Оңтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін республикалық маңыздағы 786 шақырым автомобиль жолының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысына 448 шақырымы түседі. Құрылыс жұмыстары 224 шақырымға созылған 6 учаскіде жүргізілуде. Оңтүстік өңірінде 7 бас мердігер жұмыс атқаруда.
Шымкент қаласындағы «Бекжан» базарынан Түркістан бағытындағы 5,2 шақырым жолдың құрылысын қосалқы мердігер «Береке» ЖШС жүргізуде. Құрылысшылар халықаралық көлік дәлізінің бұл бөлігінде өте мұқият. Өйткені, мұнда тұрғылықты мекен жай. Тұрғындардың үйлеріне зақым келтірмес үшін мамандар техниканың әрбір қозғалысын есептеген. Бұл жердегі жол екі жағынан да кеңейтіледі. Қазіргі таңда мұнда жер жұмыстары жүргізілуде.
Абдулла Оспан, «Береке корпорациясы» ЖШС-нің прорабы: «Жұмысқа бір жарым ай бұрын кірістік. Құрылысты жылдың соңына дейін аяқтауымыз керек. Қазіргі таңда жолды кеңейту мақсатында ені 3 жарым метрде қазу жұмыстарын бастадық. 90 см. тереңдіктегі топырақ алынып, жер нығыздалып, қайта үстінен топырақ, тас төселуде.
Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары бұл уақытша қолайсыздықтар екендігін түсінеді. Құрылыс барысында үйлердің іргетасына және қабырғаларына еш зақым кетірілмейтініне олар сенімді.
Шахло Пакимбаева, Ынтымақ шағынауданының тұрғыны: «Құрылыстық техникалардың қозғалысынан жеріміз шамалы дірілдегені болмаса, айтарлықтай күрделіктер жоқ , әзірге. Үйімізді 7 жыл бұрын салғанбыз.Үйдің қабырғалары, қасбеті не іргетасына зиян келтірілмеді».
Бірінші техникалық санаттағы халықаралық жолдың құрылысы барысында жол бойындағы барлық құрылыс нысандары , аялдамадар, жаяу жүргіншілер жолы мен электр жарығы бағаналары көшіріледі.
Ғалымжан Өтелбаев, қалалық әкімдіктің өкілі: «Ия, жол бойындағы жаяу жүргіншілер жолы қайта салынады. Бағаналар мен аялдамалардың конструкциясы жаңаланған жол бойына қайта орнатылады. Бұл жұмыстардың барлығы жобаға сәйкес бас мердігерлер есебінен жүргізіледі».
Оңтүстікқазақстандықтар үшін көлік дәлізінің маңызы зор. Бұл-сапалы жол және жаңа жұмыс орындары. Келешекте «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық жолы бойында заманауи техникалық қызмет көрсету орындары, шағын қонақжайлар мен қоғамдық тамақтандыру нүктелері бой көтермек. Барлығы шетелдегідей.