Шардара аудандық соты таяуда құқыққорғау саласының қызметкерін 6 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Себебі, аудандық АІІБ-нің жасы кәмелекетке толмағандар жөніндегі инспекторы Б.Б.Ш. деген азамат қызметтік өкілін асыра пайдаланған. Айыпты деп танылған оның мүлкі тәркіленді және лауазымды қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін шеттетілді.
Мұндай шешімді Шардара ауданының соты ҚР ҚК 308-бабының 4-бөлігінің «а» тармағы (лауазымды адамның күш қолдану арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы) бойынша шығарып отыр. Айтпақшы, Б.Б.Ш-ны әділсот полиция аға лейтенанты сыныптық шенінен де айырған.
Оқиға былай болған.
2012 жылдың ақпан айының 18-нен 19-на қараған түні түнжарымында аудандағы №16 кәсіптік лицейдің №5 бөлмесінде шырт ұйқыда жатқан балалардың бөлмесіне есікті теуіп кіріп, тұрыңдар деген айқайға басады. Арасында ұйқысын аша алмай есеңгіреп тұрған екеудің басынан періп кеп жіберіп, әй-шәйға қарамай осындағы 58 жасөспірімді далаға шығарады. Ол аз десеңіз, қақаған қыстың суық түнінде жеңіл киіммен балаларды жаңбырдың астына жарты сағаттай тұрғызып, білгенінше қорлайды. Оқушыларға аузына келгенін, боқтық сөзбен «көмкереді». Әр баланың намысы жанышталғанына шыдай алмаған оқушының біреуі әупірімдеп жүріп, лицей директорының орынбасарына хабарласып, мән-жаймен қанықтырады. Лицей директорының орынбасары Е.Сәбденов болған жайдан хабарлана салысымен, оқиға орнына дереу жетіп, балаларын арашалаудың әрекетіне көшеді. Алайда, ашуға булығып алған инспектор бұған көнсін бе? Орынбасармен ерегісе жөнеледі. «Ашулы батырдың» бұлай етуге не итермелегенін Е.Сәбденов сол жерде-ақ біле қояды.
Сөйтсек, Б.Б.Ш. «шайтан суға» сылқия тойып алғаны себепті енген екен бұл «күшке». Мас адаммен дауласудың еш реті жоқтығын білген директордың орынбасары жатақханаға кіргізбеймін деп жанжал шығарған азаматпен «алысып» жүріп, оқушыларды лицей жатақханасының акт-залына әзер дегенде алып барады. Дәл осы кезде лицей директоры З.Талбидин да келіп қалып, «ызалы ағайдан» арашалап алады.
Міне, бар болған жанжалдың жайы осы. Қызметтік өкілін асыра пайдаланған бұрынғы аға лейтенант осылайша өзіне ор қазып алғанын сезбей қалады. Құқыққорғаушының бұл қылығы ашу-ызаға булыққан жасөспірімдерді, қала берді, лицей жетекшілерін беймаза күйге ендіріп, іс сотқа өтеді. Алайда, тағылған айыптарды толық мойындамаған Б.Б.Ш.-ның жазасын абақтының ар жағында өтетуге айыпталушының пікірі соншалықты қажет болған жоқ. Судья өз шешімін жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары арқылы және сот сараптама қорытындысын ескеріп, жоғарыда жазғандағыдай үкім шығарған.
Іске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан, Шардара ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Т. Сейдуәлиев сот отырысы барысында аталған лицейдің оқиғаға қатысқан әрі куі болған оқушылары сотта дәлелді дәйектермен жауап берді дейді.
«Сотталушы Б.Б.Ш. -ның кінәсі жоғарыда көрсетілген дәлелдемелерден басқа, жәбірленушілермен, куәлермен оның арасындағы жүргізілген беттестіру хаттамаларымен, сот сараптама қорытындыларымен, маман ретінде сұралған сот сарапшысының жауабымен және іске тіркелген басқа да құжаттармен толығымен өз дәлелін тапты»-дейді ол.