Құқыққорғаушылар таяуда адам саудалап, кәсіп еткен азаматтардың қылмысын әшкерелеп, жауапкершілікке тартқызды.
Тарқата айтсақ, қаңтар айының 8-нен 9-на қараған түні Сарыағаш ауданының тұрғыны Қалыбаева Күлзамира «Умида» есімді келіншектен өзбек ұлтының екі қызын 100 мың теңгеге сатып алған. Саудаға түскен бойжеткендерді К.Қалыбаева сөйтіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Мұндай қорлыққа қалай көнсін, «тұтқындағы» қыздар бұдан құтылудың амалын ойластыра бастайды. Түн қараңғылығын пайдаланған арулар адам саудалағыш келіншек үйінің терезесі арқылы сытылып шығып, қашып кетеді.
Қапыда екі «тауарынан» көз жазып қалған әккі келіншек болған жағдайдан іші қыж-қыж қайнаса да, қылмыстық әрекетін өзінде жұмыс жасайтын басқа екі қызбен жалғасытыруды шешуді жөн көреді. Дәлірек жазсақ, осы жылдың 17 қаңтарында қыздардың әрқайсысына 15 мың теңгеден беремін деп, үйінде алып қалудың бар айласын ойластырады. 30 мың теңгені К.Қалыбаева «Д.М.Б» деген азаматтан алғаны белгілі болды арнайы тергеу барысында.
Осылайша, К.Қалыбаева Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылында орналасқан тұрғын үйін жезөкшелікпен айналысатын притонға айналдырып жібереді. «Жеңгетай» ханым бар білгенін қолындағы қыздарына үйретіп, кәсібінен нәсіп іздейді ғой.
Алайда, қырағы құқыққорғаушы азаматтарымыздың арқасында бұл масқара іс әшкере болды. Осы оқиға бойынша ОҚО ІІД-мен ҚР ҚК-нің 128 бабы 2 бөлігі «а,е» тармақтарымен (алдын ала сөз байласып, екі немесе одан көп адамды саудаға салу) қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу барысында К.Калыбаеваның үстінен қосымша ҚР ҚК-нің 126 бабы 3 бөлігі «ж» тармағымен (екі немесе одан көп бас бостандығынан заңсыз айырылған адамды пайдалану мақсатында) ҚК-нің 270 бабы 1 бөлігімен (жезөкшелікпен айналысуға тарту) және ҚК-нің 271 бабы 1 бөлігімен (жезөкшелік айналысуға притондар ұйымдастыру) қылмыстық іс қозғалып, бір өндіріске біріктірілді.
Нәтижесінде істі сот қарап, К.Қалыбаеваны көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот үкімі заңды күшіне енді.
«Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген осы шығар»-дейді Облыс прокуратурасының бөлім аға прокуроры Б.Сеңгірбаев. Кіші әділет кеңесшісі адам тәнін саудаға салған жеңгетайдың бүгінде теміртордың ар жағында жазасын жалпы режимде өтеп жатқанын айтады.
Мұндай қылмыстарды тәртіп сақшылары «STOP трафик» профилактикалық жедел іс шараларын өткізу арқылы әшкерелеп жатқанын айта кеткеніміз жөн шығар, осы ретте. Мәселен, адам саудасына қатысты осы жылдың 4 айында осы іспеттес 18 қылмыс тіркелген. Бұл санның патша көңілді оқырманға тек тіркелген фактілер екенін айтқымыз келеді. Ал бостандықта ойындағы бар құйтырқы әркеттерін іске асырып, амал-айласына құрық бойламай жүрген тайраңдаушылар қаншама?!