Қанмайданға аттанған азаматтардың есімін бірі білсе, бірі біле бермейді. Дәл қазіргі уақытта олар үй қабырғасына соғыс ардагері деп жазылған арнайы тақташа ілетін болған. Мұндағы мақсат — ардагерлерді өз дәрежесінде дәріптеп, құрметке бөлеу. Соғыстың ащы арнасын татқан ардагерлерге құрмет көрсету жалғасуда.
“Шымкент жастары” мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының студентерінен құралған топ қаламыздағы ардагер қарияларды құрметке бөлеуде. Мәселен, олар қарттардың үйін жеке-жеке аралап, гүл шоқтарын, сый-сыяпаттарын табыстады. Отаны үшін от кешкен Боранбай Ахунов – 18 жасында қан майданға аттанған. Жастайынан сұрапыл соғыстың дәмін татқан қарияға бүгінгі жас толқынның парызы орасан. Сол себепті, шымкенттік жастар ардагер үйіне келіп, қолынан келген көмегін көрсетті.
Боранбай қарияның жасы 85-ке таяса да, жастарды түрегеліп қарсы алды. Қаншалықты қартайғанымен сыйластық пен құрметтің қатар жүретінін білетін атаның қуанғаны бірден-ақ байқалды. Гүл шоқтарын табыстап, алғыстарын жеткізген жастарға ақ батасы мен ақылын айтты ардагер.
Боранбай Ахунов, ардагер: «Біз не көрмедік майданда. Бір Алладан сұрарым – сендер ондай қиыншылық пен қантөгісті көрмеңдер, айналайын. Болашақтарың бұлыңғырлықтан аулақ болсын, тек жақсылық көріңдер! Қазақ елінің байрағы көкте желбірей берсін, Отан-Аналарыңды қастерлей біліңдер, қарақтарым! “Оқы, оқы, және оқы” деген екен. Сондықтан оқыңдар! Білім алыңдар мынадай бейбітшілік заманда! Елдің болашағы сендерсіңдер! Біз сендерге сенім арттық!»
Көп ойланбай-ақ жастар өз жұмысына кірісіп кетті. Қолдарына күрек алып, есіктің алдына гүл отырғызуды көздеді. Ардагердің тынығатын ауласын тазалап, жасылдандыруды жөн көрген жастар бар ықыласымен жұмыс жасауда. Ал нәзік жанды қыздар есік алдын арам шөптерден арылтып, су себелеп сыпырды. Үйілген қоқыстарды да тазалады. Жастардың жасаған жұмыстарына сүйсінген ардагер болашақ иелеріне тек жақсылықтар тілейді. Ардагерде албырт жастық болмаған. Зұлмат заманмен тұспа-тұс келген дәуренін отты далаға айырбастады. Десе де, оның 6 баласы мен 25 немересі, 18 шөбересі аталары сыйлаған бейбіт өмірдің кәугерлері болып өмірі сүруде. Бастысы, Ардагерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Барша қиын қыстау кезеңді бастан өткерген қарияға көмек қолын созып, шамасы жетпейтін ауыр жұмыстарды атқару- жаңа толқынға жүктелеген міндет!