Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жылдың ішінде жаңа босанған 13 келіншек бақилық болған. Былтыр жыл бойына оңтүстікте ауруханада көз жұмған аналардың саны осынша еді. Жуырда Ордабасы ауданы Темірлан ауылында тағы бір әйел қаза болды. Марқұмның туыстары бұл жағдайдағы жауапкершілікті дәрігерлерге артып отыр.
Тағдырдың тауқыметімен жалғыз басты әке атанған Әлімбай Сұлтанмұрат жаңа туылған баласын құндақтауды үйреніп те қалыпты. Былтыр ғана шаңырақ көтерген Әлімбайдың шаттығы ұзаққа созылмады. Жұбайы Айжамал Ізбасарова дүниеге сәби әкелісімен бақилық болған. Келіншегі перзентханаға жеткізілгенде отағасы іссапарда жүрген екен.
Әлімбай Сұлтанмұрат, Темірлан ауылының тұрғыны: «Жарым маған звондайды: «Әлімбай, мені толғақ шақыратын егу салып туғызып алуға рұқсат алып қойды. Туғызып аламыз дейді».
Марқұм болған келіншектің туыстары «толғағы піспеген келіншекті қинап қойды» деп дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, Айжамалдың ай-күні әлі келе қоймаған екен. Бастапқыда «келіншектің жағдайы жақсы», деген дәрігерлер жарты сағаттың ішінде шала бүлініпті.
Нәсиба Ізбасарова, марқұм болған келіншектің жеңгесі: «Мені ішке кіргізбеді, кірем деп ем. Сөйтіп, асығыш іштен дәрігерлер шықты да «кесір тілігін жасаймыз, операцияға аламыз, алмасақ болмайды» деп, қол қойдырып алды. Ештеңені де оқытпады. Оның алдында дәрігерлер «жақсы жағдайы. Өзі босанады» деп айтқан болатын. Жарты сағат, бір сағаттың ішінде осындай болды».
Дәрігерлер бұл операцяны жасауға мәжбүр болғанын айтады. Өйткені босанғаннан кейін жас анадан қан кеткен.
Болатхан Сағымбеков, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Босанғаннан кейін, 15-20 минуттың көлемінде науқастың жыныс жолынан қатты қан кету байқалды. Басқа жолдардың ешқандай көмегі болмағаннан кейін, оны ота жасау керек болды деп шешілген».
Әзірге белгілісі — операция кезінде дәрігерлер жаңа босанған ананың жатырын алып тастапты. Ана өлімін тексеріп жатқан медициналық қызмет сапасын бақылау басқармасында бұл жағдай жөнінде әзірге ешқандай қосымша мәлімет бермей отыр. Бір анығы жас анаға жасалынған ота кезінде дәрігерлер тарапынан кемшіліктер жіберілген.
Ана өліміне себеп болған сол кемшіліктер қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма жоқ па, оны арнайы тексеру қорытындысын қолға алған соң прокуратура шешетін болады.