«G-GLOBAL» идеясы дағдарыстан шығарады

Марат Сейдахметовтын сурети

Таяуда Астана қаласында V-ші Астана экономикалық форумы өткені белгілі. Форумға облысымыздан делегат болып барған Э. ғ. к. доцент Марат Сейдахметовпен форум жұмысы жөнінде тілдескен болатынбыз.

 Марат Сейдахметов — Мәскеу қаржы академиясының түлегі. Экономика саласында кандидаттық диссертация қорғаған. Еңбек жолын М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ассистентінен бастап, университеттің көп салалы коледджінің директоры, университет кәсіподақ комитетінің төрағасы, деканы қызметін атқарған. Сондай-ақ 2 монография, 4 оқу құралы және 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

 — Халықаралық форумның негізгі мақсаты не? Қай елдерден делегаттар мен қонақтар келді?

— Астана қаласында өткен V-ші форумға әлемнің 90 елінен дүниежүзінің ең беделді делегаттары қатысты. Онда Нобель сыйлығының 12 лауреаты, ХХІ ғасырдың 100 ойшылы және белгілі саясаткерлер қатысты. Мұның өзі Астана экономикалық форумының беделі халықаралық қауымдастық алдында жылдан-жылға артып бара жатқанын байқатады. Бұл форумның аясында 50-ден астам мәселе талқыланды. Тәуелсіздік сарайында өткізілген форумның мақсаты — Әлемдік қауымдастықтың және Қазақстанның экономикалық даму үрдісіндегі әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және мәдени мәселелерді талқылау мен оларды дамытудың ұтымды жолдарын табу болды.

Форумның беделді сарапшыларының пікірінше, Астана экономикалық форумы бүгінгі жаһандық қаржы дағдарысының себеп-салдарын айқындап, тығырықтан шығу жолдарын белгілейтін әлемдік пікірталас алаңына айналған. Сондай-ақ бүгінгі Қазақстан басқа орталық Азия елдеріне дамудың үлгісі бола алады және маңыздылығы бойынша Астана экономикалық форумы Давоста өткізілетін басқосулармен теңдес.

— Әлемдік пікірсайыс сахнасына айналған бұл форумда қандай мәселелер талқыланды?

— Форумның басты тақырыбы: «Жаһандық экономикалық өрлеулер: сын-қатер және даму перспективасы» — деп аталады. Қытай, Бразилия, Оңтүстік Корея елдері қатарында Қазақстан да жалпы ішкі өнімді төмендетпей, бұрынғы жоғары тұғырында қала білді. Біздің елдегі банк жүйесінің бірегей беделінің сақталуы, жұмыссыздықты болдырмау орайында көптеген оң тәжірибелердің қолданылуы, айталық, әр адамның бір және бірнеше қосымша мамандық игеруі форумға қатысушылар тарапынан жоғары бағасын алды. «Батыс Қытай Батыс Еуропа» арасында салынып жатқан жол сынды ауқымды жобалардың іске асырылуы да мыңдаған жұмыс орындарын ашуға септігін тигізгені анық. Оның сыртында жол бойында көптеген кенттер дүниеге келеді. Мұндағы инфрақұрылымды дамыту барысында ондаған мың адамның жұмысқа орналасуы да дағдарыс дүмпуін бәсеңдете түскенін Нұрсұлтан Назарбаев форумның пленарлық мәжілісінде көкейге қонымды етіп түсіндіріп берді.

