Оңтүстіктің мемлекеттік саяси қызметкерлері жемқорлықтан алдына жан салмай тұр. Бұл әсіресе облыстағы аудан, қала әкімдеріне қатысты мәлімет.
Бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Әбдіров алқалы жиында осылай деді. Мәселен, 2010-2011 жылдарда 24 мемлекеттік қызметкер сыбайластық жасағаны үшін қызметінен шеттеліпті. Мұнан бөлек облысымыздағы қылмыс деңгейінің де жетісіп тұрғаны шамалы.
Cөйтіп, Оңтүстік жағымсыз әркеттерден арыла алмай-ақ қойды. Бұл билік партиясының жанынан құрылған жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің пікірі. Облысты оқ бойы оздырып тұрған өзіміздің басшылар. Пәре алып, шермендені шығарыпты бірнеше ауданның атқамінерлері.
Нұрлан ӘБДІРОВ, «Нұр Отан» ХДП жанындағы ЖҚРҚК-нің мүшесі, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты: «Өткен мерзімде мемлекеттік органдардың жеті басшысы қарамағындағы қызметкерлерді жауаптылықтан заңсыз босатқандары немесе жеңіл тәртіптік шара қолданғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандарының, ауылдық округтерінің әкімдері. Және Төлеби, Мақтарал, Шардара аудандарының бөлім бастықтары».
2009 жылы берілген тапсырмалардың ішінде тек білім саласындағы жең ұшынан жалғасқан сыбайластық қана бір жүйеге келе бастағандай. Қазір ондағы құқықбұзушылық 2009 жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған. Асқар Мырзахметов Астанадан келген қонақтарға соңғы 3 жыл ішінде мердігерлерге заңсыз берілген 863 лицензияның алынғанын да айты. Бұл партияның облыстағы 339 бақылау бекеті анықтаған дерегі болатын.
Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, ОҚО әкімі: «2009-2010 жылдары 9,6 млрд, 2011 жылы 5,9 млрд. теңге, 2012 жылы 9,8 млрд. теңге үнемделіп отыр. Яғни үш жылдың ішінде 25 млрд теңге қаржы үнемделіп отыр. Жалпы 2010 жылы — 25, 2011 жылы — 24 партия мүшесі сыбайластыққа жол бергені үшін партия қатарынан шығарылды».
Облыс әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қосымша мынадай жұмыстар жүргізілді:
1. Аудандық (қалалық) деңгейде жер катынастары жөніндегі комиссияның төрағалары міндеті аудан (қала) әкімдеріне жүктелді.
2. Облыс әкімі аппаратының құрылымы қайта ұйымдастырылды. Облыс әкімі инспекторлары мен облыс әкімі аппараты бөлім меңгерушілерінің жауапкершіліктері арттырылды.
3. Облыс әкімі аппаратының жаңа регламенті бекітіліп, онда барлық рәсімдік мәселелер нақтыланды және қаралатын материалдардың сапасы үшін жауапкершілік күшейтілді.
4. Басқару кадрларының резерві туралы жаңа ереже бекітіліп, ол БАҚ-та жарияланды. Бірнеше басқарма басшылары мен аудан әкімдері, аудан әкімінің орынбасарлары осы резервке енген қызметкерлермен ауыстырылды (31 қызметкер).
5. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің бірнеше қайта анықталуына және алдағы уақытта мұндай фактілерді болдырмау мақсатында «Әкімдердің, жергілікті атқарушы органдар басшыларының жауапкершілігін күшейту туралы» өкім қабылданды.
6. Басшы лауазымдағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндеттеліп, бағыныстағы қызметкерлері заң бұзушылыққа жол берген жағдайда қызметтерінен өз еріктерімен босату туралы келісімдер міндеттелді.
7. «Аудан, қала әкімдерінің және басқарма басшыларының рейтингтік көрсеткіштері туралы» облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды.
8. Мемлекеттік сатып алу бойынша әкімдіктің 9 шешімі қабылданды.
Дегенмен, өткен 3 жылдың ішінде біздегі ахуал қанша жақсарды дегенге жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің мүшелері сенбейді. 2011 жылдың қорытындысы бойынша жер телімдерін сатуда біздің прокурорлар 5565 заңбұзушылықты анықтап, 5 мың гектар жерді мемлекетке қайтарған. Кәсіпкерліктегі заңсыздық пен қылмыс саласы да тұралап тұр. Мәселен 2010 жылы облыста қылмысты болып бір жәйт тіркелсе, 2011 де мұның саны 76-ға бір-ақ секірген.
Бұл ресми түрде хабарланған заңсыздықтар. Кеңес мүшелері көтерген заңбұзушылықтар басқа салаларда да бастан асады. Қызығы сол, мұны олар БАҚ өкілдерінсіз, жабық жағдайда өткізуді дұрыс деп шешіп, жиынның жалғасын журналистерсіз өткізді.