналған.
Ашаршылыққа куә болған азаматтардың айтуынша, ауыл бойынша ешкімнің үйінде мал да, бидай, тары сияқты дәнді дақылдар да атымен жоқ. Сонда ауыл іргесіне мақта егіледі. Аштықтан көздері шүңірейген адамдар мақта шабыққа баруға дәрмені құрып, әзер барады. Мақта шабыққа аштықтан қажыған ауыл тұрғындары келмей қалмас үшін мақталықтың басында ашытылған қамырды жұмысқа барғандарға жұлып-жұлып бөліп береді екен. Оны түнде үйге келген соң шала-шарпы пісіріп, ұлардай шулаған балаларына бөліп береді. Жұмысқа бармағандар бір жұлым қамырдан қағылады. Сондықтан жұмыстан қалмауға тырысады.
Осындай құқайдың талайын көріп, тағдыр тезінен өткен қазақ бүгінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап отыр. Бір кездері қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың салдарынан көрген зардаптарды бүгінгі ұрпақ көріп-білмегенімен, оны тарих бетіндегі қанды жазбалар жыл өткен сайын жаңғырықтандырары анық. Себебі қырық жыл қырғында «мың өліп, мың тірілген» қазақтың рухын ешкім өлтіре алмасы анық.
-
Сіз не дейсіз?
Мақұлбек Омаров, ашаршылық жылдары дүниеге келген ақсақал:
— Мен тап сол 1932 жылы дүниеге келгенмін. Алайда құжатты уақытылы алу ескерілмей, 1934 жылғы болып жазылып кеткен. Ашаршылық жылдары ашқұрсақ аналардан туылған біздерді бағып-қағу да оңай болмағанын анам Балжан жиі айтатын. Әлі жүре де алмай, тек еңбектеп жылжитын 5-6 айлық кезімде анам мені үйге сандықтың жүкаяғына байлап, жұмысқа кетеді екен. Қарным ашып, дымқыл, былғанған жөргегімнен жиіркеніп, жылап-жылап шаршағаннан ұйықтап қалады екенмін. Анамның өзіне де талғажау етерлік тамақ жоқ. Сондықтан көкірегінде қайдан сүт болсын? Түсте үйге асығыс келіп, емірене отырып, емшегін аузыма салып емізеді екен. Құйрығым құрғап, шандыр сорсам да ана көкірегін аймалағандықтан болса керек, маңдайым тершіп, рахаттана ұйқыға кетеді екенмін. Анам талқаннан бірер қасығын аузына салып, қайта жұмысқа кетіп, түн қараңғысында үйге оралады.
Ауылда қазір Махамбет есімді қария тұратын үйдің орнында сол жылдары қойма болған көрінеді. Қоймада бүкіл ауылдан тәркілеп алған бидай, жүгері, тары сияқты дәнді дақылдарды жинап қойған. Әйелдер түнделетіп қоймаға ұрлыққа түседі екен. Ол үшін қойманың қабырғасын білдірмей ғана тесіп, сол жерге ұзын қамысты сұғады. Қамыстан сырғанап түскен бидай дәндерін төкпей-шашпай, орамалға түйіп, беліне байлап үйге алып келеді екен. Мұны білсе, әрине, кімнің де болса, жазадан құтылмасы анық. Алайда перзенттері үшін аналар осындай көзсіз ерлкікке де барғаны белгілі. Міне, біз сол зұлмат жылдары дүниеге келіп, ашаршылықтың ащы дәмін татып өстік.
Бір-ақ күнде «халық жауы» атанған
Кеңестік одақтас республикалардың ішінде ең көп репрессияға ұшыраған қазақ халқының азаматтары екен. Жалпы, Қазақстаннан 115 мың адам «халық жауы» атанып, соның 25 мыңы атылып кеткен. Атылып кеткендердің 2,5 мыңы оңтүстікқазақстандықтар. Өзге мұсылман елдеріндегі көрсеткіштерді біздің елімізбен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық бар. Мысалы, қазақтар шетінен «халық жауы» атанып жатқанда, Қырғызстаннан — 40, Өзбекстаннан — 7, ал Тәжікстаннан — 1 адам ғана «халық жауы» атанған.
Бар ынты-шынтысымен елге қызмет етуді ойлаған талай жан бір-ақ күнде «халық жауы» атанып кете барған сонау 1937-жылдары талай азамат атылып, талайы өмір бойы елге жексұрын боп өткені белгілі. Осындай белсенділердің бірі Исахмет Шатырбаев бұрынғы Алғабас ауданына қарасты Шаян елді мекенінде ғұмыр кешкен.
Исахмет Шатырбаев елге революцияны орнату, колхоздастыру жылдары бай-құлақтардың мал-мүлкін конфискация жасаған белсенділердің бірі
кезде байлардан қоржын-қоржын ақшаларын, қора-қора малдарын тартып алып, өкіметке өткізіп отырған. Тіпті Шаян жақта сол жылдары белсенді болған Шатырбаев пен Қарабалаевқа қатысты «Шатырбаев шатырлай жөнелді, Қарабалаев қаттай жөнелді» деген сөз де қалған екен. Бар мақсаты революцияға, партияға қызмет ету болған Исахмет Шатырбаев 1937-ші жылы бір-ақ күнде «халық жауы» деген қара тізімге ілігіп, Владивостокке жер аударылып кетеді. Ол жақтан елге 10 жыл өткен соң 1947 жылдары қайта оралады. Бұл кезде оның артында қалған жалғыз ұлы Көбей соғыста қаза болып, жұбайы Қаным төркініне ағасы Дәулеттің қолына көшіп кеткен екен.
