Жазғы мезгілде теміржол қызметіне жүгінетін жолаушылардың қатары артады. Пойыздардың бағытында не өзгеріс бар? Жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге сала мамандары дайын ба? Жолаушыларға вокзалдарда қаншалықты жағдай жасалған? Осы сұрақтарға жауап іздедік. Шымкент теміржол вокзалы жақында ғана күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың қасбеті алыстан көз тартады. Алайда, бірінші қабатқа кіре берісте-ақ ұсақ сауда жасаушыларды кезіктіресің. Кассаның алдында бұрынғыдай ұзын сонар кезек жоқ, алайда аптап ыстықта тұрудың өзі қиын дейді жолаушылар.
Жолаушы: «Алматы-Астанадағы» вокзалдарымен салыстыру мүмкін емес, күту залында жағдай жасалмаған, желдеткіш орнатылмаған ыстық. Әсіресе жас балалары бар және егде азаматтарға қиын».
Вокзалдың екінші қабатындағы «Ана мен бала бөлмесі» жабық тұр. Биыл жаңаланған ғимараттағы бұл бөлме депутаттар ашқан күннен бері пайдалануға берілмеген сыңайлы. Медициналық бекеттің де жағдайы осындай. Тағы бір өзекті мәселелердің бірі барлық бағыттарға билеттердің тапшылығы. Кассада жоқ билеттер алып сатарлардың қолында жүр.
Жолаушы: » Төменде алыпсатарлар билеттерді сатуда. Олар осы кассаларда алмаса, қай жерден алады».
Алыпсатарлармен күресудің бірден бір жолы — билетті терминал арқылы сатып алу. Көп жолаушылар кассаға үйренген. Өйткені сауалдарын қойып, жауабын да алғысы келеді. Ал терминал оған көнікпейді. Десек те, пойыз бағытқа шығар алдын әр вагонның алдында сізге керекті жол билеті бар азаматтар тұрады. Олар терминалмен де алдын -ала тіл табысып ала ма ? деп таңданасың…
Вокзал ғимараты әзірге облыс әкімдігінің балансында. Алдағы шілде айында нысан толығымен «Қазақстан теміржолы» АҚ меншігіне өтеді деп жсопарлануда. Солай болса, вокзалдағы жағдай дұрысталады деген үміт те жоқ емес.