Карл Маркс бөлімшесінің халқы аштық жариялап отыр

Сайрам ауданы Бадам ауыл округіне қарасты Карл Маркс бөлімшесінің тұрғындары аштық жариялауға кірісті. Өйткені, ауылдың халқы соңғы 7-8 жылдан бері таза ауызсусыз күнелтіп келеді. Жергілікті әкімдердің құрғақ уәдесінен шаршаған халық бүгін елдімекен жанынан қалаға қарай тартылып жатқан су құбырының алдын бөгеді. 500-ден аса тұрғыны бар ауыл халқы билікке деген наразылығын осылайша білдірмеске амалы қалмапты.

Карл Маркс бөлімшесінің халқы аштық жариялап отыр

«Міне, ішетін ауызсуымыздың түрі мынау»-дейді осы ауылдың тұрғыны Құндыз Құттиева бөшкеге құйып, біраздан бері тұрып қалған суын ожауымен сапырып. «Мұны біз бір ай бойы ішеміз. Бұл судан балаларымыздың бәрі ауру болды. Санитарлық талаптың біріне де жауап бере алмайтын ауызсуды тағам ретінде пайдаланамыз, кір-пірімізге де, жуған-шайғанымызға да қолданамыз».

Құндыз ҚҰТТИЕВА, Бадам ауыл округіне қарасты Карл Маркс бөлімшесінің тұрғыны: «Мұндай суды азық етіп келе жатқанымызға биыл 8 жылдың жүзі болып барады. Бір күн емес, бір сағат та тұра алмайды мұнда келіп әкімдер. Біз ішкен суды аузына да тата алмайды. Ал біз соны ішіп отымыз 2,5 мың теңгеге сатып алып. көзқарашығындай сақтап. Бізге әкімдер көмек беруі керек. Облыс әкімі не қарап отыр?! Бізге көмек бермей ме?! Сайлау кезінде бәрі келеді де, аузымызды құр шөппен «ойбооой өйтеміз, бүйтеміз, сайласаңдар қатырамыз!» деп кетеді. Ешқандай нәтиже жоқ. Жеті жылда ауылымызда жеті әкім ауысты. Бәрі де «ішіп-жеп» кеткеннен басқа ештеңені білмейді».

Карл Маркс бөлімшесіндегі халық суды осындай ыдыстарға құйып алып ішеді

Ал нәтижелі жұмыс қалаға қарасты көршілес ауылда жүріп жатыр. Бөлімше халқының зығырданын қайнатып жатқаны да осы. Көрші ауылға баратын суқұбыры суы жоқ ауылды кесіп, қазылып жатыр. Құдды бір, бұл жұртты мазақ еткендей. Жауаптылардан сұраса, Карл Маркске аталмыш жүйеден пайда жоқтығын ұққан. Алайда бұл қорлыққа ауылдың халқы төзбеді. Арықтың жолын бөгеді. Қаздырмауға серт беріп, аштық жариялауға көшті.

Бүгінде Карл Маркстегі жамағат: «Су бермесе, аштық жариялаймыз!» деп тас-түйін бекініп алған. Қолында қосымша киім-кешекпен түйіншектері бар.

Алайда, ауыл халқының бұлай байбалам салуына негіз жоқ деп отыр Бадам ауылдық округінің әкімі. Өйткені, бұл құбырдан Карл Маркс бөлімшесіне су берілед. Бұл шешілген мәселе көрінеді.

Ілияс МАРИН, Сайрам ауданы, Бадам ауылдық округінің әкімі: «Карл Маркс бөлімшесінің ортасы арқылы қалаға қарасты Қазығұрт ауданының Манешов көшесіне су құбыры тартылып жатыр. Бұл ауылға су өткеннен кейін құбырдың екі бетіндегі ауылдарға да тазаауызсуы беріледі. Бұл мәселе негізгі жобада да қаралып қойылған. Осы орталық су құбыры тартылады. Одан соң, бірінші, екінші көшеге де су тартылады».

Айта өткен жөн, Сайрам ауданында 73 елдімекен болса, соның 6-уы құдық суын пайдаланды. Бір ауыл оны тасымалдап ішеді. Ал Карл макрс секілді жаңақұрылысты елдімекендер ауызсу беру жөнінен жоспарға әлі кірмеген ауылдар екен. Демек, 66 елдімекен орталықтандырылған құдық суын пайдаланып жатыр.  Яғни, 2012 жылы ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп жатқан елдімекендер «Манкент», «Бадам-1», «Оңтүстік», «Ақбұлақ», «Айкөл» елдімекені тасымалдау арқылы су пайдалануда. Ал «Ақтас», «Қызылжар», «Бадам-1», «Жалын», «Тәуелсіздіктің 20 жыл» елдімекендері құдық суын пайдалануда.