Шариғат заңдары қайта күшіне ене ме?

Ата-бабаларымыз ұстанған шариғат үкімдері бүгінгі қоғамға қажет пе? Таяуда Ресей мұсылмандарының рухани басқармасының бастығы Талғат Таджуддин Ресейде шариғат соттары болмауы керек, деп мәлімдеген. Ал Ұлыбританияның «Times» газеті мұсылман емес ел тұрғындарының кейінгі кездері шариғат соттарына көбірек жүгіне бастағандығы туралы мақала жариялады. Кәрі құрлық елдерінің діни заңдар тұрғысында бұлайша үн қатуына не себеп?

Қоғамдағы келеңсіз жағдаяттардың түйінін шешіп отырған діни үкімдер тұрғысында әлем елдері осылайша қарама-қайшы пікірде. Ресейлік мұсылмандардың басшысы мұны дағыстандық заңгер Дагир Хасавовтың мәлімдемесінен кейін жария еткен. Д.Хасавов «Ресейдегі мұсылмандар қазіргі зайырлы соттарға сенбейді, олардың тілегі — шариғат соттарын құру» деген болатын. Бұған «Яблоко» оппозициялық партиясы Хасавовты «араздық пен экстремизмді қоздырды» деп айып тағып отыр. Ал Ресейдің православ шіркеуінің өкілі Всеволод Чаплин болса, Ресей мұсылмандары өздерінің салт-дәстүрлерін сақтауы тиіс деп, шариғат соттарын құруға болатынын алға тартады. Ресейлік діндарлар осылайша құбылып жатқанда британиялықтар шариғат сотын қос қолдап қолдайтындықтарын аңғартуда. «Times» газетінің жазуынша, британдықтар көбінесе сауда-саттық және жеке қарым-қатынас жөніндегі кикілжіңдерді шешу үшін шариғат соттарына жүгінеді екен. Ұлыбританияда Конституция болмағанымен, оның орнына төрт мыңға жуық заң бар. Ұлыбритания шариғат соттары кеңесінің төрағасы, Еуропалық пәтуалар мен зерттеулер жөніндегі кеңестің мүшесі Сухейб Хасанның пікірінше, қазіргі Британ қоғамында шариғат құқығына жүгінетін тұрғындардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Естеріңізде болса, жыл басында АҚШ соты да шариғат заңдарын қолдайтындықтарын ашық айтқан еді. Оклахома-Сити тұрғыны шариғат заңдарына тыйым салу Конституцияда кепіл берілген құқықтарды шектейтіндігін мәлімдеп, Колорадо сотына арызданған. Судьялар бұл шағымды бірауыздан орынды деп тапқан. Ал Вашингтондағы Америка-ислам қарым-қатынасы жөніндегі кеңес Колорадо сотының шешімін «Америкалықтардың діни наным-сенім еркіндігі мен Конституцияның салтанат құруы» деп баға беріпті.

