Мұндай жаңалықты қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары айтып отыр. Сөздеріне сенсек, бүгінге дейін 10-нан аса гүлбақтың үлгісі дайындалып үлгеріліпті. Осылайша, Шымшаһарды жасыл желекке айналдырып, шырайын келтіреміз дейді сәулетшілер. Жалпы жоспарда «Бадам», «Қошқарата», «Қарасу» өзендерінің бойы да бар. Әгәр-әки жергілікті әкімдіктен қаржы бөлініп, жоспар іске асар болса, сөз етіп отырған аймақтарды жақында мүлдем танымай қалады екенбіз. Себебі, ол маңның бәрін бұдан былай гүл бақтары көмкереді.
Алмас БӨБЕЕВ, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі: «Мұнан бөлек, қаладағы орталық стадионның аумағын абаттандыру жұмыстары үшін де эскиздік жобалар дайындалып жатыр. Оның қазір тиісті сметалық құжаттамалары әзірленуде. Стадионның аумағы 10 га. Соған сәйкес, ол жерді спрот қалашығы етпекшіміз. Әрине, алаңның айналасын түрлі-түсті гүлзар да қоршайтын болады».
Негізінен Шымқаладағы саябақтар мен гүлбақтарының көпшілігі жекенің құзырында. Мәселен, «Шымкент» қонақ үйінің маңындағы темір қоралармен қоршалған жер бір кездері әжептеуір саябақ болғаны көпшіліктің есінде шығар. Қазір онда бұрынғыдай субұрқақтар атқылап, жұрт қыдырмайды. Қоршаудағы нысанда күл-толып, көп зат қаңтарылып жатыр. Бұл туралы сайтымызға қонақ болған оқырмандарымыз да, ішкі жанайқайынан туған наразылық шағымын жазған еді.
Патша көңілді оқырманымыздың бірі былай депті бір пікірінде: «Нысанды күл-қоқыстан тазартамыз деген желеумен гүлзардың айналасын тас қамалдай етіп бекітіп тастады. Бірақ одан гүл-гүл жайнаған мекенді көрмедік. Керісінше, қоқыс тастайтын ордаға айналып барады күн санап. Бұл не деген сұмдық?! Қаланың орталығындағы ахуал осы болса, басқа жерлер туралы жақ ашудың өзі мұң шығар».
Бұл пікірді қолдаған келесі бір оқырманымыз «қоқыс орталығы» деп жұмсақ айтылғанын жазыпты. Бойын ашу кернеген азамат сөз етіп отырған нысандарды жуындыға теңеген. Иә, иә, кәдуілгі тамақтың қалдығын салатын қалдықты айтып отыр. Ызаға булыққан оқырмандарымыз халық болып тұтынатын ортақ жерлердің ашықтан-ашық сатылып жатқанын айтып, зар илейді. Олар бұл ретте, «қолынан келіп, қонышынан басып» жатқандарға «Саябақтар мен гүлзарларды мемлекетке қайтарыңдар! Бұл Приездентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі» дегенге дейін айтып отыр.
Сатылым демекші, гүлбағы Шымкент қонақүйінің меншігі болып шықты. Бас директордың сөзінше, бұл аумақ осыдан 16 жыл бұрын аукцион арқылы сатылып кеткен екен. Енді алдағы үш жылда мұнда сауықтыру кешені салынуы тиіс. Бұл жер телімін қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер орталықтағы көзге сонадайдан көрінетін мекен болғандықтан, әрі шаһардың сәнін келтіру үшін сол 16 жылдан бері бірнеше рет мемлекет меншігіне алмақ болып, сотқа да беріп көрген. Алайда, барлық сот отырысында сот үкімі жеке кәсіпкердің пайдасына шешілген.
Айтпақшы, облыстық драма театры мен «Қиял әлемі» саябағының маңынан өте қалсаңыз, темір қабырғалармен қоршалған жабық нысанды байқайсыз. Бұл жердің нендей мақсатта қоршалғанына қызықсаңыз айтайық. Болашақта онда жастар орталығын салатын болып шешіпті шаһардағы сәулетшілер. Яғни, шомылу хауызы мен клуб секілді жастарға қажеттінің бәрін мұндағы меншік иесі де жоспарлап қойыпты.
Ал Шымкенттегі ескі саябақтар қандай күй кешеді десеңіз, олар да қарап қалмайтын түрі бар. Мемлекеттік талаптарға сай келмейтін тұстарын жыл санап өзгертіп, демалушыларға қолайлы етуді бұрыннан-ақ, ойластырып қойған біздікілер. Мәселен, шаһардағы «Орталық саябақтың» өзгеретін біршама тұстары баршылық екен. Яғни, саябаққа Қазыбек би көшесі жағынан кіретін бөлік алдағы уақытта басқаша өңге енуі тиіс. Әрі ол маңның бәрін гүлзарға айналдыру жоспарда бар. Сәулет және қала құрылысы бөліміндегідер, егер жобаларға қызығушылық танытып жатқан жекеменшік серіктестіктер болса, қалалық сессия бөлуі тиіс қаржыға қарайын деп отырған жоқ екен. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында аталған жобаларды ретке келтірер болса, жергілікті қазынаға алақан жаймақ емес.