1941 жылдың 22-маусымы, таңғы сағат төрт. Бұл күні талай шаңырақты от шарпып, миллиондаған адамның өмірін жалмаған адамзат тарихындағы ең сойқан соғыс басталды. Фашистік Германия Кеңес Одағына басып кірді. Ұлы Отан Соғысы деген атпен тарих дәптерінің парағына қанды әріптермен таңбаланған зұлмат қантөгістің алапатынан қазақстандықтар да шет қалмады. Соғыс жылдары Кеңес Одағының өзі 27 млн. боздағын жоғалтты. Осыдан 71 жыл бұрын Қазақстанның өзінен майданға 1 млн. 196 мың 164 қаракөз қазақ баласы аттанды.

Бүгінде 90-ның төріне шыққан Айтжан ақсақал қырғын уақыттың бел ортасына 19 жаста аттанып, аман қайтқан ардагердің бірі. Соғыс басталды деген суық хабар ел арасына тарағанда, жаман сөзден бүкіл елдің дүрліккенін айтады.

Айтжан БЕКНАЗАРОВ, ҰОС ардагері: «1941 жылы 22 маусым күні суық хабар туралы радиодан естідік. Мен бір ауылға шығып кеткен едім. Қалаға Шымкентке келсем, радиодан күндізгі сағат 12-де естідік соғыс басталды деп. Әрине, бұл өте ауыр жағдай еді. Бала болсақ те сеземіз ғой ол кезде. Өйткені, фашистік Германия жарияламай ашты ғой соғысты. Ұрыстың алдындағы кезең СССР үшін өте қолайсыз кезең болатын. Олай дейтінім, СССР соғысқа дайын емес еді. Қаруы нашар еді».

Сұрапыл жылдар басталғанда Айтжан Бекназаровтың аты-жөні аудандағы әскери комиссариаттан табылған жоқ. Ары-бері іздеген жас жігіт Отанын қорғауда шет қалғысы келмеген еді. Майданға бармай-ақ қой деген әке өтініші балаң бозбаланың ұлтжандылық қасиетін қамшылап, намысы құрғыр жібермеді. Сөйтіп, қайта-қайта комиссариатқа барып жүріп ұрыс даласына 41-дің 11 желтоқсаны күні Тараз қаласындағы №105 қазақ ұлттық атты әскер дивизиясына аттанды. Талай боздақ қыршын кеткен күресте кейіпкеріміз байланысшы міндетінде болды. Украина, Австрия, Югославия, Болгария, Румыния, Молдавия және Венгрия елдерін неміс фашистерінен азат етті ол. Отаны үшін кеудесін оққа төсеген баһадүрді қаңғыған оқтан періштесі қақты. Омыраудағы төсбелгілер Отан үшін болған ұрыста жасаған әрбір ерліктің куәсі іспетті.

Айтжан БЕКНАЗАРОВ, ҰОС ардагері: «Бірінші рет соғысқа кірген кезімізде, намаздыгер кезінде қазақ баласы окоптан басын көтеріп қалды да, басына оқ сарт тиіп, сол сәтте қайтыс болды. Соғысқа бұрын бармаған, тәжірибесі де жоқ, оның үстіне балалық жағы да бар мен үшін өте ауыр болды. Мен ол жігіттің қасына жүгіріп барғаным сол еді, командир маған «Жат! Жат!» деп бұйрық беріп айқайлады. Мен де енді окопқа жасырына беріп едім, басымды дұрыстап жасырмаппын. Мені де атты. Бірақ, Құдайдың құдыреті, маған бағытталған оқ маған емес қасымда жатқан темір құтыға тиді. Сол кезде бұғып қалдым да, аман қалдым. Ойбоой, одан кейін адам мәйітінің неше түріне куі болдық қой. Сонда өлген солдатарды жерлейтінбіз. Бірақ жерлеу деген аты ғана. Жерді сәл ғана шұқып қазамыз да, көме саламыз».

Бұл күні Айтжан атай сұм жылдарды тек естелік суреттер арқылы ғана еске алады. Немересі Нұртас атасының жасаған ерліктерін бала күнінен естіп, санаға сіңіріп өскен. Бозбала Айтжан атасына осы бейбіт күнде өмір сүріп жатқаны үшін қарыздар екенін әлдеқашан түсінген.

Нұртас БЕКНАЗАРОВ, немересі: «Иә, атам стол басында әр тамақтанған кезімізде бізге соғыста жасаған іс-әрекеттерін үнемі айтып отырады. Түрлі әңгімелерді бала күнімнен естіп өскен мен ержеткен шағымда мен де соғысқа барамын дейтінмін. Атам сонда маған «Тәйт әрі, соғыс деген жаман» дейтін. Құдайға шүкір, міне ер жеттім. Жасым 18-де. Атамның майданға аттанған кезіндегі жасындамын. Әрине, қазір сол кезде атамның не айтпақ болғанын жақсы түсінем. Атам секілді Отаны үшін кеудесін оққа төсеген ардагер аталарымызға осы күніміз үшін рахмет айтамын».

90-дағы қарт атамыз әлі де тың. Реңі жас. Қуатты. Қарттықтың қиқар дертіне ұшырамаудың үлкен құпиясын атай күнделікті жасайтын дене шынықтыруда деп біледі. Сондықтан салауатты өмір салтын кейіпкеріміз немерелері ұстанбаса қамшылап алуға да бар.

Қалай десек те Талай боздақты қанға бөктірген қырық бірдің зұлматы елді есеңгіретті. Кеңес Одағының апшысын қуырған неміс фашистерінің зұлымдығы бауырлас мемлекеттердің мүддесін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырды. Бүгінде қатары уақыт өткен сайын сиреп бара жатқан қарт майдангерлер есінде бұл қанды жылдардың мәңгілікке сақталары сөзсіз. Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен зұлматтың бетін бері қайтарып, ордалы жыланның ұясын ортасына түсірген ерлер елдің егемендігін сақтап қалды. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Лайым, елі үшін отқа түсер ерлеріміз аман болсын деп тілейік!!!

«Отырар» телеарнасы бүгінгі атаулы күнге өзінің телевизиялық бағдарламасын да ұсынып отыр. Жіберіп алмаңыз. Яғни, бүгін сағат 17.00-де «Шымкенттен Берлинге дейін» атты өзіміздің жерлестеріміздің бағдарламасын көре аласыздар. Мұнан соң соғыс естеліктері мен күн санап азайып бара жатқан ардагерлеріміздің қазіргі ахуалы туралы да біле аласыздар. Кешке қарай, сағат 23.20-да «Мы из будущего» («Біз болашақтанбыз») фильмін тамашалай аласыздар.