Журналистер

Бүгін біздің мереке ғой.

Айтайықшы! Ақтарылып көрейікші!

Өзімізді халық пен билік арасын жалғап тұрған алтын көпірміз деуден жалықпаймыз. Расында да міндетіміз солай болуға тиісті. Қарашаның үнін билікке жеткізіп тұруға тиістіміз.Содан да болар ел бұрын етегі жасқа толғанда БАҚ-қа келетін. Қазір ше?

 

Қазір де БАҚ-қа келеді. Бірақ, соңғы кезде есіктен «менде бір заказ бар еді…» деп енетіндер көбейіпті. «Осыны бассаңдар, тираждарың түгең боп кетеді» дейді ғой, жанды жеріңе тиіп. Көрдіңіз бе, БАҚ-тың бағын өз мүддесіне қарай бұрып алатындар табылған. «Сатылатын журналистердің барын білген соң келдік қой» дегенді жасырмайды өздері. Таралымды таразыға саладыртады. Бірі «датта!» дейді, екіншісі «Мақта!» дейді. БАҚ-ты қолжаулық еткісі келетіндер кө-ө-ө-өп екенін кім білген?! Ақиқатты айтудан айырғысы бар. Ат төбеліндей топтың үнжарғысы еткісі кеп тұрады. Бұдан оларға не пайда?!

Рас біз сот емеспіз. Қоғамдық пікір қалыптастырушымыз. Бірақ, осының өзі кей-кейде соттың үкімінен де зор.

БАҚ-тың бағын байлаушылар сапына басылымдарды тарату ісін мойнына алған байланыс саласын жатқызуға болады. Осыдан біршама уақыт бұрын бұл саланың «өз газеттері» жоқ-тұғын. Қазір қаптап кетті. Болсын. Шығарсын. Бірақ, тарату ісі қолымда деп, өзгені шеттетіп, өзінікін алаяқтық жолмен оқырманға тықпалау қаншалықты аброй әперетін іс?!Аброй жинаудың жолы бұл болмаса керек-ті. Ауылға барсаң, оқырман зар жылайды. «Жаңалықтан құр қалдық. Жазылған газетімізді уақтылы әкеп бермейді» дейді. Оқырманның назын айтып, редакция тарапынан байланыс қызметіндегілерге хатпен талай рет шықтық. Мұнымызды кім жақтырсын. Жауға айналған жайымыз бар.

БАҚ-тың бағын бұралаң жолға салып жіберуге «мемлекеттік тапсырыс» бойынша шүлен таратқандай етіп бюджеттен бөлінетін қаржы да өзіндік ықпалын тигізіп отырғанын несіне жасырамыз. «Наным бар, наным бар…» деп жаутаңдаттырып, бетіне қаратып қою ісі қаншалықты мемлекеттік саясатты насихаттау екенін әл-әзір түсінер жасқа жетпегенімнен шығар, бәлкім. Бірақ, мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілген тақырыптардың өзін аудан, ауылға бөліп қарастырып, «бұл мақала пәлен ауданның адамы туралы, бізге мына жақтың адамы туралы жазылған мақала» керек деу…ақылымызға сыймай кететіні-ай осы. Қазақстанда бір ғана мемлекеттік саясат бар ғой деп ойлаушы едім. Президенттің саясаты ғана салатанат құрмағы керек. Сөйт-се-е-е-е-ек, олай емес екен. Тендердің ақшасын кімнен алсақ, сол әкімнің жұмысын, сол өңірдің өсіп-өркендеуін ғана насихаттауға тиісті екенбіз ғой.

БАҚ-тың бағын ашатындар кәсіби, білікті маман журналистер деуден де қалдық. Қазір кім көп жазғыштар көп. Ерінбегеннің көбі мақала жазуға машықтанып алды. БАҚ көп болған соң, бағын ашқысы келетіндер де көбейетіні заңдылық шығар.

Осының барлығы жиылып келгенде базбір журналистердің кей-кейде негізгі міндетінен тайқып, аз күндік олжасы үшін ардан безіп кетуіне ықпал етіп жүрме екен деп қаламын. Әйтпесе, өз басының мұңынан гөрі елдің мұңын айтып өз кейіпкерінің мәселесін шешіп бергенге көңіл тояттап жүретін әріптестеріміздің қатары неге азайып кетті?!

Жақында «ДАТ» газетінде жарияланған белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың ойларын оқыдым. «Рухани аштыққа ұшырадық», дейді. «Абайды» оқып жатқан жастар аз», дейді. «Обаманың итіне не болғанына дейін жақсы білеміз» дейді. «Бірақ өзімізде не болып жатқанын толық білмейміз» деп нүкте қояды.

БАҚ-тың бағын байлаушылар азайған шақта бәлкім біздің оқырман да өзімізде не болып жатқандығын толық білетін кезі болар. Сол күннен үміттімін!

Бүгін біздің мереке ғой!

Айтқымыз келгенді айттық!

Әріптестер, төл мейрамымыз құтты болсын!

Алайда, бірде маусымның 28-і, бірде осы айдың соңғы жексенбісі, сенбісі деп әр күнді бір меншіктеп кеткен жайымыз да жоқ емес-ау. Халықаралық, әлемдік журналистер күні, сөз бостандығы күні деген мерекелер де қаптап барады. Оның үстіне журналистердің статусының жоқтығы да көптен бері сөз күйінде қалып барады. Не мәдениет саласы қызметкеріне, не бюджеттік мекеме қызметкеріне жатпаймыз. Жатпаған соң, түрлі әлеуметтік қамқорлықтан да адамыз. Бұл БАҚ-тың бағын аша ма, байлай ма, қалай ойлайсыз, әріптес…