Кешегі аптада Шымкентте көпқабатты тұрғынүйдің ауласында шекілдеуік шағып, шырт түкіріп тұрған жігітті учаскелік полиция қызметкері әкімшілік жазаға тартты.

Естеріңізде болса Елбасымыз Н.Назарбаев бұған дейін де Астанада өткен алқалы жиында көше мәдениетін, көпшілік орындағы тәртіпті сақтамайтындарға әкімшілік шара қолдану керектігін қадап айтқан еді.Тіпті Елордада көшеге темекінің тұқылын, сағызды тастаған азаматтардың алғашқыларын ұстап, әкімшілік жазаға тарту, айыппұл салып, абақтыға қамату ісі басталып та кетті. Оны телеарналардан күнделікті жаңалықтардан да көрудеміз.

Енді міне қатал тәртіп Шымкентте де орнатыла бастады. Қала мәдениетін, көшеде жүру тәртібін, әдебін білмейтіндерг, шекілдеуік шаққандарға шара көрілуде.

Әл-Фараби ауданының тұрғыны, 20 жастағы жігіт пісте шаққаны үшін бір тәулік түрмеде отырамын деп ойламаса керек-ті. Ендігі жерде көшеге қалдық тастап, бей-берекет күл-қоқыс лақтырмайтын болады.

Пістені былай қойғанда облыс қонақтары жиі болатын Тәуелсіздік саябағының да көркін кетіріп, әрін тайдырып жүргендер бар. Халықтың игілігі үшін 8.2 гектар аумаққа, бюджеттің 807 млн. теңгесіне салынған саябақтан қазір сән кете бастаған. Ондағы орындықтарды сындыру, болмаса «мен сені сүйемін» деп жазып кету, ескерткіш тақталарды ойып сурет салу әдеті шымкенттік жастардың мәдениетсіздігін көрсетеді. Қынжыласын. Алайда, осындайда жастарды тың игі-шараларға шақырып, акциялатып жататын көптеген қоғамдық жастар ұйымдары не қарап отыр екен?

Тәуелсіздік саябағында ерікті жастар жасағын ұйымдастырып, өз замандастарына «жерге түкірме, сағызды кез-келген жерге тастай салма, темекі тұкылын арнайы орынға таста, пісте шакпа» деп отыруына болады емес пе?

Айтпақшы, айналасындағыларға әдепсіздік жасағандарға әкімшілік кодекстің 330-шы бабы бойынша бұзақылық деп айып тағылады екен. Шекілдеуік шағып, ауланы қоқсытқан жас жігіт бұл жазадан құтыла алған жоқ. Бақандай 24 сағат қамауда отырып шықты.

Сіз не дейсіз?

Ермахан Жайсанбаев, учаскелік инспектор:

Аула аралап, қадағалап жүргенімізде пісте шағып ауланы ластап тұрған жас жігітті көзіміз шалды. Барып, бұл қоғамдық тәртіпті бұзу екендігін түсіндірдік. Оған әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 330-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа берілді. Осылайша ол 1 тәулікке қамалды.

 

Пісте шаққан жігіт:

Менің қоғамдық орында шекілдеуік шақаным рас. Бірақ, бұл үшін жазаға тартыламын деп ойламаппын. Сол үшін де қамайтынын білмеппін. Енді білетін болдым…

Ақмарал Мәсім, «Жасыл қала» ЖШС-інің қызметкері:

– Тәуелсіздік саябағының тазалығына жауапты мамандар әрдайым қолдарына шүберек пен бояу алып жүреді. Осындай әдемі саябаққа келіп, мәдениетті түрде демалып қайтуға болады ғой. Орындықтарға түрлі сөздер жазып, пістенің қабығын шашып кетеді. Осы дұрыс па? Ескерту жасасақ, ренжиді. «Сендер осы үшін жалақы аласыңдар» деп өзімізге «ақыл» үретеді.