Оңтүстікте Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында және Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдық мерейтойына орай бірқатар әскерилерге үйдің кілті табыс етілді. Елеулі еңбегі мен мінсіз қызметі үшін 60 әскери баспаналы болды. Бұл айтулы оқиғадан кейін офицерлер пәтер жалдап сенделу артта қалып, қызметтік қарқын күшейетін болды деп қуанады.
«Сәуле» шағынауданынан бой көтерген сәулетті ғимарат әскери бөлімнің тура жанында орналасқан. Әскерилер әрі-бері сенделіп жүрмейді, қызмет орны мен үйі тиіп тұр. Жаңа салынған тұрғынүйдің де келбеті келісіп тұр. Қорғаныс саласының өкілдері үшін бой көтерген нысаннан мемлекет мүлде аянбаған тәрізді.
Бұл күні 60 әскериге облыс әкімінің өзі пәтер кілтін табыс етті. Тұрғын үйге қол жеткізгендердің барлығы Шымкент горнизонының қызметкерлері.
Қорғаныс саласында 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қайрат та 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Үш баланың әкесі қызметтік баспанаға қол жеткізгеніне дән риза. Бұл Республиканың қарулы күштерінің әл-ауқаты жақсарып жатқанын көрсетеді дейді ол.
Пайдалануға берілген пәтерлердің 30-ы үш бөлмелі болса, қалған тең жартысы 2 бөлмелі. Тұрғын үйде барлық жағдай жасалған. Өз пәтерінің кілті алғаш рет қолына тиген әскерилер аптығып, қол жеткізген баспанасына қуанып жүр. Ел тыныштығын қызғыштай қорыған қорғаныс саласының қызметкерлері үшін қуаныш мұнымен шектеліп қалмақ емес. Дәл осы маңнан әскерилерге берілетін тағы екі бірдей тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Демек, қызметтік баспананың рахатын көретін күн алыс емес.