Елбасымыз осынау форумда да өзінің қашаннан бергі ашықтық және сенім қасиеттеріне, барша адамзаттың қамын ойлайтын ізгілікті қағидаларына адалдығын сақтады. Мұның өзі ең әуелі оның жаһанды жақсылыққа бастайтын бейне бір жалаудай желбіретіп ұсынған «G-GLOBAL» бастамасынан жарқын көрініс тапты. Бұл дегеніңіз — планета тағдыры туралы әлемдік ауқымда үн қатысу, сұхбаттасу, ойласу, пікір-пайымдарды тоғыстыру. Жаңа бастама әлем жұртшылығының көкейіне дөп қонғандығы қазірдің өзінде белгілі болуда. Форумда біздің Президент бар болғаны бірнеше айдың ішінде Астана форумының ресми сайтында құрылған «G-GLOBAL» коммуникативтік ғаламтор-алаңшасына кіру көрсеткіші 40 есе көтерілгенін, әлемнің 140 елінен 30 мыңнан астам пайдаланушы оның тұрақты қатысушысына айналғанын мәлімдеуі осының дәлелі. «G-GLOBAL» идеясы – жаршы, қоғамды біріктіруші, ұйымдастырушы дәнекер деп айтар едім.

Форумда дағдарыстан шығудың, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асырудың жумыссыздықты болдырмаудың, шетел инвестициясын тартудың, қанатты құрылыстарды жүргізудің, бір сөзбен айтқанда,елді гүлдендірудің қазақстандық тәжірибесін Елбасының еш бүкпесіз баяндап паш еткеніне тәнті болдық. Басқа халықтардың, басқа елдердің, басқа мемлекеттердің дамуына біздің тәжірибеміздің де септігі тисе нұр үстіне нұр емес пе?!

Расында да өркениеттің қозғаушы күші революция емес, эволюция екендігіне барлық ел ден қоятын уақыт алыс емес. Әділеттік, теңдік және консенсус болмай, тығырықтан шығу жолы ашылмайды. Жаһандық толеранттылық пен сенім орнамай, тұрақтылықпен тыныштыққа жете алмаймыз. Жаһандық транспаренттік болмай, ашықтықпен адалдықты алға тартпай, ғалам күрделі қиындықтардан құтыла алмайды. Сонымен бірге өзінің бесінші қағидатында Елбасымыз сындарлы көпқырлылық жаһандық ауқымда көсегемізді көгертетінін атап көрсетті. Әсіресе, доллардың беделі түсіп, тиімділігі кеміп бара жатқанын дәл аңғарған Елбасымыздың жаңа әлемдік валютаға қарай қадам басу жөніндегі ұсынысы әлем жұртшылығына үлкен ой салады деп білемін.

— Оңтүстіктің экономикасы қалай дамып жатыр деп ойлайсыз?

— Мемлекетіміздің соңғы 20 жылда басқа мемлекеттердің 100 жылда жете алмаған экономикасының, саяси, мәдени саладағы жеткен жетістіктері үшін мақтана аламыз.

Қазақстанға әлі де болса инвестицияларды тарту керек, әсіресе ауылшаруашылық саласына, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі осы саламен тікелей байланысты.

Форумда Қазақстанның ірі қалалары: Алматы, Астана, Шымкентте азық-түлік белдеулеріне миллиондаған доллар инвестиция тарту көзделген. Қазіргі кезде осы ірі мәселе бүкіл дүниежүзілік қауымдастығының алдында өзекті мәселе болып тұр, ал Қазақстан оның ішінде Оңтүстік Қазақстан обылысы тек қана өзін-өзі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа мемлекеттерге де, азық-түлік өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі бар. Осы бағдарламаға сәйкес Қазақстанда бидай өнімдерін экспорттау үшін инфрақұрылымды, екі бағытта Оңтүстік және Батыс аймақтарда дамыту көзделген. Алдағы 2-3 жылда біздің өңірде қазіргі заман талабына сай астық сақтау қоймаларының құрылысы үшін қомақты инвестициялар тартылып, 1,5 млн. тонналық элеваторлар соғылу көзделуде.

Тағы бір айта кететін жәйт, елімізде қабылданған үдемелі инновациялық индустриялық даму (ФИИР) «Еңбек өнімділігі — 2020» бағдарламалары іске асып «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жол торабы уақытысында іске қосылса, біздің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жұмыссыздық деңгейінің азаюына күшті серпін берері сөзсіз және халқымыздың әл-ауқаты өсері анық.

— Әңгімеңіз үшін рахмет, сізге жаңа қызметіңізде шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан — Құндызай ҚАЛАУОВА.