Таңсәріден қаламыздағы бірнеше жоғары оқу орындарының алды алдында мыңдаған түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздарға толды.  Он бірінші сынып оқушыларының қолында жеке куәлігі мен суреті жапсырылған кіруге атналған билет, қара қаламсап пен қарындаш бар. Сонымен қатар түлектерге өзімен бірге су мен шоколад алуға рұқсат етілген. Тес тапсыру ұйымдастырылған М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нде  1000-нан аса оқушы тест тапсыруда. 11 жыл бойы жиған білімін абыроймен ақтап шығатын сәтте түлектерөте абыржулы.

ОҚМУ-нің бас ғимаратының 51-ші мектептің бітірушісі Меруерт те толқып тұрғанын жасырмады. Аудитория бойынша кезек келгенше сыртта тұрғанда қобалжу басым болады екен дейді ол.

Білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер сынақ тапсырушыларға тексеруді қатаңдатыпты. Жастарды басынан бақайшағына дейін арнайы құрылғымен шолып өткен олар түлектерді тінту барысында алдын ала дайындалған парақшаларды тапты. Мемлекеттік сынаққа екінің бірі осындай көмекші құралмен келіпті.

«Биылғы жылы ұлттық біріңғай тестті тапсыруда айтарлықтай өзгешелік бола қойған жоқ. Төрт негізгі тапсыратын пән (Қазақстан тарихы, математика, қазақ немесе орыс тілінен және оқу тіліндегі пән) және таңдаған мамандық бойынша сынақ тапсырады. ОҚО бойынша биыл 39 645 түлек тест тапсырады»,- деді  Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы  Альбина Елшиева.

Биылғы өзгешелік, Ұлттық университеттерге түсетін түлектер 70 балдан кем жинамауы керек. Медициналық оқу орындарына -65 бал, ал өзге институттарда білім алғысы келетіндер үшін ең төменгі көрсеткіш 60 бал болуы шарт.

Погондылар бұл жолы орталыққа кірген жоқ. Тек сыртқы тәртіпті бақылап жүрді. Ал аудиторияларда телефон байланысын өшіретін арнайы құрылғылар орнатылыпты. Комиссия мүшелері бақылау бейнекамералары арқылы әр аудиториядағы жағдайды бақылайды. Оны сырттағы ата-аналар да көре алады. Ұл-қызы үшін уайымдап тұрған қалың қауымның назарына 3 монитор орнатылған.

Енді тест тапсырған түлектер нәтижені кешкі алтыдан соң білетін болады. Айта кету керек, бүгін тек 19 қала мектептері ғана сынақ тапсырды. Ал қалғаны 3-ші маусымда білім бәсекесіне түседі. Аудандағы шәкірттер ертеңнен бастап емтиханға қатысатын болады.