Малды ауыл жайылымнан айрылып отыр

Жайылымдық жер
Жайылымдық жер

 Түлкібас ауданы Дауан ауылындағы төбе басынан «Жерді халыққа қайтар, қайтармасаң қарғыс атар!» деген жазуды көргендер аң-таң. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылдан жік шықты. Жайылымдық жер үшін дауласқандардың әзірге басылар түрі жоқ.

 Қам-қарекеті мен тіршілігінің негізі мал шаруашылығымен астасып жатқан қазақты жайылымның жайы қай заманда да қатты алаңдатқан. Жайлауға, жайылымға таласқан ағайын ат құйрығын кесісіп, арасы алшақтаған бұрын әдебиеттерден оқып қана танысқанбыз. «Көргенімнен көп екен көрмегенім, талай бәле көрерсің өлмегенің» дегеннің кері келді-ау бұл күнде. Суы шығып, егін егуге жарарлық жер жекенің меншігіне беріліп жатқан тұста, азын — аулақ малмен есебін айырып отырған ауылдағы ағайын мал арқандайтын алаңқай таппай қалып жатқан жағдайлар жоқ емес.

Жақында Түлкібас ауданының біраз азаматы тулап шықты. Төрт жүзге тарта шаңырағы бар Дауан ауылының үстіндегі беткейден «Жерді халыққа қайтар, қайтармасаң қарғыс атар!» деген жазуы бар көлемді «транспорант» пайда болды. «Көрерсің де күлерсің, күлерсің де жыларсың…»өткен ғасырдың басында билікке ұмтылған пролетариаттың (латынша prōlētārius — мемлекетке тек бала туып қана қызмет ететін азамат(ша) деген мағына береді) аузынан шыққан ұранның бірі осындай болатын. Кеңес өкіметі келмеске кетті. Өз Туы мен Ата заңы бар Тәуелсіз ел болдық. Бірақ осыдан жүз жылдай бұрын орын алған мәселе тағы да қайталанып отыр.

Түлкібас ауданындағы Дауан ауылының жұрты үй алдындағы азын-аулақ малды талай жылдан бері жайғап келген жайылымынан айырылып қалды. Кеңес үкіметі тұсында «Победа» колхозына қарасты бұл жер егістік алқабы болған. Беткейдің үстіңгі жағы әлі де егінжай. Бірақ етегіндегі арық жылдар бойы тазаланбағандықтан, егістіктен төменгі беткейге су келмей, жайылымға айналған. Өткен жылы арық аршылып, қайтадан су келе бастағанда жердің иесі де табыла кеткен. Дауандықтардың даулап жатқан жайылымын Л.Қуанышева деген азаматша өткен жылдың күзінде 49 жылға мемлекеттен жалға алыпты. 28 гектардан астам жерге егін де егіліп, айналасы қоршала бастаған. Ал, жайылымның жаңа егесі тұрғындарға «малдарың менің егістігіме түсетін болса, маған ренжімеңдер» деп ескерту де жасапты.

-Ауыл тұрғындарының қорасындағы мал бес айдай осы жерге жайылады. Бес айдан кейін, бидай орылып, егістік жер ашылғаннан кейін ары қарай жайылады. Төрт түлік малдарымызды – арқандайтын жеріміз осы- ақ. Міне, сол 28 гектардан бізге бір-ақ гектар жер қалдырып отыр. Бұл бір гектар жерді бейітті кеңейтуге қалдырыпты. Енді біз малымыздықайда жаямыз,-дейді Дауан ауылының түрғыны Ерлан Ақылбеков.

Ауылдағы ағайынның шымбайына қатты батқан тұсы — жұрт малын арқандап жүрген жерді меншіктеп алған сол ауылдың адамы. Дауан ауылы азаматтарының айтуынша, елдімекен іргесіндегі 30 гектарға жуық бос жатқан алқапты өздерінің де жекешелендіріп алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ, ауылдағы ағайыннан именіпті.

Енді келіп, көлденең көк аттының сөзінен сескенген жұрт малын көгалға шығарудан қалыпты. Жайылымнан айырылған ауылдағы ағайын жалғыз қорек көзі – қорадағы малын сата бастаған. Онсыз да жұмыссыздық жайлап, бар тірлігін төрт түлікпен ғана түлетіп жүрген ауыл тұрғындары енді таза пролетарийге айналуға шақ тұр. Яғни, екі қолға жұмыс таппай «еріккен» ауыл тұрғындары енді бала туып, мемлекеттің жәрдемақысымен ғана күн көруге мәжбүр болмағанда қайтеді енді?

Тұрғындардың ауылдасына ашуланатыны бір бұл емес. Ауылдағы ағайынмен ақылдаспай, елді мекен шетіндегі қорымға жалғасып жатқан жайылымды жалға алған азамат қорымның қасынан алақандай жер қалдырған. Бірақ бейітке барар жолды қазып тастапты. Былтыр күзде тұрғындар аудандық жер қатынастары бөліміне сұрау да салған. Ол жақтан келген хатта жердің ортақ қолданыста екенін мойындай отырып, «жайылымның иесі жоқ» делінген. Бірақ артынша жайылымды жалға беріп жіберген. Ондағы мақсат – «алмалы алқап» деген ауданның бұрынғы атағын жаңғырту үшін бау — бақшаның аумағын ұлғайту.

Ал аудан әкімінің бұл мәселеге қатысты әңгімесі «малы көп азаматтар төрт түлігін таудағы жайылымға бақсын» дегенге саяды. Ал, төрт түлігін ол жаққа жіберу үшін әр малдың басына тұрғындар 300 теңгеден мың теңгенің арасында ай сайын ақша төлеуі тиіс екен. Ондайды онсыз да екі қолға бір жұмыс таппай , енді келіп жайылымнан айырылып, малының алдын сатып жатқан жұрттың қалтасы көтермейді. Осы мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген соң Қайрат Әбдуәлиев Дауан ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл ақсақалдарының алдында жайылымдық жерді күзде халыққа қайтарып беруге уәде еткен. «Неге күзде ? Оған дейін елдің малы қайда жайылады», дейсіз бе ? Өйткені ол жерге қазір дақылдың бірнеше түрі егіліп те қойылыпты. Енді көктеп келе жатқан егінді обалсынған жергілікті халық орақ науқаны аяқталысымен, жайлымды қайтару тұрғысында уәдеге келісімдерін берген.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ.

Сіз не дейсіз?

Ерлан Ақылбеков, Дауан ауылының тұрғыны:

Ауылды жұмыссыздық жайлаған. Біздің ауылда ешқандай фабрика, завод, өндіріс орындары жоқ. Мал шаруашылығымен күн көріп отырған халықпыз. Егер де  мал бағатын жерімізді алып қоятын болса, біз қалай өмір сүреміз?

 

Қайрат Әбдуәлиев, Түлкібас ауданының әкімі:

Жайылым болсын, суармалы жер болсын, игерілмей бос жатқан жер ретінде мемлекетке қайтарылып, ол жерге бау-бақша өсіруге тиістіміз. Бұл халықтың игілігі үшін жасалып отырған шара.