Көшеге тірі адамның атын бергендер бар

Облыста ономастика саласында әлі де болса қордаланған мәселелер шешімін таппай келеді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Ономастика саласындағы өзекті мәселелер» атты ғылыми-практикалық конференцияда осы жағдайлар қаралды.

Жиынға облыстық және қалалық, аудандық ономастика комиссияларының төрағалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және ғалымдар қатысып отырды.

Басқарма басшысы Балқия Көмекбаеваның айтуынша, салада қыруар жұмыс атқарылғанымен, шешімін күткен өзекті мәселелер баршылық. Мәселен, облыстағы 879 елді мекеннің 93-не адамның аты берілген.

Алайда олардың арасында кейбір есімдер 2-3 тен қайталанса, енді біреулері елге еңбегі сіңбеген тұлғалар. Ал 9929 көшенің сиқы да дәл осындай. Ең сорақысы, кейбір көшелердің атауларына тірі жүрген адамдардың есімі қойылыпты.

Баяндама оқыған Б. Көмекбаева алдағы уақытта мәселенің мән-жайын жіті зерделенетініне уәде берді. Жиында сондай-ақ, іргелі оқу орындарының ғалымдары мен ономастика саласының мамандары дәріс оқыды.