Таяуда облыстық Тәртіптік кеңес кезекті рет бас қосты. Оған Сарығаш ауданындағы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік ісі себеп болған. Қолданыстағы заңдарды өзге түгілі өздері жетік білмеген лауазым иелері жаза алғаны алды.
2011 жылдың шілдесінен бері Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Зайырбек Мәліковтің үстінен тәртіптік іс қозғалған. Мемлекет қызметіне дейін прораб және емхана менеджері болып істеген оның 11 жылдық жұмысы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне жатқызылған. Сондай-ақ, қарамағындағы бас маман жазаға тартылған, алайда ол жөнінде ескертілмеген. Заңбұзушылыққа жол берген басшы өз кінәсін мойындауда.
Зайырбек Мәліков Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы: «Ия, қателік жібергенімді мойындаймын. Алдағы уақытта ондай олқылықтарды жібермеуге тырысамын».
Кеңес мүшелері әкімдерді тағайындағанда неліктен олардың мемлекеттік қызметте жұмыс істемегені ескерілмейді? Жөн-жосықсыз тағайындаулар қашан азаяды деген сауалдарын да жеткізді.
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ, Тәртіптік кеңес мүшесі, ОҚО кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы: » Неге ауыл әкімдерін «обкаткадан» өткізбейді , мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ азаматты алады да тағайындай салады. Сосын барып осындай заң бұзушылықтарға жол беріледі».
Құдайберген Ержан, Тәртіптік кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың хатшысы: » Ауыл әкімдерін халық жергілікті жерлердегі билік деп біледі. Ал ол кісілердің өз қызметінде заңбұзушылықтарға жол берсе.Онда мұндай сауатсыз басшылар атқарушы органның беделін түсірмейді ме?»
Мәліков мырзаға ескерту берілді. Ал осы аудандағы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Өмірәлі Пазылов жалпы бөлімнің жұмысын назардан тыс қалдырған, аппарат қызметкерлеріне сыйлық беру туралы өкімі тиісті ұсыныссыз қабылданған.
Өмірәлі ПАЗЫЛОВ, Сарыағаш ауданы Қызылжар ауылдық округінің әкімі: «Қызметімде жіберілген қателіктерді алдағы уақытта болдырмауға уәде беремін».
Өмірәлі Пазылов сөгіс алса, туысқанын автокөлік жүргізушісі қызметіне алған Алпамыс ауылдық округінің әкімі Мамай Балышевтың өз қызметіне лайықтылығын анықтау аудан әкіміне тапсырылды. Сөйтіп, сарыағаштық ауылдық округітерінің әкімдері тиісті жазаларын алып, ауылдарына қайтты.