Ұлы Отан соғысының қан майданын кешіп келген, бүгінде 90 жасты алқымдап қалған, сондай-ақ, ішкі істер органдарында көп жылдар қызмет еткен —полиция подполковнигі Қарабай Қалтаев.
Полковниктің 13 немересі мен 5 шөбересі Қарабай аталарының ерлігін мақтан етеді. 1923 жылы дүниеге келген Қарабай сұрапыл соғыстың ызғарын ерте сезінген. Не бары он тоғыз жасында майдангер Кеңес елін жаудан азат еткен. 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып,әуе десанттық дивизиясына жіберіледі. Ол 1943 жылы қазан айында жарақат алып, госпитальге түседі. Сауыққан солдат бір жылдан соң, қайта ұрыс алаңына бет алып, бұл жолы атқыштар дивизиясында ерлік көрсетеді. Қалтаев Қарабай мергендігімен көзге түскен. Сол үшін де ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Сержант Қ.Қалтаев немістердің 2 орудиясын, 2 танкісі мен 2 қол пулеметін және 25 гитлершілерді жояды. Зор ұстамдылығымен ерлігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Ал 1945 жылы сәуір айында Нейстен Эльба өзені аралығындағы ұрыста да ерекше көзге түседі. Сөйтіп, І дәрежелі Даңқ орденіне ие болады. Үш рет Даңқ орденімен марапатталып, Жеңіс туын желбірете келген майдангер елге орала салысымен-ақ, ішкі істер органына жұмысқа қабылданады.
Үздіксіз отыз жыл қызмет етіп, абыроймен зейнеткерлікке шығыпты. Ұлы Отан соғысының батырына қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жастайынан Отан үшін от кешкен атамыз еліміздің патриоты, Шымкент қаласының құрметті азаматы. Қаламыздың көшелерінің бірі оның есімімен аталады.
Жандос Қалтаев, ардагердің немересі: «Атам ешқашан, батырмын деп мақтанған емес. Қарапайым жан, өмір бойы баз біреудің ала жібін аттамауды үйретіп келеді. Мен бейбіт өмір сыйлаған атама жіне оның майдандастарына қарыздармын. Бізді жеңіске жеткізген ата –бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып,сонысымен Жеңіс күндерін жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамын. Жеңімпаз әкелердің, достық пен татулықты қастерлеген аға буынның ертеңі бізбіз. Бақытты күндер мен шуақты таңдарды әперген барша ардагер аталарымыз бен аналарымыздың алдында басымызды иеміз».
«Жеңіс» сөзінде миллиондаған майданға кеткен отандастарымыздың ерлігі мен жанқиярлығы бар. Бұл сөзде тылда жеңіс үшін жұмыс істеген адамдардың ауыр еңбегі де бар.