Бұрыңғы нашақор деген ұғым болмайды, оның емі жоқ

541
нашақор әйел

Біздің ғасырымыздың басты дерті — нашақорлық. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүр, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын 55 мыңға артуда.

Меруерт Мырзахметова, нарколог-дәрігер:«Облыстық наркологиялық диспансерде 1632 әйел тіркеуде тұрады екен. Олардың 1296-сын ішімдік мазаласа, 254-і нашақорлар санатында. Арулардың осындай ауыр да, ауыр жолды таңдауы- болашағымызға балта шапқанмен тең. Үш мыңға жуық нашақор бар ресми тіркелген. Оның бесеуі жасөспірім. Бірі қызығып бастаса, енді бірі қиындықты көтере алмай осы дертке шалдыққан. Біз толыққанда емдеп береміз дей алмаймыз. Біз тек алдын-аламыз. Түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан болар, биылғы жылы уыт құмарлардың саны азайып отыр».

Есірткіге еліккеннің бірі 35 жастағы Лена. Жамбыл облысының тумасы. Бойжеткен қызы мен ұлы бар. 21 жасында құрдастарына еріп, героиннің дәмін бір тартып көрген екен. Содан бері өмірі тозаққа айналған. Ленаның айтуы бойынша нашадан айрылу мүмкін емес , есесіне отбасының шырқы бұзылып, өмірің күлге айналатын көрінеді. «Өмірге қайта келсем….»-деп әңгімесін бастаған Лена көзіне жас алып, біраз тұрды үнсіз.

«Құрбыларыммен қызық қуалап жүрген 1998 жылдың көктемі, өмірімді күлге ұшырды. Героиннің дәмін бір тартып көремін деп, тәуелді болып қалғанымды сезбедім. Күйеуім тастап кетті, екі баламмен. Оған ешқандай күнә қоймаймын. Анам қиналған сәттерімде жанымда болып, қарызданса да менің тыныштығым үшін өзі сатып әкеп береді. Бала-шағам менің -нашақор екенімді білмейді. Ұлым байқап қалмасын деп, суық гаражда түнеген күндерімде болды. Менде бәрі бар. Жұмысымда, ұл-қызымда, анамда бар. Әріптестерім нашақор екенімді білмейді. Олар менің денсаулығым жоқ деп түсінеді. Айлығымды сол тажалға жұмсаймын. Бір дәмін татамын деген едім, мені татты. Солдырды, қартайдым, тәуелді болып қалдым…………..(көзінің жасын сүртіп тұрды). Емделіп, ел қатарлы өмір сүргім келеді. Бірақ, мүмкін емес. Сіздер бұрыңғы-нашақорлар деп сұрайсыздар, ол дұрыс түсінік емес. Бұрыңғы нашақор балмайды. Тозағына бір іліндің ба, шыға алмайсың. Тек екі-ақ жол болады. Біріншісі-түрме, екіншісі-өлім. Мен сол екінші жолында келе жатқанымды сеземін. Мұны жалғыз мен емес, барлық есірткіге құмар жандар біледі. Әттең, қателестім, ұлым-19 жаста, қызым-онда. Оларға тәлім-тәрбие бере алмадым. Арманым, өмірге қайта келу…. «-деп өкінішін жеткізге Лена, облыстық наркологиялық диспансерде емделіп жатқанына екі ай болыпты.

Алда әлі бақандай он айы бар. Балалары анасының бүйрегіне ота жасатуда деп біледі. Ленаның қасында тағдырлас болмаса да, таңдағандары бір 30 бірдей әйел жатады. Ай сайын науқастар ауысып тұрғанымен, араға алты ай салып, қайта келетіндер көп. Олар-есірткісіз өмір сүре алмайды. Қанша ем-дом қабылдап, сауығып шыққанымен әлсіздіктерінің кесірінен қайта оралады мұнда.

Наркологиялық диспансердің ғимараты ескі, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғанын бірден байқайсыз. Іші тағдыр аязына тонған адамдарға лық толы. Ақ желеңді-нарколог дәрігерлер қанша көмек көрсетіп, емдеп жатса да, ғасыр тажалынан арашалай алмай әлек. Өйткені, есірткіге құмар адамдар — олар ауру адамдар. Есірткінің дәмін татып, оның бір сәттік алдамшы ләззатына бой алдырып, тәуелді болып, нашақор атанған адамдар ақыл-ой, сана — сезім, ар-ождан, намыс-ұят секілді адами қасиеттерден жұрдай болып, өзі түскен шыңыраудан шығатын күш — қайрат таба алмайды.