Жаз қызығы енді басталып келеді. «Биыл қайда барып демаламын?» деген сауалды жиі қойып жүрген боларсыз. Таңдау жасауға біз де көмектесіп көрейік…
Жаңа бағыттарды бағындырғысы келеді
Жылдан-жылға қазақстандық саяхатшылардың саны артып отыр. Статагенттіктің мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2008-2010 жылдар арасында шетелдерге шығып саяхат жасаушылардың саны жылына 15 пайызға артып отырған болса, 2011 жылы ол 40 пайызға артқан. «Дета» туристік компаниясының менеджері Әсел Байшегірованың бұқаралық ақпарат құралдарында таратқан мәліметтеріне қарағанда, аралдарға бару мен Еуропа турлары бүгінде қазақстандық саяхатшылар жиі баратын орынға айналса да, Түркия ең басты бағыт болып, алғы шепте тұрған көрінеді.
Оның айтуынша, шетелге алғаш саяхат жасайтын саяхатшы алдымен Түркияға барады. Екінші рет ол тағы да Түркияны таңдайды. Үшінші ретте де ол Түркияны таңдауы ықтимал. Бұдан кейін ғана Еуропа елдері қызықтыра бастайды. Бірақ Еуропаға бару үшін аса көп құжат туралауға тура келетін Шенген визасын алудан көп саяхатшылар қашатыны да жасырын емес. Соңғы кездеріМальдива, Сейшел, Маврикий аралдарына демалуға деген сұраныс артып отырғанға ұқсайды. Әрине бұл арзан демалыс емес. Мұндай демалыстарға көбіне аса бай адамдар қызығушылық білдіреді.
Бұрынғыдай емес, қазір саяхатшылар да сауатты. Олар өздері алдын-ала әуежол билеттері мен қонақүйлерге өз беттерінше тапсырыс беріп жатады. Турфирмадағылардың сөздеріне қарағанда, бұрын адамдардың ешбірі мұны өздігінен жасай алмайтын, сондықтан олар мұның бәрін турфирмалардың құзіретіне қалдыратын. Ал қазір турфирмалардың клиенттері өз қаржыларын мұқият қадағалап, еңбек демалыстарын өз беттерінше жоспарлайтын болған.
Саяхаттауға жаңа бағытты таңдағандар да жағажайда демалып, күнге қыздырынып, теңізде шомылуды қалайды. Кейбір саяхатшылар Чехияға баруды жөн санайды. Алайда оның терең тарихы қызықтырғаннан емес, денсаулықтарын түзеу үшін. Мұндай саяхатқа баратындардың көпшілігі қарт кісілер, отбасылы, балалы-шағалы адамдар екен. Турфирмалардың клиенттерінің арасында экскурсиялық туризмді қалайтын азаматтар тым сирек болатын көрінеді. Әрине, шет елге барған әрбір адам міндетті түрде тарихи ескерткіштерді аралайды, бірер рет мұражайға да баруы ықтимал, бірақ олардың мұнда келуінің басты мақсаты тарихи орындарды аралау емес. Біздің елдің адамдары көп жұмыс істеуден қатты шаршайтыны соншалық, теңізге барып, ештеңеге алаңдамай демалуды қалайтын сияқты.
Круизды каникул
Қандастарымыз үшін туризм саласындағы жаңа бір бағыт теңіз круиздері. Бұл бағыт енді ғана дамып келе жатыр десек артық айтқандық емес. Дегенмен саяхаттаушылардың ішінде де аса кірпияз жандар кездеседі. Астаналық Айсұлу Омарова биылғы жазда «Queen Mary» деп аталатын бесжұлдызды лайнерде круизге шығатын болып отыр.
«Туризмнің де киімдегі сән үлгілері сияқты өзіндік трендтері болады. Бұл мәселеде де біз дос-жарандарымызбен көштен қалғымыз келмейді. Түркияға саяхаттап бару біз үшін әлдеқашан сәннен қалған. Өткен жылы біз Маврикий аралына ұшақпен барғанбыз, ал биыл Гамбург-Лондон-Нью-Йорк трансатлантикалық круизге баруды жоспарлап отырмыз. Бұл әрине аз ақша тұрмайды».
