Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі тамсанып, «Қаратау тәжі» деп атап кеткен Кентау кезінде Қазақстан ғана емес, Кеңес одағы көлеміндегі үлгілі қалалардың қатарында болған. «Ең жасыл, ең таза қалада тұрамыз» деп мақтанатын тұрғындар. Бүгінде сол мақтаныштан дым да қалмағандай. Өндірістік дағдарысты тартып отырған қаланың өзекті мәселелері шаш етектен. Соның бірі — шахталардың суын шығаратын жерасты құбырларын төсеу барысында зардап шеккен үй иелерінің жан айқайы. Жыл сайын 5-10 сантиметрге отыратын үйлердің қабырғалары жарылып, кентаулықтарға қорқыныш ұялатуда.
Шахта суларының жер бетіне көтерілуіне байланысты 2004 жылдың тамыз айында Кентаудың «Глубокий» кен орнынан жер асты құбырларын төсеу жұмысы жүргізілген болатын. Жарылыс жұмыстары нәтижесінде бірқатар тұрғын үйлерге зиян келтірілген еді. Арнайы комиссия құрылып, 111 үй екі жыл қатарынан өтемақы алып келген. Онда да даумен. Алайда, осы комиссия елемей, ережеге сай емес деп шешкен 100-ге жуық отбасының үйі бүгінгі таңда құлаудың алдында тұр.
Тұрғындардың айтуынша, комиссияға көп үйлер ілінбей қалған. Ілінгендерінің өзі мардымсыз ақша алған, оның өзі күрделі жөндеу жұмыстарына жетпеген де. Жыл сайын қабырғалары жарыла берген соң, кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізуге қолдары да бармайды.
Төрехан Аманбайұлы, Кентау қаласының тұрғыны: «Сол кездегі мердігерлер мен басшылардың қателігінен қарапайым халық жапа шегіп жатыр. Қашанғы өзіміз жөндеу жасай береміз. Әкімдіктен көмек болса, не қайыр?»
Кентаудағы Иманбаев көшесінде 27 жылдан бері тұратын Саламат Атажанова 3-топтың мүгедегі. Ал күйеуінің бір аяғы жоқ, бірінші топ мүгедегі. Жәрдемақымен күн көретін отбасының жалғыз баспанасының қабырғасы осы жерасты жарылыстарының салдарынан қақ айрылған. Құлауға шақ қалған үйін бұзып, сол жылы-ақ жаңа баспана салады. Бірақ, жаңа үйлерінің іргетасы да жарыла бастаған соң, құрылыс жұмыстарын тоқтатқан.
Саламат Атажанова, Кентау қаласының тұрғыны: «Үйіміздің қабырғасы қақ айрылды. Комиссияның шешімін қашанғы күтіп отыра берем, тірі жан тіршілігін жасайды емес пе? Бардым да 8 мың доллар несие алып, үйімді бұзып, жаңасын көтердім. Жаңа үй салу оңай емес, шығыны шаш етектен. Бітпей тұрғанына төрт жыл болды. Себебі сол жаңа үйдің іргетасы жарылып, қайтадан отырып, қабырғалары айрылып тұр. Енді не істерімді білмеймін. Көмек беретін жергілікті әкімдіктен де қайыр жоқ. Тек Елбасына бару ғана қалды».
Көпшіліктің жанайқайымен жергілікті жерден сайланған жаңа әкім хабардар. Ол сол жылдары арнайы комиссиямен бірге жұмыс істеген де.
Бахытбек Байсалов, қала әкімі: «Арнайы комиссияның шешімімен сол Шәкәрім көшелерінің тұрғындары өтемақысын алған. Біздің сұраныс бойынша Қарағандыдан мамандар шақырылып, зиян шеккен үйлерді тексерген. Жерастында өзгеріс болып жатқан жерлерге пикет қойылған. Сол жұмыстардың басы-қасында өзімде болдым. Өкінішке орай, ол нәрсе түбегейлі шешілген жоқ. Мен бірінші кездесуімде-ақ, сол кісілермен кездескем. Сонда, мен оларға сотқа жүгінуге кеңес бердім. Қолында қағаздары бар. Комиссияның шешімдері бар. Сол бойынша сотқа шағымдануға кеңес бердім. Сот не шешсе, соны орындауға дайынмын».
Жұмыссыздықтың салдарынан нәпақасын әрең тауып отырған олар сотқа жүгіріп, құжат дайындайтын уақытымыз да, ақшамыз да жоқ деп отыр. Оның шешімі шығамын дегенше, үйміз құлап, далада қалармыз деген сенімсіздіктерін де білдірді. Жанайқайдың жыры жалғаса беретін жайы бар. Жәрдемді тек жоғары биліктен күтеді, жергілікті тұрғындар.