Шымкентте жолаушылар көліктері жоғалуда. Қате түсінбеңіз. Жол ақысы көтерілмесе, бағыттағы көліктер мүлдем жолға шықпайды деп отыр көлік мамандары. Осы күннің өзінде №103 және №50-автобустарды жолаушылары сағаттап күткенімен келмеуде. Айта өтейік, жанар жағармай бағасы мен автобөлшек құнының қымбаттауына байланысты көлікшілер жол ақысын көтеруді сұраған болатын. Бұл өтініштері орындалмаған соң, транспорт иелері осындай әдіске көшсе керек.
Мәселен, Шымкенттегі Әлімбетов көшесінің тұрғындары бүгінде жаяу жүруге мәжбүрлі түрде үйреніп келеді. Жетер жеріңіз алыстау болса, онда міндетті түрде такси шақырып қана, аяғыңызға дамыл бере аласыз. Жарайды, бұл тірлікті қалтасы көтергендер жасайтын шығар. Ал әлеуметтік жағдайы ортадан төмен, көп балалы отбасылардың хәлі не болмақ? Аталған көшенің тұрғындары неліктен нақ осы көшеге автобус жүргізушілерінің байкот жариялағанын түсінбей дал.
Бұл түйткілге автобус айдаушылары түсіністікпен қарауды сұрайды. Себебі, өздері айдап жүрген қоғамдық көліктің көпшілігі несиге алынған техникалар. Оған төлейтін ай сайынғы теңге толмай, теміртұлпар қожайындары шығынға батуда. Дәл қазіргі күні 4-шағынаудан мен Әлімбетов көшелеріне автобустар осы себептерге байланысты қатынауды мүлдем доғарған. Көпшілігі басқа қалаға нәпәқа табуға кетсе, бірқатары сатуға шығарып жібергеніне қай заман?! Жүргізушілердің бұл жайын «Галиев и компания» ЖШС-нің директоры Геннадий Галиев айтып берді бізге.
Г.Галиевтің сөзін автобус жүргізушісі Ділмұрат Тұрсынқұлов төмендегіше жалғайды. Яғни, ол күні бойы халыққа қызмет ететін бір күнін автобустың астында оны шұқылап, жөндеумен өткергенін айтып ашынады. Көлік айдаушысы қазір артық шығындардан шығудың айласын таппай әуре. Ал отбасы болса, күнделікті азық-түліктен қағылып, берекесі бұзылып барады. Айтуынша, жағдай бұлай ушыға беретін болса, шаһар бір күнде барынан айрылып қалады. Менің ойымша, бұл қорлыққа бұдан әрі автобус жүргізушілері шыдамайды.
«Адамдар не себепті нан, жанармай бағасы мен азық-түлік қымбаттағанда шулап шықпайды. Солардан келген кесірді енді біз көтеріп, тегін жұмыс істеуіміз қажет пе?! Бұл ақылға сыймайды ғой, тіпті»-дейді.
Мамыр айының өзінде Шымкентте 9 бағытқа қатынайтын көліктер жұмысын тоқтатқан. «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов келер айда жағдай мұнан да мүшкүл болады деп отыр. Қаюпов мырза бұл наразылық қалалық әкімдік жолкірені 50 теңгеге көтермейінше, жалғаса беретінін айтады. Оның сөзінше, қалада 1000 жолаушылар көлігі болса, соның бүгінгі күні 50 пайызы ғана халыққа қызмет көрсетіп жатыр.