жас ақындар жеңісті жырлады

«Біз жеңісті жырлаймыз». Дәл осы атаумен Шымкентте облыстық жас ақындар айтысы өтті. Шындықты шырмаусыз жеткізіп, халықтың қолдауына ие болған өнер додасын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

Аталған өнер бәсекесіне Төлеби ауданынан Лаура Тастанбекова, Түркістан қаласынан Тұрар Тілеулиев, бәйдібектік Нұрлыбек Мейірманов, Арыс ауданынан Нұрлан Есенқұлов, Отырар ауданынан Дәурен Ақсақалов, Бәйдібек ауданынан Біржан Байтуов, Ордасбасы ауданынан Айбол Жолдыхожаев, шымкенттік Ғабит Сапарбеков, Бәйдібек ауданынан Қажымұхан Абзалов, отырар ауданынан Гаухар Жүнісәлиева, Созақ ауданынан Қалижан Білдәшов, шымкенттік Асхат Садықбеков қатысты. Жалпы саны 12 жас ақын атсалысқан айтыс тартысты да таласты өтті.

Ұлы Жеңістің 67 жылдығына, Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне 20 жыл толуына орай және Тоғанбай Қауымбаевтың 90 жылдығына арналған суырыпсалмалар сайысына халық көп жиналды. Сахнаның шымылдығын ақын Әбдіхалық Әбдірайымов ашты. Қазылар алқасының төраймы болып Қазақстанның халық ақыны Әселхан қалыбекова сайланды. Сондай-ақ бас жүлденің (150 мың теңге) бәйгесі ғана жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен берілді, ал қалған жүлделер мемлекет тарапынан бөлінді.

Бұл Айтыстың өзге де айтыстан ерекшелігі сол – жас ақындар өзінің жұбын алдын-ала белгілемей, сахна төріндегі тасталатын жеребе арқылы тапты. Мәселен, айтысқа алғашқы жұп болып бәйдібектік Нұрлыбек Мейірманов пен шымкенттік ақын Асхат Садықбек шықты. Десе де кездесулері сәтті болды.

Ұтымды уәждер айтылды сұрапыл соғыс турасында. Бірінші айналымның бірінші кездесуі 27:28 есебімен, Нұрлыбектің пайдасына шешілді. Өз кезегінде Асхат Садықбеков тілшілерге айтыс әділ өтуде деген сұхбатын беріп үлгерді. Десе де от ауызды орақ тілі ақындардың айтысы тікелей халықтың бақылауында болды.

Қазақтың  қара өлеңіне қанат бітіретін айтыс өнерін бағалауда белсенділік танытқан айтыскерлер міндетінен жаңылмақ емес. Бұл күні ақындардың оймақтай ойларын бүкпесіз жеткізгені байқалды.

Сонымен, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген ақындар мараптталды. Бас жүлдені (150 мың теңге) бәйдібектік ақын Біржан Байтуов қанжығаға байлады. 1-орынды (100 мың теңге) Арыс ауданының тумасы Нұрлан Есенқұлов иеленді. 2-орын (70 мың теңге) шымкенттік ақын Асхат Садықбековке бұйырды. 3-орынды (60 мың теңге) бәдібектік ақын Нұрлыбек Мейірманов алды. Сабыр Рахымов атындағы арнайы сыйды (50 мың теңге) бәйдібектің намысын қорғаған ақын Қажымұхан Абзалов еншіледі.

Тоғанбай Қауымбаев атындағы қаржылай сый мен қазақтың оюы өрнектелген шапанды Отырар ауданының ақыны Дәурен Ақсақаловқа берілді.