Шымкентте 100 науқастың жүрегіне астаналықтар ота жасайды

242
мастер класс

Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтың білікті дәрігерлері облысымызға келіп, бүгіннен біліктіліктілікті арттыру ісіне кірісіп кетті. Алдағы үш күнде 100-ге жуық науқасқа ем-дом көрсетіп, ота жасайды.

Құрамында кардиохирургтар, кардиологтар мен неврологтары бар топ арнайы семинар өткізіп, еліміздегі жүрек талмасы ауруының алдын-алуы төңірегінде өзекті мәселені талқылады. Ұлттық орталықтың білікті дәрігерлері 100-ге жуық науқасқа облысымызда бұрын соңды жасалмаған ота жасайды.

Махаббат Бекбосынова, ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтың дәрігері:«Мойындау керек, осыдан екі-үш жыл бұрын ТМД елдері ішінде жүрек талмасы бойынша алғашқы үштікте тұрғанбыз. Елбасымыздың салауатты Қазақстан бағдарламасының арқасында, бұл көрсеткішіміз төмендеп, ел азаматтарына қолдан келгенше кардиохирургиялық емдер қолданылып, оталар сауатты жасалып келеді».

Облыстың бас кардиологының айтуынша тұрғындарға кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуде оң нәтижелер бар көрінеді. Халық арасында жиі кездесіп отырған жүрек қан тамырлары ауруларына ота жасауда кардиолог- дәрігерлер жоғары жетістікке қол жеткізген. Десе де, жүрекке жасалатын ауыр оталардың біразын Астанаға арнайы квотамен жіберіп келген.

Спандияр Бекжігітов, облыстық кардиоорталықтың бас дәрігері: «Жүрек ауруы жас талғамайды. Онымен жаңа туған нәрестелерден бастап, жасы келген жандарға дейін ауырады. Соңғы уақытта жүрек ақуалымен туылатын нәрестелер саны өсіп отыр. Былтыр 76 мың нәресте дүниеге келсе, оның 400-інің жүрек талмасы бар. Олардың 250-іне ота жасалады. Олардың арасында ауыр науқастар да бар. Біз енді Астанаға жібермей, өзімізде жасайтын боламыз. Білікті дәрігерлер осыны үйретеді бізге».

Бірнеше науқасқа коронарлық артерияларға стент қойып, біразына уақытша электрокариодиостимулятор қою арқылы жасалатын оталар тәсілдерін қолданбақ. Ең қиын ота жүректен миға апаратын қан тамырларына жасалатыны екен.

Тоқан Сұлтаналиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор: «Бұл өте ауыр ота. Шымкентте екінші рет жасалмақ. Мұнда хирургтардың біліктілігі мен тәжірибелігі керек. Яғни бір наркозбен науқастың жүрегіне және қан тамырына ота жасаймыз. Қауіптілігі-науқастың отадан кейін ес жимай қалуы. Сондықтан аса мұқиятылықты серік етеміз».

Жергілікті кардиологтарға шеберлік сабағын өткізіп, кеңестерін беретін білікті мамандар қаламызда үш күн болады.