Шымкенттің әкімі Қайрат Молдасейітов аудандық әкімдіктердің ғимараттарын аралап көрді. Жаңа әкімшілік орталығы бой көтерер шақта қала басшысы үш ауданның басты ғимаратының ахуалымен танысты. Әсіресе, Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты апатты жағдайға жақындап қалғалы  біраз болған еді. Алайда, Қ.Молдасейітов арнайы бас сұққанда Нұрбақыт Иманқұлов белгілі себептермен жұмыс орнында жоқ болып шықты.

Дегенмен, әкімдіктің өзге қызметкерлерін ертіп, шенеунік, ең алдымен ғимараттың ішін аралап шықты. Келудегі мақсат та айқындала түскендей. Тозығы жеткен әкімдіктің жай-күйімен танысып, мәселесін шешу болатын. Бүгінгі таңда мұнда үш мекеме жұмыс істеп жатыр. Ал қос қабатты құрылыстың іргетасы өткен ғасырдың 40 жылдарында қаланған. Жыл сайын мұнда ағымдағы жөндеу жұмысы жасалғанымен, пайдасы шамалы. Қабырғадағы үлкен жарықтар мен сыры кеткен сылақтар еткен еңбекті еш етіп тұр.

«Сәуле» шағынауданының орамдық комитет төрағасы мұнда қызмет барысымен жиі бас сұғатынын айтады. Жүрсін Раевтің сөзінше, оны мекеменің бүгінгі ахуалы қатты алаңдатады екен.

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкентке қарасты аудандық әкімдіктердің ғимараттарға байланысты мәселесі таяу арада шешіледі. 1,5 жылдың ішінде облыстық әкімдік басқа жаққа көшеді деп жоспарлануына байланысты, олардан қалған ғимаратты осындай апатты жағдайдағы Әл-Фараби аудандық әкімдігі мен белгілі бір тұрағы жоқ Еңбекші ауданы секілді құзыретті мекемелерге беретін боламыз. Мемлекеттік қызметкерлер енді аз ғана шыдауы керек. Бұл мәселе толық шешімін табады деп ойлаймын».

Театр ілгіштен басталады дейді халқымыз. Бірнеше жылдар бойы шешілмей келе жатқан іске Молдасейітов нүкте қойса, қарапайым халықтың құптары анық. Әрине, ең бірінші қуанатын әкімдік қызметкерлері емес пе? Жаңа басшының бұл келісін олар да асқан үмітпен жақсыға болжап, қуанып жүр.