Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт салу мәселесі 2004 жылы көтерілген болатын. Содан бері, бірде жер телімін қай аймақтан беру керектігі дауға ұласса, енді бірде ол зауытты кім салатыны нақтыланбай сағызша созылды. Ақыры зауыт салынатын аймақтың анықталғанына да 2-3 жыл болды. Соның өзінде зауыт әлі бой көтерер емес.
Өткен жылдың күз айында негізі қаланған зауыт құрылысының бүгінде 50 %- ы ғана орындалды. Құрылысшылар болса өздеріне сенімді. Зауытты биыл тамыз айында тапсырамыз деп отыр. Жәрайды, кәсіпорынды пайдалануға берсін. Бірақ, қоқыс өңдейтін зауыт пен қоқыс тасталатын полигонның арасындағы инфрақұрылымның жоқтығы ешкімді алаңдатып отырған жоқ. Қоқыс тастайтын аумаққа апаратын жол да, су да жоқ.
Зауыт салуға, қалдық тастайтын аймақты белгілеуге қаржы табылғанмен, инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізуге қаржы жоқ білем. Айта кетейік, қоқыс өңдейтін зауыт Ташкент бағытындағы жол бойынан, Ақтас елді мекенінің батыс жағынан 34 гектар аумаққа орналасады. Кәсіпорын құрылысын «Мастер» ЖШС -і жүргізуде. Негізі қаланып, енді қабырғаларын көтеру жүзеге асуда. Құрылысшылар жұмыстың белгіленген кестеден бір апта бұрын жүргізіліп жатқанын айтады. Зауытты күзге дейін аяқтауға негіз болып отырған да осы.
Алайда зауытқа тасымалданатын құрылыс материалдарын жеткізу қиямет—қайым болуда. Жолдың жоқтығы, бар жолдың өзі ойдым—ойдымы көп соқпақты болуы өз кедергісін тигізбей қоймауда.
Оның үстіне «Шымкентке қоқыс өңдейтін зауыттың қаншалықты керегі бар?» деген де мәселелер бас көтере бастағанға ұқсайды. Елімізде үшінші шаһар атануға талпынған қалаға бұл кәсіпорын ауадай қажет. Осыны түсінген қалалық мәслихаттың депутатары былтыр наурызыдың 11-інде өткен сесияда қоқыс полегонының инфраструктурасына қаражат бөлуді бір ауыздан қолдаған—ды . Осылайша зауыт құрылысы екі көзден қаржыландырылатын болған. Бірі кәсіпорын құрылысына тапсырыс беруші «Техналогия-21» ЖШС-і арқылы, екіншісі қала бюджетінен. Аталмыш ЖШС-і зауыт құрылысына кететін қаржыны өз бюджетінен, әрі инвестор тарту арқылы тауып отыр. Ал қала бюджетінен бөлінуі тиіс 283 млн. теңгенің бар болғаны 21 млн. теңгесі өткен жылы берілген. Оны сол заматта—ақ игерген мердігер компания «Азбецстрой» ЖШС—гі қазір қаражатың жоқтығынан жұмысты мүлдем тоқтатып, техникаларын өзге жаққа алып кетіпті. Осылайша басталған жол құрылысы жарты жолды аяқталмай қалып қойған. «Азбецстрой» ЖШС—нің басшылары қазіргі таңда қажетті 262 млн. теңге қазынадан жақын арада қаралмаса, салынған зауыттан пайда жоқтығын айтады. Зауыт біткенмен, оған апаратын жолдың жоқтығы өз кесірін тағы тигізбек. Қазірдің өзінде Шымкентте қоқыс тастайтын орын жоқ. Полигонға апаратын жолдың жоқтығы қоқыс тасымалдаушы көліктерді сабылтып қоюда. Бұған дейін 30 жыл бойы қоқыс тасталып келген ескі полегонда қайта қалпына келтіру (рекультивация) жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қолға алған «Ақ Орда» корпорациясы да жобаның шикілігінен жұмыстарын баяулатқан. Жобада о баста қалпына келтіру полигонының аумағы 34 гектар деп көрсетілгенімен, нақты іске кірісу барысында 24 гектар қосымша аумақ анықталған. Ал ол үшін жобада қаржы қарастырылмағандықтан, мердігер компания артық жұмысты тегінге істегісі жоқ.