Ғажайып лайнерлермен теңіз круиздеріне шығуды ұсынатын компаниялар клиенттер үшін түрлі бағыттарды ойластырған. Олардың қатарында Жерорта теңізі, Норвегия фордтары, Британдық аралдарға, Кариб круиздері бар. ТМД елдерінде тұратын саяхатшылар үшін лайнердің бортында арнайы орыстілді экскурсоводтар мен қызмет көрсетуші персоналдар жұмыс жасайды.
Сондай-ақ лайнердің бортында түрлі жеңілдіктер мен акциялар қарастырылған. Мысалы, саяхаишыларға экскурсия үшін 100 пайыздық жеңілдік қарастырылса, 15 жасқа толмаған балалар үшін 25 пайыздық жеңілдік бар. Ал алдын-ала брондап қойғандар үшін 15 пайыздық жеңілдіктер қарастырылады. Жеңілдіктің бұдан да басқа түрлері бар.
Дегенмен осындай кісі қызықтыратын тартымды жақтарының астында жағымсыз екі нәрсе жасырынып жатқаны да бар. Біріншіден, лайнерлік круиздермен айналысатын компаниялар Қазақстанда өте аз болғандықтан, отандастарымыздың көпшілігі ресейлік компанияларға жүгінуге мәжбүр. Екіншіден, туристік компаниялар тек круиздің жалпы бағасын ғана айтады. Ал бірнеше елге сапар шеккенде шығын көлемі арта түседі.
Мысалы, «Атлантик Лайн» компаниясына өзін клиент деп таныстырған «Власть» журналының тілшісіне компания қызметкерлері Жерорта теңізіне сегіз күндік круиздің бағасы 700 АҚШ доллардан басталатынын айтқан. Бір қарағанда, бұл қаржы кез-келген адамның қалтасы көтеретін сияқты көрінеді. Алайда бұл баға иллюминаторсыз, екі кісілік каютаның бір адамға арналған бағасы. Дәл осындай терезесі бар каютаның бағасы бір кісі үшін 1000 АҚШ доллар болса, балконы бар екі кісілік аютаның бір кісіге арналған бағасы 1300 доллар тұрады. Бұған порттық шығынды қосыңыз, атап айтқанда, сақтандыруға, визаға, курорттық таксиге, тамақ пен түрлі көңіл көтеретін ойын-сауық. Ойын-сауықтың түр-түрі ең қарапайым лайнерлерде де кездеседі. Саяхатшыларға түнгі клубтар, казинолор, барлар, дүкендер, спа-орталықтар қызмет көрсетеді.
Түркия өзі үшін де, Египет үшін де…
Бұрындары жыл сайын Египетке қарай саяхатшылар ағылып жататын. Елдегі саяси тұрақсыз жағдайдың әсерінен соңғы екі жылда бұл елге демалуға баратындар мүлдем жоқ. Содан болар, барлық әуе компаниялары бұл бағыттағы чартерлік рейстерді алып тастаған. Турфирмалар өз кезегінде Египет бағытына сұраныстың жойылуынан ешқандай зардап көріп отырмағандықтарын айтады. Себебі саяхатшылар басқа бағытты таңдайды. Египет пен Түркия елінің бір-біріне климаттық жағдайының ұқсастығынан болса керек, бүгінде Түркияға баратын саяхатшылардың саны артқан.
Көптеген саяхатшылар Түркияға қайта-қайта отбасымиен бірге барып жатады. Бұл елдің басты артықшылығы сол, онда орыс тілінде сөйлейтіндер көп. Сонымен қатар ол жақтың тамақ мәзірі біздің елдің тамақ мәзіріне өте ұқсас. Қысқасы, бұл бағыт саяхатшылар үшін әзірге ең сұранысқа ие бағыт болып тұр.
Ыстық көлге деген сұраныс қайта артты Қырғызстандағы екі төңкерістен соң отандастарымыздың сүйікті демалыс орны саналатын Ыстық көлге деген сұраныс та төмендеп кетті. Науадай ағып тұрған несібеден қағылып жатқанын сезген қырғызстандық үкімет біздің елдің демалушыларын қызықтыратын түрлі уәдені үйіп-төгуде.
