Бұл ауру, негізінен, қуықтың әрекетін басқаратын орта жүйке жүйесі бөліктері қызметінің уақытша бұзылуынан болады. Әдетте тым әсершіл, күйгелек, жасқаншақ, көңілі алаң балаларда кездесетінін алға тартады дәрігерлер. Шыжыңдық немесе түнгі энурез – ұйықтап жатқан кезде балалардың кіші дәретін ұстай алмауынан туындайтын дерт. Шыжыңның түрі де, себептері де көп.

Бұл ерте заманнан келе жатқан ауру түрі. Негізгі себебін айтып өткеніміздей, орталық жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуінен деп түсіндіреді әлі де ақ халаттылар. Бұл дертке шалдыққандарға диагнозды бала 6 жасқа толғанда барып қоя алады екен. Себебі осы жастан бастап бала өзінің дәрет сындыруын бақылауда ұстай алады. Ал алты жастан асқан соң кіші дәретін бақылауда ұстай алмайтын балалардың ағзасында ақау бар деген сөз.

Дәрігерлер көбіне бұл жағдайда түрлі ем-домды пайдаланады яғни дертті белгілі бір маман емдемейді. Шыжыңдықты тоқтатуға атсалысатын дәрігерлердің қатары ұзын сонар. Оны балалар неврологы, педиатрлар, психиатрлар, эндокринологтар мен нефрологтар, урологтар мен физиотерапевтерде тексеріп, ем-дом ұсына алады.

Аталған мамандардың негізгі міндеті- түнгі энурездің негізгі себебін анықтау. Статистикадан мәлімет келтірер болсақ, облыстық балалар ауруханасына дәл осы шағыммен қаралатын балалардың жас мөлшері көбіне 5 жастан 15 жас аралығында болады екен. Оның ішінде 5 жастан 8 жасқа дейін 10%, 10 жастан жоғары балалар 5%-ды құрайды.

Егер бала кіші дәретін тек түнгі уақытта жіберіп, бақылай алмайтын болса, диагноз- түнгі энурез. Ал егер осы жағдай күндіз де қайталанатын болса, дәрігерлер мұны күрделі жағдай деп қарастырады. Себебі дәретін күндіз-түні бақылай алмайтын баланың жүйке жүйесі дұрыс жұмыс жасамайды, яғни миға жіберетін «сигналдар» істен шығады. Бұл жағдай психо-эмоционалды және неврологиялық сипатта өріс алған ауру саналады. Сондықтан ем ауқымды түрде баламен әңгімелесу арқылы жүргізіледі.
Түнгі шыжыңдықтың тағы бір түрі бар. Ол бала ұйқысының тым қатты болуынан. Мұның да өзіндік диагнозы бар. Айтылу жағынан тілің сынады. «Профундосомния». Дәл осы диагноз қойылған балалар да шыжыңдықтан есейгенше арыла алмауы мүмкін. Мұндайда дәрігерлер психологиялық ем деу әдісіне көшеді. Дәрі-дәрмектермен қоса, ашық әңгімелесу арқылы да аурудың бетін қайтаруға болады дегенді айтады дәрігерлер.

Жүйкелік энурез жоғарыда айтқанымыздай әлсіз, әсершіл, күйгелек, жасқаншақ, көңілі алаң балаларда болады. Бұл отбасындағы жағдайлардан пайда болатын дерт. Ата-анасының арасындағы нашар қарым-қатынасқа алаңдайтын балалар немесе ата-анасынан үнемі қатаң ескертулер мен сөгістер алатын балалар да төсекке «көлдетіп» қояды. Оның үстіне баланың бұл кемшілігін үнемі бетіне басып, сол үшін жазғыратындар да бар. Осылайша, шыжыңдықты тоқтатамын деп ойлайтындар, қатты қателеседі. Шыжыңдықты қайта асқындырып алады. Себебі бала онсыз да өзінің бұл әрекетінен қатты қысылады, психикалық қолайсыздық ми қыртысына жатталып қалып, үнемі өзінің «әмірлігін» жүргізіп отырады. Бала еріксіз түрде есейгенше бұл әдетінен арыла алмауы мүмкін. Сондықтан, алғашқы сатысында -ақ баланы қаратып, жүйелі ем алу керек. Ем бір апта, он күн емес, айлап, тіпті жылдап жүргізілуі мүмкін.

Енді энурездің жанамалық емес, негізгі себептеріне келер болсақ, түнгі энурездің туындауына себепкер болатын мына жағдайлар:
1) түрлі инфекциялар
2) бүйрек қызметінің бұзылуы, зәр шығару жолдарының қабынуы мен қуық безінің кемшіліктері
3) орталық жүйке жүйесінің зақымдануы
4) психологиялық стресстер
5) невроздар
6) психиканың бұзылуы
7) емделмеген цистит

Егер баланың зәр шығару жүйесінде белгілі бір патологиялар бар болатын болса, бұл жүйке жүйесімен тікелей байланысты. Баланың сәби кезінде бұл жүйесі әлі жетілмеген болады. Соның әсерінен сәби дәретті еріксіз сындырады. Ал есейе келе бұл жүйе дамып, бала өзінің қажеттіліктерін білетін болады. Жұрыс дамымаған жүйкелік жүйе баланың түнде «жіберіп қоюына» себепкер болмақ. Бір сөзбен айтқанда шыжыңдық-шырғалаңы көп дерт. Пайда болу себебі мен ауқымы кең. егер балаңызды осы дерт мазалап жүрген болса, міндетті түрде дәрігер-урологтың кеңесін алыңыз.

Әбдішүкір Егізбаев, облыстық балалар ауруханасының дәрігер-урологы: «Бүйректің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін көптеген жағдайларды есте сақтау қажет. Салауатты өмір сүру; өте ащы, өте тұзды тағамдарды пайдаланбау. Баланың жыныс мүшесінің гигиеналық талаптарын қатаң орындау. Түрлі инфекциялардың алдын алып отыру. Дәл осы қағидалар орындалса баланың ағзасы да дұрыс дамиды. Жекіп, ұрысып тәрбиелеу-нәтижелі емес. Психикасы бұзылатындығын ескеріп жүріңіз. Сонымен қатар, төсекке жіберіп қояды деген желеумен тәуіп, бақсы-балгерлерді аралаудың реті жоқ. Ол мүлдем тиімсіз ем деп айта аламын. Сондықтан нәтижелі емді тек кәсіби білімі бар дәрігерлерден іздеңіздер».