Жолкіре ақысын көтеру керек

Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?

Шымкентте автобустар жүрмей қалуы мүмкін. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын компания мамандары жолға шығудан үзілді-кесілді бас тартып жатыр. Айтар уәждері біреу-ақ. «Жолкіре ақысын көтеру керек!» дейді. Жанармай бағасы шарықтап, көліктердің қосалқы бөлшектерінің құны аспандап тұрған шағында 35 теңгемен жүруге болмайтындығын айтады. Осылайша пайдадан гөрі шығынға белшеден батқан көлік компанияларының 20 %-ы онсыз да өз жұмысын тоқтатқан.

Нұрлан НҰРҚОЖАЕВ, автобус жүргізушісі: «35 теңге біздің ешқандай жыртығымызды жамамайды. Мәселен, 2010 жылы жанармайдың литрі 50-55 теңге болса, бүгінгі күні оның бағасы 100-ге дейін барды. Мұны бір деңіз. Екінші, көлікке қажетті қосалқы бөлшектердің құны екі есеге артты. Автобустың бір доңғалағы бұрын 30 мың теңге болса, қазір ол 60 мың теңгеге барды. Техникалық қызметтің бағасы да аспандап тұр. Қысқасы, бізді де дұрыс түсінгендеріңіз жөн. Дәл бұлай жұмыс істеу мүмкін емес. Бізде де бала-шаға бар. Жолкірені 50 теңгеге көтермесе, қала қоғамдық көліксіз қалады».

Таяу арада Шымкент қоғамдық көліксіз қалмасын деп тілеңіз. Автобус жүргізушілері жергілікті әкімдікке осыны айтып ескерту жасаудан жалығар емес. Себебі олар мұндай ескертуді алғашқы рет жасап отырған жоқ. «Южавтотранс» қауымдастығы жолкірені қымбаттату керектігін алға тартып Шымкент қалалық және облыстық әкімдіктердің табалдырығын екі жылдан бері тоздырып келеді. Былтыр сең қозғалғандай болған. Қала әкімдігінің жауапты мамандарымен бірлесіп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық тыңдаулар өткізілген-ді. Ел-жұртқа жолкіре құнын не себепті көтеру керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілген болатын. Бірақ, тұрғындардың әлеуметтік деңгейін ескерген облыс басшылығы жолақыны көтеруге рұқсат етпеген.

Алайда, таяқтың екі ұшы барын да ұмытпаған абзал. «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтуынша жолақы өспейінше қызмет көрсету сапасы артпайды. Қайта кері кетіп, аялдамада жолаушылардың автобустарды күтуі ұзаққа созылмақ. Шымкентте 90 бағытта қатынайтын 936 қоғамдық көліктің (295-і бағыттағы “Газель») барлығы бірдей кестеге сай жұмыс істеуден қалған. Әсіресе қала маңындағы шағынаудандарға қатынайтын 10 түрлі бағыттың жүру тәртібі әлдеқашан бұзылған. Нақтырақ айтсақ, қазір 90 автобус қаңтарылып тұр. Бұл әсіресе, №1, 2, 10, 21, 103 бағыттарда қатынайтын көліктер екен.

Айтпақшы, бұрынғысын есепке алмағанда соңғы 3-4 айда 64 автобус жүргізуші несібесін Қарағанды, Астана, Өскемен қалаларынан іздеп кетіпті. Ол жақта бәрі жақсы дейді. Жолкіре құны 50-60 теңге аралығында. Мұның да жолаушы тасымалындағы сапаға тигізіп отырған кері әсері жоқ дей алмаймыз. Білікті, тәжірибелі жүргізушілер кетіп жатыр. Маман жоқтығынан, автобус рөліне тәжірибесі аз азаматтар келуде. Бұл өз кезегінде жолаушының өміріне қауіпсіз емес деп ешкім де кепілдік бере алмауда. Жолақысын 50-60 теңге еткен өңірлерде автобус қожайындары шыққан шығынды өтей алатындығын айтады екен. Дархан Қаюпов ол жақтарда жергілікті әкімдік тасымалдаушылар үшін жыл сайын арнайы дотация бөліп, субсидиямен қамтамасыз ететінін де айтады. Дотация дегеннен шығады, республиканың 13 облысында бұл мәселе түбегейлі шешілген. Шиеленісіп тұрған тек Шымкент.

Мамандар тағы бір есепті алға тартады. Шымкенттік автобус жүргізушілері ҰОС, тыл, Чернобыль, Семей полигоны, Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаның» иегері Батыр аналар, Зағип жандар мен оларды ертіп жүретін қамқоршылары сынды тегін жүру жеңілдігіне ие 22 мың жанды күніне тасымалдауына тура келеді екен. Бұл шығындарды жабу үшін жылына 400 млн. теңге жергілікті бюджеттен бөлінуге тиісті. Ал ол бөлінбейді. Оның үстіне бұл жеңілдікке ие азаматтардың күніне бір-ақ рет бару-қайтуы ғана есептелгендегі сомасы.
Сол себептен де шаһардағы 34 көлік компаниясының басшылары «Жағдайды қалыпқа келтіру үшін жолкіре бағасы 35 теңгеден 50 теңгеге көтерілсін!» деген талаптарын тағы да биліктің алдына қоюға мәжбүр.

