«Оңтүстік» индустриялды аймағындағы кәсіпкерлер жұмысын жандандыра алмай жатыр

Таяуда Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлығы қызметіне тағайындалған Гүлжан Құрманбекова алғашқы қызметтік міндеттерінің бірін «Оңтүстік» индустриялдық аймағындағы кәсіпкерлермен кездесуден бастады.

Айта өткен жөн, бүгінде онда 35-тен аса компания 8 түрлі жоба бойынша жұмыс істеп келеді. Алайда қазір ондағы бірқатар серіктестіктерге электр энергиясы, ағын су және газ жетіспеушілігі туындап, компаниялар жұмысын жандандыра алмай отырған жайы бар.  Тағы бір проблема компаниялардың өндірген өнімдерін ешқайда сата алмауы.

Жаңадан тағайындалған әкім орынбасарына осындай түйткілдерін баян еткен кәсіпкерлерге Гүлжан Мамытқызы алдағы бір апта көлемінде сауалдарды шешіп беруге уәде етті. Әрі әр апта сайын ондағы кәсіпкерлермен дидарласып, күн сайын кезігетін мәселелерді бірігіп шешуге уағдаласты.