2010 жылы экс-президент Роза Отынбаева қазақстандық саяхатшылардың жол полицейлеріне байланысты ешқандай қиындық көрмейтіндігін жеткізген болатын. Туристік аймаққа қанша тәртіп сақшылары қажет болса, соншасының қызметте болатынын айтқан еді. Бүгінде Қырғызстанның мәдениет және туризм министрінің орынбасары Бақыт Кенебаев та, қазақстандық жүргізушілерге Алматы – Чолпон-ата күре жолының бойында екі стационарлық милиция бөлімшесі және бірнеше патрульдік автокөліктер жұмыс істейтінін түсіндірді. Егер жолда жол полициясы тоқтататын болса, және ол қызмет көлігін емес, өзінің жеке көлігімен тұрған болса, онда оған тоқтамай-ақ кетуге болатынын айтқан. Қазақстандықтарды демалысқа саяхатқа тарту барысында қырғыздар бағаны түсіруден өзгенің бәрін қарастырған.
Білетіндердің айтуына қарағанда, биыл Ыстық көлге елімізден саяхатшылар ағылғалы тұр. Себебі Қырғызстанда саяси тұрақтылық орнағалы, Ыстық көлге сапарға шығуға ниет еткендердің саны арта түскен көрінеді. Дегенмен Қырғыстандағы демалыс үйлері қызмет көрсету бағасын түсірмеген.
Қазақстандық саяхатшылар қайда демалады?
Қазақстандықтар көп демалатын елдер Халықаралық роумингтік мәліметтердің қорытындысына көз жүгірте отырып, қазақстандық ұялы байланыс операторлары отандастарымыздың жазғы демалысқа жиі баратын елдерді анықтаған. Бұл туралы «Tengrinews.kz.» ақпарат порталының тілшісі хабарлаған.
Өткен жылы жазда «Теле 2» абоненттерінің ең көп демалған елі Түркия болған. Аталмыш байлваныс операторын пайдаланушылардың шетелге шыққан жалпы абоненттердің 32 пайызы осы елде тынығып,әл-қуат жинапты. Екніші орында Ресей иеленіпті. Мұнда бұл операторды тұтынушы абоненттердің 27 пайызы демалған. Саяхат-сайран құруды ұнататын қазақстандықтардың 14 пайызы Қырғызстанға барғанды жөн көріпті. Еліміздің саяхатшыларының көп таңдау жасаған елдері қатарына Франция, Ұлыбритания, БАӘ, Германия, Украина, Қытай, және Өзбекстан елдері жатады екен.
«Теле 2» абоненттері шетелдерде жүріп, тек қана СМС хабарламалар жазумен шектелместен, минутына 45 теңге төлейтін тарифпен де тілдесіп отырған.
Ал халықаралық роуминг жүйесін қолданатын операторының абоненттері көбіне Ресей, Қырғызстан, Түркия, Украина, Өзбекстан, Беларусь, БАӘ, Италия, Франция, Ұлыбритания елдеріне жиі саяхаттайтыны анықталған. Аталмыш елдерде абоненттердің 95 пайызы демалғанды жөн санайды. Ал Кения, Макао, Ирландия, Ангола, Алжир, Тунис, Кувейт, Бразилия, Лихтенштейн, Либерия елдеріне барып демалуды қазхақстандықтар онша қаламайтын көрінеді. Себебі бұл елдерде роумингті қолданғңан адамдар саны 2-3 тен аспаған. Ал Activ и Kcell операторлары арқылы роумингті қолдану бүгінде 145 елде мүмкін екен. Дегенмен бұл оператор қапй елде қазақстандықтар көп барып, елмен байланыс ұстайтынын жеке ақпарат болғандықтан таратуға жатпайтындығын айтқан.
Еліміздің шен-шекпенді шенеуніктері болса, тек шетелдерде ғана емес, жергілікті курорттар мен санаторийларда да демалғанды ұнататын көрінеді.
Сіз не дейсіз?