Егер олар талап етіп отырған 1,5 млрд. теңге дотацияның мәселесі шешілсе жолақысын көтермей-ақ, сынық көліктерді жөндеп, өз жыртығын өздері жамамаққа бекінген.
Айтпақшы, күн санап аумағы кеңейіп жатқан Шымкент қаласының о басынан бұ басына дейін жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша 40 шақырымдық жол қосылып отыр. Онсыз да автобустар жетпей жатқанда жол ұзарып, аялдамада жолаушылар ұзақ тұратын болған. Қазірдің өзінде редакциямызға хабарласып, мысалы қала іргесіндегі Жұлдыз ауылының тұрғындары №69 бағыттағы автобустың жол жүру кестесіне көңілдері толмайтындығын жеткізуде. Анықтағанымыздай осы бағытта жүруге тиісті 10 автобустың 5-уі ғана, №7″А» бағыттағы 14 «ГАЗЕЛЬ» автокөлігінің 7-уі ғана халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындар болса, жұмысы мен оқуына уақытылы бара алмай әуре сарсаңға түсіп жүр. Бұл жаздыкүнгі көріп отырған мәселеміз. Қыста не болмақ?!

Аз айтайық, көп айтайық, шымкенттіктер жолкіре үшін 50 теңге төлеуге қазір дайын еместігі анық. Тұрғындар жүргізушілердің талабын қалта қағу деп бағалауда. Біздегілердің айлығы да шайлығына жетпейтіндігі, елдегі ең төмен күнкөріс Оңтүстікте екендігін алға тартады. Орынды-ақ. Енді не істемек керек? Жаяу жүреміз бе?

Дастан САПАРОВ, қала тұрғыны: «Менің бес баламның үшеуі студент. Әрқайсысы 35 теңгеден жолкіре төлеп, күн сайын барып қайтуына 70 теңге жаратса, үшеуіне 210 теңге беруім керек. Барып-қайтудан өзге, кітапхана бару, түскі ас, ксерокөшірме үшін кететін қаржыларын қосыңыз. Яғни, бір күнде әрқайсысына кем дегенде 300 теңгеден беруім қажет. Ал біздегі 50 мың теңге жалақымен осылай ету мүмкін бе? Жолкіре 50 теңге болатын болса, тамақ ішуден қалармыз. Осындайда билік бюджеттен қаржы бөліп көмектесуі керек емес пе?».

Орайы келгенде айтайық, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев бұл мәселені шенеуніктердің әккі әрекетіне балауда. » Жолкірені көтеру мәселесін билік саясатқа айналдырып жіберді. «Южавтотранс» қауымдастығы келтірген дәйекке сүйеніп бір топ депутат болып, бұл ұсынысты мақұлдағанбыз. Не себепті билік оны қабылдамады? Осылай ету арқылы билік халықтың алдында ұпай жинағысы келгені ме?! Мәселені осылай шешусіз күйінде қалдырсақ, одан ұтылатын халықтың өзі емес пе? «, — дейді Н. Бұхарбаев.
Тілші түйіні: Тасымалдаушылар талабын қостағалы отырғанымыз жоқ. Жолкіреге керекті 35 теңгені таппай отырған, амалсыздан мұндайда жаяу жүретін, осылайша аяқкиім шақ келтірмейтін талай студентті көріп жүрміз. Алайда, тозығы жеткен автобуспен адам тасымалдау да қауіпті. Оның үстіне автобус жүргізушісі не талап етілетін жоспарды өтей алмай, не жанармайға жеткізе алмай бұл саладан безіп кетіп жатқаны да жасырын емес. Бұл жағдай Абайдың «Аққу, шортан һәм шаянын» елестететіні рас. Билік өзінікін жөн дейді. Автобус жүргізушілері көрпені өзіне қарай тартады. Екі ортада сарылып, сағаттап автобус күткен аялдамадағы қара халық қиналуда. Қайтпек керектігін тиісті сала мамандарына, биліктің тоқ етер шешіміне қалдырдық. Ойланып көрсе, тұйықтан шығар жолды табар деген үміттеміз

Ерсейіт БҰХАРБАЕВ, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі: «Южавтотранс» қауымдастығының бұл ұсынысын қабылдамауымыздың себебі көп. Бағаны көтеруді ұсынғанымен, біз керісінше осы бағаны ұстап тұру керектігін айтудамыз. Жарайды, бағаны көтерген күннің өзінде де жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасы артатынына ешкім кепілдік бере алмауда. Дөрекі бақылаушы, жауапсыз жүргізуші, бір-бірімен жарысып, жол қозғалысына қауіп төндіретін көліктер жайлы күн сайын тұрғындардан келіп түсіп жатқан шағымдар да аз емес. Ескі автобустарды қолданыстан шығарып, жаңалаңдар деген талапты қойып отырмыз. Бірақ олар біздің мемлекетте автобустардың шығарылмайтынын айтып сылтауратады. Шетелдік автобустың құны қымбаттығын айтады. Осындай жағдайлардың кесірінен бір келісімге келу қиын боп тұр».