Жаңғырту аясында жөнделген үйде олқылықтар көп

319

Тәукехан даңғылы бойындағы 9 қабатты үй «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында жаңаланды. Нысанды мердігерлер алдағы айда тапсырмақшы. Алайда, 3 корпустың тұрғындары құрылысшылардың жұмысына наразы. Олардың мәлімдеуінше, терезені ашу мүмкін емес, ал лифт болса жиі істен шығады. Ал мердігерлер «дұрыс пайдалана алмайды деп» тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.

Владимир Иванов, Тәукехан даңғылындағы №33/3 үйдің тұрғыны: «Дүйсенбі күні төтенше жағдайлар департаментінен келген мамандар терезені шешіп алдыү. Олардың мәлімдеуінше терезенің тұтқасы бұрмагелерге жақсы бекітілмегендіктен, қисайған».

Альфия Жүнісова, тұрғын: «Терезелерді ашып жабу қиын. Мен өз басым оларды еден жуатын таяқшамен ашып, жабамын».

Терезенің жақсы бекітілмегені жайлы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары акт түзген. Тұрғын үйдің қасбетін қаптаған мердігерлер бұл айыптармен келіспейді. Оны дәлелдеу үшін маман сегізінші қабатқа көтеріліп, терезені қалай ашып жабу керектігінен тіпті шеберлік сабағын да өткізді.

Константин Кузарев,  мердігер: » Мынадай  еңіспен терезе ашылады, жабылады. Болды. Қатты ашуға болмайды. Мен жобалық сметалық құжат негізінде жұмыстарды жүргіземін. Басқаша терезені қою менің құзырымда емес».

Тұрғындар ескеретін тағы бір тұс, терезелердің әйнектері мен қапталған керамограниттер жылына екі рет тазартылады. 3-корпустағы тағы бір күрделілік- мұнда лифт жиі істен шығады екен.

Людмила Иванова, №33/3 үйдің тұрғыны: «Мен ауруханадан шыққан күні лифтте қалып қойдым. Ашылмады. Демала алмай қиналдым. Қашан ашып, мені пәтерге жеткізгені есімде жоқ».

Альфия Жунусова, тұрғын: 7, 8- қабаттардың арасында лифт тоқтап қалады. Мереке күндері лифт мүлдем істемейді».

Бұл үйде жөндеу жұмыстары былтырғы жылдың мамыр айында басталған еді. Келісімшартқа сәйкес барлық кемшіліктерді мердігер кепілдік мерзімінде өз есебінен реттейді.

Константин Кузарев, мердігер мекеменің техникалық директоры: «Терезелерді айқара ашудың қажеті жоқ. Дұрыс пайдаланбаса әрине ол бұзылады. Біз екі жыл кепілдік мерзімінде нұқсан келген барлық бөлшектерді алмастырып береміз. Лифт қазір тексеруден өтуде. Тұрғындар онымен құрылыс материалдарын да тасиды. Қалай болса солай пайдаланады».

Нұрғали ТӨРЕЖАНОВ, «МКК Тұрғын үй» ЖШС-нің директоры: » Құрылыс барысы біздің қадағалауымызда. Қандай да кемшіліктер анықталса, дер кезінде мердігерге айтылып, реттеледі. Жұмыс комиссиясының ескертулері ескерілді».

Тұрғындар да жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілгенін қалайды. Өйткені «жаңғырту» мемлекеттің және олардың өз қаржысына жүргізілуде. Жұмыстар маусым айында толығымен аяқталуы тиіс.