Ал әлгі, кейінен анықталған 24 гектардағы қоқысты залалсыздандыру жұмыстары жасалмайтын болса, одан сол аумақтағы тұрғындар ары қарай зардап шекпек. Өртенген қоқыс, көк түтін ауа, сасық иіс…қоршаған ортаға бұдан онсыз да келіп жатқан зардап аз емес.
Тілші түйіні:
Жырға айналған Шымкенттегі қоқыс зауыты мен полигонға қатысты әңгіме көп. Бірі, жоғарыдан бұл жұмысты тоқтатуға нұсқау берілген десе, енді бірі, бұрынғы әкімдердің «өз есебі» болған дегенді айтады. Анығы сол, біздің өңір үшін қоқыс өңдейтін зауыт керек. Қоқыс тастайтын полигон да қажет. Тек оған апаратын жолды салу не себепті ұмыт қалғаны, жобада неге көрсетілмегені, қоқыс полигоны 24 гектарға қалай кеңейіп кеткені түсініксіз. Қоқыс төңірегіндегі майда—шүйде болғанымен маңызды мәселенің түйіні осы сауалдарға нақты жауап берер маманның жоқтығынан тарқатылмай отыр.
Нұрлан КҮДЕРҰЛЫ.
- Сіз не дейсіз?
Нұрлан Дәулетбаев, «Технология-21» ЖШС-нің директоры
— Біз қалай болғанда да мойынымызға алған міндетемемізді орындауымыз тиіс себебі біздің жобаны қаржыландырып отырғандар бар. Олар мерзімге үлкен мән береді. Зауытқа қажетті барлық қондырғылар Ресейден сатылып алынған, өзім барып қабылдадым. Оның үстіне біз жоспарда «Италцемент» зауытына қажетті органикалық жанар—жағармай шығаруға да келісім жасағанбыз. Одан қалса, бұл жоба елдің жедел индустриалды даму бағдарламасына енген.
Бізге кедергісін келтіріп отырған мәселе сол, зауытқа қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауға жолдың жоқтығы болып отыр.
Жарқынбек ҚҰРМАНБЕК, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі бастығының орынбасары
— «Азбецстрой» ЖШС—гі бөлінген қаражатты игеріп жұмысты тоқтатқаны рас. Ал аяқталмай қалған жұмыс үшін қажетті қаражатты бөлу мәселесін алдағы сессия қарауына ұсынатын боламыз. Бұл мәселе содан соң барып шешілетін шығар.
- Сіз білесіз бе?
Қоқыспен әлем болып күресуде
Планетамыздың түрлі континентінде тұратын әлем елдері бүгінгі таңда экологиялық жағдайды ушықтырмау үшін түрлі жағдайлар қарастырып отыр. Әсіресе қоршаған ортаға пластикалық қоқыстардан айтарлықтай зиян келтірілуде. Мысалы, Қытайда полиэтилен қалташалардың өте көп тасталуы салдарынан өзендердің бастауы, кәріз жүйелері бекітіліп қалу салдарынан су тасқындары жиі орын алуда. Бұл мәселемен әлем елдері қалай күресуде? Енді осыған тоқталып өтелік.
Елімізде полиэтилен қалташалар мен пластикалық құтылардың кесірінен қоқыстың күн санап көбейіп отырғаны белгілі. Әсіресе желмен ұшып кететін пластикалық қалталар тал-талдың, жантақтың басына ілініп, жалауланып, жалпылдап алыстан көзге түрпідей тиетіні белгілі. Бүгінгі таңда елімізде қоршаған ортаға зиян келтіру мәселесі қатаң қолға алынып отыр. Астана көшелеріне қоқыс тастаған азаматтар 10 тәулікке қамалуы мүмкін. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің блогында мұндай әрекеттің құқықбұзушылық және ұсақ бұзақылық әрекеттерге жататынын атап өтті. Ал Алматыда бүгінгі күндері полицейлер «Таза қала» деп аталатын алдын-алу шарасын бастады. Ал Шымкенттегі жергілікті ақпарат құралдары тазалық мәселесін қолға алуды әлдеқашан бастаған. Тіпті жергілікті басылымдардың бірінде «Қоқыс тастағанның қолы сынсын…» деп жазып қойса да тыңдамайды» деген мақала жарық көрген болатын.
