Мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын бастады

1111
Алақай, лагерь басталады!

Шымкентте мектеп жанындағы жазғы лагерьлер өз жұмысын бастады. Қалада 322 мектеп алды алаңы балаларды қабылдайды деп бекітілген. 7800 балаға қызықты демалыс күндерін ұйымдастырып отырған алаңның жартысына жуығы ыстық тамақпен қамтылса, қалғаны түске дейін жұмыс істемек. Барлық мектепте спорттық үйірмелер жасақталып, қол өнер үйірмелері де жұмыс істейді деп жоспарланған. Сонымен қатар, балдырғандарға арналып туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырылады.

Қаладағы №47 мектеп жанындағы алаңда демалушы балдырғандармен кездестік. Олар сапқа тізіліп, саябаққа саяхатқа бара жатыр. Бір ай бойы таңғы 9-дан түскі үшке дейін мектепте болады.

Аяжан Сейіткәрім, №47 мектептің оқушысы: «Маған лагерде демалған ұнайды. Апайларымыз қызықты ойындар ойнатып, қыдыртады. Тамақтары да тәтті».

Аяжан секілді мұнда 150 бала демалуға ниет білдіріп отыр. Мұнда арнайы ережелер мен талаптар бекітілген. Оны балалармен бірге, тәрбиешілердің өзі де орындауға міндетті.

Жанар Аширова, №47 мектеп алды алаңының басшысы: «Оқушыларды таңертең сағат 8:30 -да қабылдап аламыз. Содан таңғы астарын ішкізіп алып, күнделікті жоспарға байланысты жарыстар ұйымдастырып, танымдық ойындар ойнатамыз. Оған қаладағы көрікті және тарихи орындарға апаруымызды қосыңыз. Түскі астары да осында. Тамақтан соң, өзін-өзі тану пәні бойынша қызықты сабақтар өтіледі».

Қаладағы 322 мектеп алды алаңындағы 305 топтың балдырғандарына барлық жағдай жасалған. Облыстық кинобейнеқор және драма театрының арнайы келісімімен тәрбиелік мәні бар кинофильмдер де көрсетіледі екен. 22-маусымға дейін демалатын оқушылар тамақтан да, жатын орыннан да тапшылық көрмейді дейді қалалық білім бөліміндегілер.

Айгүл Текебаева, білім бөлімінің бас маманы: «2012 жылғы жазғы маусымда демалыспен 9520 оқушы қамтылады деп отырмыз. Бұл көрсеткіш барлық оқушылардың 9,5 пайызын құрайды. Сондай-ақ, жалпы білім беру мекемелерінің жанынан ыстық тамақпен қамтылған және тамақсыз жұмыс істейтін 322 мектеп алды алаңын ашып 7800 оқушыны қамту жоспарлануда. Былтырғы оқу жылында 305 топ ашылып, 7500 бала қамтылған болатын. №1,5,56,57,60,61,85 мектептерде асханалардың болмауынан ыстық тамақсыз ұйымдастырылған алаңдар жұмыс істейді. Ал 48,49,58,84 орта мектептерде аудандық санитарлық-қадағалау басқармасының рұқсат бермеуіне байланысты мектеп алды алаңдары ашылмайды».

Бүгіннен бастап, жазғы демалысында асыр салатын балалар мектеп алды алаңында екі кезеңмен демалады.