Елге келіп, өз шаңырағының түтінін түтету үшін жұбайы Қанымды алып үйіне қайтпақ болады. Алайда Қаным жалғыз ұлдың қазасына қатты күйініп: «Қу мазарға айналған ол үйге қалай бармақпын?» – деп жылайды. Сонда ағасы Дәулет қарындасы мен күйеу баласына ермек болсын деп үш айлық қызы Қызбаланы қолдарына ұстатып: «Адам алдында да, Құдай алдында да сұрамадым, бұл қыз сендердің қыздарың», — деп оларды өз шаңырақтарына апарып салады.
Сол кезде үш айлық қыз болған Қызбала Исахметова бүгінде 65 жаста, ол 40 жыл ұстаздық қызмет атқарып, қазір құрметті демалыста.
Қызбала Исахметованың айтуына қарағанда, Исахмет Шатырбаев кезінде мал-мүлкін тартып алған бір бай жалғыз баласын Ташкентке интернатқа өткізіп, өзі Қытай асып кеткен екен. Сол бай баласына Исахметтің өзінен, үрім бұтағынан кек алуды тапсырып кеткен көрінеді. Кейіннен сол байдың баласы шынында да білім алып, әскери комитетте қызмет етеді. Әкесінің кегін алу үшін Алғабас ауданына ауысып келеді. Әкесі «халық жауы» атанып кеткен Көбей Исахметов ол кезде әлі мектепте оқитын болады. 1941 жылы оның жасын 1-2 жасқа үлкейтіп, комсомол қатарына өткізіп, ақыры мектеп бітірмеген баланы соғысқа жібереді. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас боздақтан 1942 жылы соғыста қаза болғандығы туралы қаралы хабар жетеді.
Исахмет Шатырбаев көзі тірісінде «халық жауы» еместігін дәлелдей алмайды, ол тек 1997 жылы ғана ресми түрде ақталған. Оның жалғыз мұрагері саналатын Қызбала Исахметова, әке арманының түбінде орындалғанына қуанып, әке-шешесінің рухына бағыштап, төркініне барып құран оқытыпты.
«Егер өзімнен екі ұл туылғанда біріне «Исахметов» деген фамилия берер едім, әттең ұлды маған Құдай жалғыз етіп берді», деп өкінеді ол кісі.
Міне, бұл Кеңес өкіметінің орнауымен келген бір ғана шаңырақтың басындағы қасірет. Ал ондай тағдырдың тезіне түскен жандар қаншама десеңізші.
Қызбала Исахметова, саяси қуғын-сүргін құрбанының мұрагері:
— Мен осылай «ұялас бауырларымнан» кішкентай күнімнен бөлек кеттім. Ертелі-кеш Қаным апам мен Исахмет көкемнің ортасында солардың ермегіне айналдым.
Исахмет көкем елге оралғанмен, «халық жауы» деп атына жағылған қара күйеден құтылмай-ақ дүниеден озды. Дегенмен өмірінің соңына дейін өзінің партияға адал қызмет еткенін, ешқандай да «халық жауы» емес екендігін дәлелдеп өкіметке хат жазумен болды. Бірақ көзі тірісінде ақтала алмады.
Қаным апам Исахмет көкемді жалғыз ұлының ажалына кінәлап, жазғырып отыратын. Ол екі сөзінің бірінде: «Жазбай-ақ қой ешқайда, сені бәрібір ақтамайды. Өзіңе де сол керек, жалғыздың басын жалмадың, сенің сол шолақ белсенділігің кімге керек еді? Қаншама байдың қора-қора малын, ақшасын тәркіледің, солардың қарғысы текке қалдырсын ба?» – дейтін.
Бетті дайындаған -Құндызай ҚАЛАУОВА
Артық болмас білгенің…
Ресей отарында болған бұратана халықтарға арнайы жүргізілген санақ қорытындысы 1897 жылы жарияланған болатын.
Бұл мәліметтер бойынша, сол тұста қазақтардың саны 4 млн 84 мың болған.
Ал өзбектер — 726 мың, қырғыздар -201 мың, түркімендер — 281 мың, тәжіктер — 350 мыңнан аспаған.
Сол кезде жүргізілген статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, арадан 50 жылдай уақыт өткенде, яғни 1939 жылы жүргізілген санақ бойынша, қазақтардың саны — 2млн 300 мың ғана болған.
Табиғи өсімді айтпағанның өзінде, кері кетіп, халық саны екі есеге кеміп кеткен. Ал өзбектердің саны 3млн 900 мыңға жетіп, үш жарым есеге өскен.
Түркімендер — 760 мың, қырғыздар — 750 мың, тәжіктер — 900 мыңға жеткен.
Ал қазақ жерінде қолдан ұйымдастырылған аштық жылдары 1 млн 300 мың адам Қазақстаннан көшіп кеткен. Ал 1933 жылдың аяғында 2 млн 493 мың адам қалған екен.