* Ресейде полиэтилен қалташаларды қолдануда әлеуметтік жауапкершілік айтарлықтай жолға қойылып үлгермеген. Дегенмен «антипакеттік» бағдарламалар елдің әр-әр жерінде бой көрсетіп қалуда.
* Мәскеуде жылына 4 000 000 000 полиэтилен қалташалар тұтынылады. Қайта өңдеуден оның 5 пайызы ғана өтеді. Сондай-ақ елдегі ең лас 10 қаланың қатарына Мәскеу де кіреді.
* Бурятия Ресей аумағындағы полиэтилен қалташаларды экологиялық таза қағаз қалташаларға ауыстыратын тұңғыш ел болуы мүмкін. Табиғат қорғау прокуратурасының ұсынысымен жасалған бұл алғашқы қадамды үкімет те қолдап отырған сыңайлы.
* Эстонияда қалталарды таңдау тұтынушының еркіне қалдырылады. Дегенмен қағаз қораптар полиэтилен қалталарға қарағанда әлдеқайда арзан болғандықтан, оларға деген сұраныс артқан.
* Данияда 1994 жылы полиэтилен қалталарды ақысыз таратуға қатысты салық енгізілген болатын. Ал полиэтилен қалталарға ақы төлеуді ендіргеннен соң тұтынушылардың оларға деген сұранысы 90 %-ке төмендеген.
* Қытайда тым жұқа полэтилен қалташаларды шығаруға 2008 жылы тиым салынған. Сондай-ақ дүкендерде полиэтилен қалташаларды тегін таратуға мемлекеттік деңгейде шектеу қойылған. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, дүкен иелерінің тауарлары тәркіленуі ықтимал. Мұндай қадамға Қытай үкіметі қоршаған ортаға аталмыш қалталардан тым көп келетін залалды азайту мақсатында барған.
* Австралияда пластикалық қалталарды қолдануға 2008 жылы тиым салынды. Алғашқы полиэтилен қалташалардан азат аймақ та осы Австралияда 2004 жылы тіркелген. Бұл әлем елдері экологиялық таза деп мойындаған «Kangaroo» аралы.
* Ұлыбританияда 2004 жылдың күзінен бері дүкендерге пластикалық қалташалардың орнына сөмкелер мен қағаз қалталар қолдану жолға қойылған.
* Ирландия мен Шотландияда 2002 жылдан бері тұтынушылар полиэтилен қалташаларды қолданғаны үшін 15 % салық төлейді.
* Испанияның Мадрид қаласында полиэтилен қалталардың орнына көп реттік қолдануға жарайтын мақта-матадан тоқылған сөмкелерді тегін тарату экологиялық кампаниясы өткізіле бастады. Бұл қоршаған ортаға келетін зиянды әлдеқайда қысқартады деп санайды экологтар.
* Немістер күн сәулесінің ыстығынан өздігінен жойылатын қалталарды кең қолданысқа енгізіп отыр. Биоқалдықтар салынған бұл қалталар күннің сәулесі түскен соң із-түзсіз жойылып кетеді.
Соңғы жылдары Германияда жиналған қоқыстардан жағымсыз иіс шықпауы үшін алдымен оларды термоөңдеуден өткізіп, құрғатып алады.
* Египетте алдымен Қызыл теңіз жағалауындағы жағажайда, сосын елдің барлық аумақтарында полиэтилен қалталарды қолдануға тиым салды.
* АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анжелес сияқты кейбір штаттарында пластикалық қалталарды қолдануға тиым салынған. Сондай-ақ елдің ірі супермаркеттерінде қағаз қалталар мен көп рет тұтынуға арналған мата сөмкелер символикалық бағаларда сатылады.
* Жапонияда дүкендерге баратындар үйден арнайы сөмкелермен шығуды ұйымдастырды. Қазір дүкендерде полиэтилен қалталар бұрынғыдай тегін емес, қосымша ақы төленетіндіктен табиғатқа зиянды қалталарға деген сұраныс азаяды деп күтілуде.
* Сингапур, Тайвань және Бангладеште полиэтилен қалталарды қолдануға 2003 жылдан бері толығымен тиым салынған. Мұндай тиым Үндістанның кейбір аймақтарында да бар.
* Финляндия табиғатты қорғау мәселелерінде түрлі технологияларды енгізуде. Бүгінде ірі супермаркеттерде босаған пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын автоматтардың қасына полиэтилен қалталарды қабылдайтын автоматтар да қойыла бастаған.