Сәбит ОРАЗБАЕВ, ҚР халық әртісі:
Өз елімізді аралап көру керек
– Маған жазда арнайы демалыс орнына бару соншалықты қызық емес. Көбіне туған жерім Оңтүстікке барамын. Осы өңірдің таулары ұнайды. Демалыстың жартысында Алматыда боламын. Жақын туыс әпкем өмірден өтіп еді, бұл жазда марқұмның жетісін, қырқын өткіземіз. Осы уақытқа дейін әлемнің отыздан аса елінде болдым. Сонда да Қазақстанымның жері, тауы, суы тартып тұрады екен. Гастрольдік сапармен еліміздің барлық аймағын араладым. Елімізде анау жер артық, мынау жер артық дейтіндей емес. Оңтүстіктегі Ақсу Жабағылы тауы, Ақсу өзендері, Арыстың басы, Сырдың жағасының бәрі демалысқа сұранып тұрған орындар. Біздің елде беймарал, еркін демалуға мүмкіндік бар. Шығыстағы Қатон-қарағай, Көкшедегі Бурабай, Ертістің бойы. Қостанай жері де тамаша. Оның бергі жағында Ақжайық, Орал, Атыраудағы Каспий теңізіне бару да өте қызық болар еді. Әркім мүмкіндігі болғанша өзіміздің елді жақсы білу керек. Бабаларымыз қандай ғажайып жерлерді қалдырып кеткенін көру керек.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, профессор, ғалым:
Демалыста ағайындарды аралаймын
– Биылғы жазда Алматы, Жамбыл, Шымкенттің қалаларының арасында жұмыс бабымен жүремін. Менде арнайы демалатын уақыт жоқ. Ең үлкен демалысым сол – ағайындарға барып қайту. Себебі уақыт жетпейді ғой демалуға, уақыты көп адамдар демалады. Ал анық қалап бір жерге баруға қалтам көтермейді. Ал денсаулығым дұрыс. Шаруаларды істеп үйде жатамын. Егер мүмкіндік болса осы Алматының маңайына бір салқындау, кітап оқитын қолайлы жерге барып демалу керек.
Гүлнар СИҚЫМБАЕВА, ҚР еңбек сіңіргер әртісі:
Ыстықкөл денсаулығыма пайдалы болып тұр
– Аллергиямен ауырып жүргеніме 20 шақты жыл болды. Соған Ыстықкөлдің суы мен ауасы жағымды болып тұрғандықтан, жыл сайын сонда демалып қайтамын. Алдынғы жылы барған Түркияның суы мен ауасы ұнады. Бірақ жылда Анадолы жерінде демалуға мүмкіндік болмайды. Ыстықкөлге барып 10 күн демалсам жыл бойына, аллергиямнан сауығып жүремін. Таудың бөктері, әрі қалтаңа да қолайлы. Жыл сайын бірде елде, бірде шет елде дегендей, денсаулығыма, әрі ауасына байланысты демалатын орындарды ауыстырып тұрамын. Өйткені жас келген соң қызықтау үшін емес, көңіліңе қонымды жерге барғымыз келіп тұрады.
Ардақ БАЛАЖАНОВА, дәстүрлі әнші:
Биыл жазда жайлауға боламын
– Балам енді жасынан асқандықтан шет елге бармай-ақ жайлауда барамыз. Алматы облысының Ұйғыр ауданында таудың етегіндегі ауылыма демалып қайтпақпын. Шет елге де отбасымызбен шығып тұрамыз. Шет елде бәрі демалғысы келеді ғой, бүкіл жағдай жасалған, ештеңеге басыңды ауыртпайсың. Балалардың ойын-сауығына да демалуға мүмкіндік бар. Еліміздегі кейбір жерлерге барсаң бір жері ұнаса, екінші тұсы көңіліңнен шықпай жатады. Енді-енді түзеліп келе жатыр. Балаларыңмен демалатын жерлердің бар жағдайы жасалғаны дұрыс. Өзім таулы жердің қызы болғандықтан, Астанаға жақын Бурабайға жыл сайын демалып қайтамын. Шет ел тамаша жер болғанымен, кішкентай балалар үшін ең жақсысы жайлау, ауыл ма деймін. Біздің жайлаудың биік-биік таулары ерекше. Аулымызда денсаулыққа пайдалы Арасан суы бар. Әрі жаз бойы қымыз ішіп қайтсам деп жүрмін.