Шариғат заңдары қазақ ұлтының салт-дәстүрімен, Конституциясымен біте-қайнасып жатыр. Десек те, діни үкімдерді қоғамдағы түрлі салаларға енгізу жөнінде елімізде соңғы кездері оқтын-оқтын айтылып жүргені белгілі. Бұл тұрғыда алдымен «Халал» индустриясын атап өтуіміз ләзім. Таяуда премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Дiн iстерi агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Лама Шәріп пен Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченкоға Қазақстанға ислам ипотекасын енгiзу туралы iстi қарастыруға тапсырма бердi. Жалпы, әлемдiк экономикада ислам ипотекасының бiрден-бiр тиiмдi жағы – оның шариғат заңдарымен реттелетiнiнде. Яғни, ислам дiнi бойынша алынған қарыздың үстеме бағамен қайтарылуына тыйым салынады.
Анығында Ислам заңдарының ерекшелігі қандай? Мұсылманға қажетті заңдар мен ережелер Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті болып саналады. Араб, мұсылман елдері Конституцияның орнына шариғат заңдарына бағынатыны мәлім. Негізінен шариғат соты төрт ұғымның басын біріктіреді. Олар: Қасиетті Құран Кәрім, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздері мен істерін талдайтын дәстүрлі ережелер жиынтығы — сүннет, мұсылман ғалымдарының пікірлері – Иджма және мұсылмандардың өмірлік құбылыстарын сәйкесінше талдау – қияс. Рас, шариғат заңдары қоғамдағы ең ауыр, әрі әділ жаза болып есептеледі. Шариғат заңдарының бүгінгі зайырлы заңдармен салыстырғанда шектеуi мен тыйымының көптiгi, жазалардың ауырлығы бiрден байқалады. Мәселен, зинақорларды дүре соғу, жерге көміп қойып тас ату және өлім жазасына кесіп отыру секілді қатаң тәртіпке бойұсындырып, әділетті қоғам орнаутға күш салады. Шариат соты негізінен Сауд Арабия, Марокко, Тунис, Сирия, Мавритания, Иран, Пәкістан, Иракта кеңінен тараған. Әсіресе, шариғат үкімдері Сауд Арабиясында қатаң сақталған. Айталық, жуырда Сауд Арабия соты 32 жастағы Мазен Абдул Жауад есімді азаматты жергілікті телеарнаның бірінде қанша қызды «сындырғандығы» жайлы артық бөсіп, әңгіме еткені үшін дойыр қамшымен 1000 рет дүре соғу арқылы жазаға тартып, одан ары 5 жыл түрмеде отыруға шешім шығарды. Сонымен қоса, кінәлі түрмеде жазасын өтеп шыққаннан кейін толық медициналық тексерістен өтіп, 3 жылға дейін ел аумағынан сыртқа шықпауы керек. Ал есірткі заттарын тасымалдағандардың, қарулы шабуыл жасағандардың басын қылышпен шауып тастау жазасы Сауд Арабиясында әлі күнге сақталған. Осындай жолмен бұл елде жылына 100-ден аса адам жазаға тартылады. Әріге бармай-ақ, Тәжікстан үкіметін алар болсақ, шариғат зайырлы заңдарды ығыстыра бастады. Соттарды бюрократия мен жемқорлық жайлап алған деп санайтын тәжіктердің көпшілігі өз мәселелерін шариғат жолымен шешуге тырысуда. Шынтуайтында, бюрократтардың сөзбұйдасынан шаршаған кез-келген ұлт өкілінің молдаға барып, мәселені тез шешкенді қалайтыны анық емес пе? .Бұл таңдаудың әуре-сарсаңы жоқ, шығыны да аз. Еліміздегі дінтанушылардың ойынша, шариғат үкімдері қылмысты болдырмауда үлкен қызмет атқарады. Олар, қылмыс атаулының тамырына балта шабу үшін діни соттар қажеттігін айтады.
Расында судьялар мен имам-молдалардың атқаратын ісі өте жауапты. Әділетсіз үкім шығарғандардың жазасы ақыретте өте ауыр болатыны Қасиетті Құранда айтылған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Мұхаммед с.ғ.с.), шын мәнінде саған Кітапты Алланың өзіңе көрсетуі бойынша адамдардың арасына үкім етуің үшін шындықпен түсірдік. Сондықтан, қаралаушыларға болысушы болма»(«Ниса» сүресі, 105-аят), – деп, сотта әділетті шешім қабылдауға бұйрық берген. Ал «Бақара» сүресінің 42, 188-аяттарында: «Хақиқатты бұ­зықтыққа араластырмаңдар, сондай-ақ, біле тұра шындықты жасыр­маңдар», «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар», – делінген. Сондықтан қоғамда әділдік орнауы үшін күресетін имам-молдалар мен судьялардың жаңылысуға хақы жоқ.

Сіз не дейсіз?

Ербосын ОРЫН, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары:
– Діндарлар шариғат үкімін орындауда ең алдымен. Құранға жүгінеді.Құранның үкімдері орындалуы міндет. Біздің еліміз Ислам елі болмағандықтан, өз ұстанымыз, зайырлы заңымыз бар. Әрине, ол заңдар да қылмыскерлерге әділ жазасын беруде. Рас, елімізде қарапайым халық шариғат соттарына көп келе бермейді. Десек те, діни үкімдер бізге керек-ақ. Мәселен, ұрлық жасаған адамның қолы кесілсе, басқалар одан сабақ алар еді. Қылмыс азаяды.

Ақылбек ЕЛШІБАЕВ, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының төрағасы:

– Бізде дін мемлекеттен бөлек. Зайырлы-құқықтық мемлекетімізге жараса қабылданған заңымыз бар. Заңдарымыз да ұлтымыздың бітім-болмысына, әдет-ғұрыптарына негізделген. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған дербес саясатына бағынамыз. Сондықтан қазіргі жағдайда діни соттардың ешқандай керегі жоқ деп ойлаймын. Дегенмен, қазіргі қоғамда судьялардың жауапкершілігі өте ауыр. Олар адамдардың ғана емес, Құдайдың алдында да жауапты. Сол себептен, әр судья өз жауапкершілігін терең түсініп, сезінуі міндет.