Ол жуырда 15 жылға сотталды. Бірақ, ол жазасын өтеген соң да әке деген атқа қайта лайықты бола алуы мүмкін бе?! Әрине, жоқ! Өз қызын зорлаған оны адам санатына қосудың өзі қиын…
Қытымыр қыс қыспаққа алып, қара жерді ақ қар, көк мұз құрсаулаған қаңтардың соңғы күндері еді. Қала іргесіндегі «Қайтпас-2» шағынауданында тұратын Бекболат ащы суға құмартып, үйге жиі-жиі тәлтіректеп келуді әдетке айналдырады. Алақанына қарап отырған балаларының қамын күйттеу ойына кірмейтін болғалы қашан. Алмаш отағасының араққа салынып жүргеніне іштей налығанымен, отбасын ойрандағысы келмей, оның бұл әрекетіне көндіккен. Ішіп келген күйеуінен қанша тепкі көрсе де, құқ деп сес көрсеткен емес.
Бекболат бүгін де ақаңнан ақысы қалғандай, сылқия тойып алыпты. Бет-жүзі домбығып ісіп, көзі қанталап кеткен. Қу арақты жеңе алмасын білсе де, бөтелкесін тастауға құлықсыз. Түс әлеті болса да, төсектен тұрған жоқ. Мұның сүйкімсіз сиқын көрген Алмаш 10 жасар Еркінді ертіп, тіршілік қамымен тысқа шығады. Тағдырдың тауқыметі жанына батса да, үнсіз сабыр етумен нәпақа табудың қамымен жүр. Осы кезде үйде 8 жасар Сандуғаш пен маскүнем әке оңаша қалған. Әй дейтін ажа, қой дейтін қожасы жоқ Бекболат көшеде дос-жарандарымен бөлісіп ішкен бөтелкесін енді үйінде жалғастыруға әрекеттенеді. Кішкентай қызының көзінше бір жартысын тауыспақ ниетінде. Арақ ішкеннің күйі белгілі емес пе, әрдеңені міңгірлеп, масаңдаған халде. Осы мезетте қыз-қыз қайнаған делебесі ұрынарға қара таппай аласұрды. Қу құлқынын ойлап, әзәзілдің арбауына ерген Бекболат енді өз қызына ойы кетіп, зорламаққа бекінген.
Арақ адамға не істетпейді десеңізші, өзінен туған өрімдей қызға құмартқаны не тәйірі! Алайда адамдық қасиеттен алыстай бастаған Бекболат нәпсіге ерік беріп, басқа ешнәрсені елейтін емес. Көзі тұманданған әке оңтайлы сәтті пайдаланып, тезірек арам пиғылын іске асыру үшін қызына үйдің есігін іштен бекітіп келуді бұйырады. Ойында ештеңе жоқ балауса қыз әкесінің айтқанын орындап, жанына шақырғанда да жетіп барған. Есік-терезені қымтап, кереуетке жайғасқан жетесіз әке әрі қарай айтуға ауыз бармайтын азғындық әрекетін іске асыруға кіріскен. Қызы шыңғырып, арам ниетті айуанның құшағынан сытылғысы келгенімен, азғын оны күштеп, зорлайды. Осы сәтте кенеттен үйдің есігін әйелі қағады. Ал күйеуі қызын дереу киіндіріп, істеген ісі туралы тіс жармауды бұйырған.
Есіктің іштен құлыптанғанын беймезгіл көрген Алмаштың көңілін күдік билеп, жүрегі әлденебір жамандықты сезіп, аласұрады. Есікті ашқанда Сандуғаштың жүгіріп бұрышқа тығылғанын, кереуетте шалбарының ауы жартылай ашық жатқан азғынды көргенде жүрегі аузына тығылардай күйде еді. Әрі қарай, жағдайдың мән-жайына қаныққан шарасыз әйел күйеуін тоқпақтай бастаған. Әрине, өз қызына ойы кетіп, көзі қарауытқан айуан әкенің жосықсыз әрекеті Алмашқа оңай тиген жоқ. Үйінде масыл болғанымен қоймай, қызына жасаған қиянатына, қорлығына шыдай алмай дереу полицейлерді шақыртқан.
Мән жайды зерделеп, сот-медициналық сараптамасын жүргізген құқық қорғау органының қызметкерлері өрімдей қыздың қорланғанын растады. Азғын әкенің әумесерлік әрекеті сотта қаралып, оған 15 жыл бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалды.
PS: Белгілі себептермен кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді. Оқиға орын алған мекенжайлар нақты деректер бойынша сақталды. Деректер ОҚО бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Райымхан Заппаров пен облыстық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің көмегімен алынды.