Асыққанда, кез-келген тоқтаған көлікке отыратынымыз жасырын емес. Өзіміздің қауіпсіздігімізді тек бір жағдай орын алғанда ғана ойлайтынымыз тағы бар. Жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке меншік таскилерге қатысты көптеген жәйттер орын алып жатыр. Дегенмен, көпшілік олардың қызметіне жүгінеді. 90-жылдары жұмыссыздық белең алған тұста жеке таксилердің қатары көбейді. Қазір де азайып отырған жоқ.

Көлік жүргізушісі: «Мамандығым инженер-химик. Жақында жұмыссыз қалдым. Ота жасатқан едім, енді ауыр жұмыс істей алмаймын. 2-3 сағатқа шығып, жолаушылар тасымалдаймын».

Жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын азаматтардың бірі біздің кейіпкеріміз. Жұмысы бар, алайда бұл қосымша табыс көзі. Ол өзінің тасымалдау ісін заңдастырған.

Такси жүргізушісі: «Маған проблема қажет емес, мен заңды сыйлайтын азаматпын. Сондықтан да салық басқармасында тіркеліп, міндетті төлемдерді мерзімінде төлеп тұрамын. Жылына 24 мың төлеймін. Жолаушы сақтандырылған».

Салық басқармасындағылар патент алудың қиын еместігін алға тартуда. Ол үшін небәрі екі сурет, көлік жүргізушісі куәлігінің көшірмесі және мемлекеттік тіркеу үшін 3 236 теңге төлесе болғаны. Желеу тауып,заңды тіркеуден қашатын азаматтардың әрекеті алысқа бармайды.

Мұрат Тоғызбаев, Еңбекші ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары: «Мысал ретінде Созаққа баратын таксилерді алайық. Салонында 10 орын. Жол күресі 800 теңге. Бір жаққа барғанда көлік жүргізушісі 8 мың теңге табады. Оның 2 мыңы жанар майға, шығындарына кетсін. Жалпы 6 мыңнан салық төлейді».

Жолаушылар тасымалын ретке келтіру мақсатында Қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қаладағы 30 таксомоторлы компаниялармен келісім шарт түзген. Ондағы басты талаптардың бірі- жолаушылар қауіпсіздігін сақтау.

Әбдіқаппар Айдүйсенов, Шымкент қ.тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары: «Осы 30 серіктестікте меншікті және жалдалмалы көліктер бар. Бағытқа шыққанда көліктер техникалық , ал жүргізуші медициналық тексеруден міндетті түрде өткізілуі тиіс. Жылдың соңына дейін жолаушы тасымалымен айналысатын таксистер өз кәсібін заңдастырса, қазынаға әжептеуір қаржы түсер еді».

Мұрат Тоғызбаев, Еңбекші ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары: «Шымкенттен 4 бағытта шығатын таксилерді алсақ. Бюджетке 115 мың теңге айына түседі екен. Бұл аз қаржы емес, екі мұғалімнің жалақысы».

Егер таксомоторлы компаниялардың қызмет көрсету сапасы жоғары және бағасы қол жетімді болса, адамдардың өздері де сол серіктестіктерді таңдайды. Алайда, такси жүргізушілері жолаушылар тасымалынан көп табысқа кенелу мүмкін емес дейді. Тұрақты жұмысы жоқ азаматтар, бұл уақытша нәпақа табу жолы дегенді айтады.