Халқы тығыз орналасқан Сайрам ауданында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданда орталық екі жыл бұрын ашылған. Бағдарламаның бірінші бағыты-жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту және жұмыспен қамту бойынша 689 адам кеңес алса, 655 адаммен әлеуметтік келісім шарт түзілген.
Батырбек Серікбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы: «Кәсіптік оқытуға жоспарланған 28 адамның: 15 адамы Қаратөбедегі №10 кәсіптік лицейде жылыжай мамандығына 1 жылдық бағдарлама бойынша оқытылды. 5 адам жол құрылысы машиналарын пайдалану бойынша Шымкент қаласындағы №2 кәсіптік лицейде дәріс алды. 5 адам Тассай агроколледжінде фермер мамандығы бойынша қысқа мерзімдің курста қайта даярланды».
Бағдарламаның екінші бағыты ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша 236 адам оқуларын бітіріп, сертификат алған. Тұрғылықты халық қол қусырып отырған жоқ өздері де жұмыс тауып әрекеттенуде.
Разия Ешмухамедова, тұрғын: «Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тоқырау кезеңді да бастан өткердік, аш отырмадық. Қазір заман жаман емес, барлық мүмкіндіктер жасалған, тек ерінбей еңбек ету керек».
Ағымдағы жылы ауданда 2 жарым мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ. 535 адам кәсіптік мамандарға оқытылады. Атқарылған жұмыстарға оң баға берген Парламент мәжілісінің депутаты бағдарламаның ұтымды тұстарын халыққа насихаттау қажеттігіне тоқталды.
Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Қомақты қаржы бөлінуде. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы 4 бағыттан тұрады. Бағдарламада әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтамассыз етуге аса көңіл бөлінген. Алайда жергілікті жерлерде бағдарлама қағаз жүзінде жүзеге асуда. Бір ауданда 9 сыныптың оқушыларын оқытқан, кәмелеттік жасына толмағандар қай жерде жұмыс істейді. Мемлекеттің қаржысы зая кетті. «Жұмыспен қамту 2020″ бағдарламасын орындауда жауаптылықты әкімдер де халықта түсінуі тиіс».
Семинар кеңесте халықты жұмыспен қамту бағдарламасын тиімді пайдалану бағытында салиқалы ұсыныстар да жасалды.
Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі: «Қазіргі таңда кәсіпорындарда озық технологиялар пайдаланылуда. Алайда біздің жоғары оқу орындарында ондай мамандар даярланбайды. Мәселен, жол жөндеу жұмысы арнайы техникалық білімді талап етеді. Өкінішке орай, мамандар Қазақстанда даярланбайды екен, тек Ресейде».
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды даярлау білім саласына жүктелген міндет. Бұл бағытта тиісті министрліктер, Үкімет және Парламент өзара үйлесімді жұмыс атқаруы тиіс. Сонда ғана игі бастамалар өз жемісін береді.