Салғырттық сан соқтырып, қайта әбігерге салды. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жыл бұрын пайдалануға берілген №24 мектеп ғимаратын мердігерлер тағы да жөндеуге кірісті. Өйткені, олар құрылыс барысында көптеген кемшіліктер жіберген. Шымкент қаласы 15-ші шағынауданында орналасқан 1200 орындық зәулім мектепті алматылық құрылыс компаниясы «Реалстрой» ЖШС-і салған.
Бас мердігердің жөндеу жұмыстарын қайта жүргізуіне себеп болған сапасыз жұмыс нәтижесінде түзілген ақаулы актісі. Жаңаланған мектепке жылдың басында тағайындалған басшы ғимараттардағы кемшіліктерді құжаттармен негіздеп, ол жөнінде билікті де, НұрОтандықтарды да хабардар еткен. Сөйтіп, аты республикаға шыққан 24-ші мектептегі ақауларды түзетуге құрылысшылар мәжбүр болды. Мектептегі ең өзекті мәселе — жылу жүйесін жаңарту болып тұр.
Бауыржан Есбалаев, «РеалСтрой ҚК » ЖШС-нің өкілі: «Құрылыс жалпы сапалы жүргізілген. Алайда қосалқы мердігер жылу жүйесін жүргізгенде кемшіліктер жіберген. Біз «3-Энергоорталық» АҚ мен қосалқы мердігер мамандарын шақырдық. бірігіп жүйені тексеріп, қандай жұмыстар атқарылатынын анықтаймыз. 15-ші маусымда жылу жүйесін жөндеу жұмысы басталады».
Маусымның басында жөндеу жұмыстарына кіріскен мердігерлер алдымен ақауларды реттеуде. Блоктардың жігі ажыраған жерлер мен сылағы түскен қабырғаларды құрылысшылар қайта қалпына келтіруге кірісіпті. Асхананың төбесіндегі жарамсыз болған материалдар толығымен алмастырылмақ. Жертөледе де қайта бетондау жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың жермен түйіскен жері де еңіспен бетондалады дейді жұмысшылар.
Бауыржан Есбалаев: «Ғимараттың негізі берік қаланған. 1 мың 200 тонна арматура кетті. Ал блок қабырғаларының түйіскен жері ажырағаны рұқсат етіледі. Өйткені ол температуралық тігіс. Олардың барлығын реттедік, соңында сылақ сүріп, әрлейміз».
Әлеуметтік маңызы зор нысандағы ақауларды компания өз есебінен жөндейді. Себебі «Реалстрой» ЖШС-нің кепілдемесі биыл қыркүйекте аяқталады. Осы мерзімді толық пайдалану мақсатында құрылыстың барысын бақылауды қалалық құрылыс бөлімі емес, мектеп басшылығы өз міндетіне алған.
Ұлжалғас Есім, С.Ерубаев атындағы №24 жалпы орта мектептің директоры: «Балалардың қауіпсіздігі үшін әр қабаттағы әйнек жиынтығы қаптауларды басқа материалға алмастыруын өтінудеміз. Жобалаушылар неге осыны ескермеген. Балалар жүріп, бір-бірін абайсызда итерсе, не болмақ. Баланың амандығы бірінші орында болуы керек. Сондықтан да жобалық-сметалық құжаты қайта қарастырылса».
Мектеп ұжымы бас мердігердің жұмысын мемлекеттік комиссия қабылдасын деген талап қоюда. Қомақты қаржының мақсатты жұмсалуын енді облыстық құрылыс басқармасы мен облыс әкімдігі қадағаласа, істің нәтижесі болар дейді ұстаздар жағы.