Бөліп төлеу арқылы пәтерлі бол. Осы жолмен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы баспаналы болуға мүмкіндік бар. Үйлі болудың жаңа бағдарламасы арқылы мыңдаған жас отбасы тұрғын үй мәселесін шешпекші.

Жас отбасылар жеңілдік арқылы баспаналы болуы тиіс. Бұл мәселені қазақстандық шенеуніктер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы шешуді жөн көріпті. Құрылыс жұмыстары басталған жоқ. Бірақ кезекке осы күннің өзінде ақ тұруға болады. Тек, жас жұбайлардың жасы 29-дан төмен болмауы шарт.

Гүлнар ӘШІРБАЕВА, Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі: «Тұрғын үй құнының 50 пайызын олар 8,5 жыл ішінде жинақтау процесі арқылы жиып, қалған соманы 4 пайызбен 15 жыл ішінде бөліп төлей алады. Осы ретте, пәтерлердің жайлылығына байланысты оның құны да бөлек екенін айтқым келеді. Мәселен, 3-ші жайлылықтағы пәтердің бір шаршы метрі 80 мың теңге болса, 4-ші жайлылықтағы пәтерлер 90 мың теңгеден саудаланатын болады. Айта өту керек, көп жұрт 80 мың теңге дегенді ести салысымен мұның қай жері қолжетімді деген ойға батады. Қымбат қой мүлдем дейді. Бұл баға ай сайын төленетін сома еместігін ескерткім келеді. Өйткені, жалпы құнды есептеп, оны айға шақсаңыз, көңілге қонымды баға шығары анық. Тек пәтердің көлеміне байланысты ғой».

Шымкенттік Абдуллаевтар әулетін пәтер мәселесі де айналып өткен жоқ. Қазір ерлі-зайыпты Бахром мен Диана және олардың бөбегі Бехрус ата-ененің қолында тұрады. Жұбайлар «Қолжетімді баспана» бағдарламасы арқылы үйлі болғысы келген. Алайда, орта табысты жанұя үшін бұл қалтаға үлкен салмақ болмақ.

Бахром АБДУЛЛАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «30 мың теңге айлықпен мұндай санаттағы үйді сатып алу дегеніңіз ақылға қонымсыз ғой. Ал бала-шағамен тіпті қиын».

Бахромның тұңғышы кішкентай Бехрус күн санап өсіп келеді. Таяу арада бұл үйде ұлы қозғалатын орын да қалмайтынын әкесі сезіп жүр. Пәтердің әр шаршы метрі үшін 80 мың теңге төлеп, сатып алуға отбасының бюджеті көтермейді. Сондықтан жеке үй туралы арман әзірге кейінге қалғалы тұр. Шымкентте ондаған отбасы мұндай қадамға осы себеппен амалсыз баруда. Көп жанұя үйлердің бағасы расында да қолжетімді болғанын қалайды.

Дегенмен, тұрғын үй бөлімі пәтер үшін белгіленген баға көңілге қонымды деп отыр. Және бағдарламаның кейбір тұсын ретке келтіруге Шымкенттік мамандар аз тер төкпеген. Яғни, аталған бағдарламаның ішіндегі шарттарға жергілікті мамандардың ықпал етуімен «жалға алу құқымен сатып алу» деген бөлік енгізілген. Бұл өз кезегінде баспаналы болуды қалайтын отбасылар үшін өте жақсы мүмкіндік екен. Қарапайым тілмен айтқанда, ниетті отбасы сатып алған пәтерін заңды иелену барысында жалға алғандай ақша төлеп, сосын толықтай меншіктеп ала алады екен.

Қолжетімді тұрғын үй үшін, әзірге, тұрғын үй секторы құжат қабылдап жатқан жоқ. Айтуларынша, бағдарлама әлі де түзетуге түсуі мүмкін. Жаңа бағдарлама бойынша пәтерге кезекке тұрғандарға жалға берілетін үй де салынбақ. Бұдан бөлек, Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар һәм мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге тегін пәтер бөлінетін болады.