Сурет, www.diapazon.kz сайтынан алынды
Сурет, www.diapazon.kz сайтынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облысының түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау бойынша мамандандырылған прокуратурасымен 2012 жылдың 2-ші тоқсанына арналған жұмыс жоспарының 3-ші тармағына сай, РМК «Еңбек-Шымкент» филиалында ҚР Еңбек кодексінің талабының орындалуына қатысты тексеру жүргізілді.

Арнайы тексеру барысында сотталған жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленбей, олардың конституциялық құқықтарының бұзылғандығы анықталды.

Атап айтқанда, түзеу мекемесінің №1, 31, 108 учаскелерінде жұмыс істеп жүрген 152 сотталған жұмысшыға 1.661.463 теңге көлемінде 2012 жылдың сәуір айының жалақысы мамыр айының 10-на дейін төленбеген, яғни тексеру барысында сотталғандардың есеп шоттарына банк арқылы жалақылар аударылмаған.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 134 бабының 1-ші тармағы бойынша, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі шарт. Жалақы төленетін күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделеді.

Осы жағдай бойынша түсінік берген түрменің бас есепшісі М.Алимкулова 2012 жылдың мамыр айында мейрам күндеріне сай демалыс күндері көп болғандықтан сотталғандардың жалақылары түзеу мекемелерінің депозиттік шоттарына уақытылы аударылмағанын айтып көрсеткен.

Аталған жағдай бойынша мамандандырылған прокуратурасымен РМК «Еңбек-Шымкент» филиалының бастығының атына ұсыныс енгізіліп, бүгінгі таңда 152 жазасын өтеушінің жалақылары толығымен төленіп, конституциялық құқықтары қорғалғанын айтады Оңтүстік Қазақстан облысының түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау бойынша мамандандырылған прокуроры, аға әділет кеңесшісі Асқар Алтыбаев.