Бала – ата-ананың бауыр еті. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру – адамзат алдында тұрған негізгі міндет. Облысымызда 2 млн. 622 мың халық болса, оның 40 пайызы кәмелетке толмаған балалар. Осы күн қарсаңында ОҚО балалар құқығын қорғау департаменті өткен жылы атқарған жұмысының есебін берді.

Әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Өткен оқу жылында біздің өңірімізде де осындай оқиғалар тіркелген. Төлеби балалар үйінде тәрбиеленуші жасөспірімнің соққыға жығылғаны да оқырманның есінде. Тәрбиеші өз жазасын алды да.

Жәбірленуші: » Бетімді шапалақтап ұра бастады. Ұрып жүріп 3 таяқты сындырды. Тамағымнан буындырды.  Бұл жақтан жоғал. Басқа балалар үйіне кет деді».

Баланың құқығы бұзылуы дерегі бойынша, 2011 жылы 2 мұғалім жұмыстан босатылған. 316 балаға нақты көмек көрсетілген. Бірақ, балалар құқығын қорғау департаментінің директоры аудандардағы арнайы орнатылған сенім жәшіктерінің жұмысына күмән келтіреді

Ғалия Жүсіпова, балалар құқығын қорғау департаментінің директоры: «Аудандардағы мектептер бізге жылына 4 рет есеп тапсырады. Сол жерде сенім хабарлама деген бөлімін әрдайым бос қалдырып кетеді. Бұл мүмкін емес қой. Бірде бір бала, ата-ана өтініш айтып, сенім жәшігіне хабарлама тастамағаны мүмкін емес. Мен оған сенбеймін. Бұл дегеніміз. Бала мен мектеп арасындағы байланыстың нашарлығы».

Өткен оқу жылындағы жұмысына есеп берген департамент басшылығы аудандардағы мектеп инспекторының аздығына және олардың жұмыс сапасына да сын айтты. Жасалынып жатқан іс шара көп. Бірақ, Шымкент еліміздегі «Балаға мейірімді қалалар» қатарына қосылу үшін әлі көптеген сапалы істер жасауы керек. Өйткені, арнайы меморандумға қол қойылды. Және ол енжарлықты қажет етпейді.